Облыс әкімі Нариман Төреғалиев «WEST OIL» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында қаланың коммуналдық инфрақұрылымын цифрландыруға бағытталған үш маңызды жоба таныстырылды. Негізгі ұсыныстар — кәріз сорғы және су айдау станцияларын автоматтандыру, сондай-ақ жылу электр орталығы мен жылу пункттерінің жұмысын заманауи бақылау жүйелеріне көшіру.

Бұл жобаларды енгізу арқылы энергия мен жылу шығынын 20%-ға дейін үнемдеу көзделіп отыр. Барлық нысандар біртұтас диспетчерлік орталыққа біріктіріліп, мамандар онлайн режимде тәулік бойы мониторинг жүргізе алады. Мұндай цифрлық шешімдер кез келген ақауды жедел анықтап, қаланы жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы ұсынылған технологиялардың өңірдегі инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту үшін маңыздылығын атап өтті.