6.02.2026, 10:30
Оқылды: 15

Композитормен кездесу

«Әкем – әнім» әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Әке деген қасиетті ұғымды әуенмен әлдилеп, жүрекке  жеткізген  бұл  шығарма  талайдың  жанын  тербеді. Алайда сол  әннің әуенін жазған композитордың өзіміздің  жерлесіміз екенін кейбірі  біле  бермеуі мүмкін.

DSC02187

Жуырда осы олқылықтың орнын толтырар тағылымды кездесу қаламыздағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінде өтті. Оқушылар мен ұстаздар Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, композиторлар одағының мүшесі, жерлесіміз Әділбек Сүлейменовпен жүздесіп, қазақ ән өнеріндегі әкеге арналған ең шынайы туындылардың қалай дүниеге келгеніне  куә  болды.

Кездесу барысында композитордың ел жүрегінен орын алған «Әкем – әнім», «Ауылдан хат», «Қоштасудың қиыны-ай» секілді бірқатар танымал әнінің шығу тарихы сөз болып, шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды.

Іс-шара басталар алдында сахна төріне жайғасқан «Атамұра» оркестрі қонақтарды Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыарқа» күйімен қарсы алып, кештің рухын асқақтатты. Кеш барысында көрермендермен интерактивті музыкалық ойын ұйымдастырылып, экраннан берілген әуендер арқылы әннің атауы мен ауторын табу ұсынылды. Көрермендер Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр», Құдайберген Қазыбековтің сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Әке арманы», сондай-ақ Дулат Құйқастың «Менің әкем – ең жақсы адам» әндерін бірге орындап, кештің мазмұнын аша түсті.

Көрермендерге композитордың өмір жолы кеңінен таныстырылды. Әділбек Сүлейменов 1955 жылы 27 ақпанда Казталов ауданының Бостандық ауылында дүниеге келген. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек сіңірген ұстаз Нәсекен ата, анасы – Қазина әже. Композитордың білім жолы, әскер қатарындағы қызметі, музыка факультетін тәмамдауы, Орал қаласындағы педагогикалық және мәдени-ағарту оқу орындарындағы ұстаздық қызметі, Сәкен мектебіндегі хор жетекшілігі, отбасы туралы деректер слайдтар арқылы көрермен  назарына  ұсынылды.

Зейнеткерлікке шықса да, өнерден қол үзбеген композитор бүгінде «Ардагер» клубы жанындағы «Асыл әже» вокалдық тобының шығармашылық жұмысына белсенді үлес қосып келеді. Оның мәдениет саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар марапатқа ие болғаны да атап өтілді. Кеш барысында композитордың тәрбиелік мәні зор «Қариялар» әні бойынша сахналанған көрініс қойылып, өнер мектебі оқушылары аталмыш шығарманы орындады.

– Мектепті бітірген кезімде де, әскер қатарында жүргенде де ән жазу ойыма келген емес. Себебі біз тұрған аудан шалғай еді, үлкен музыкалық оркестрлерді көріп өскен жоқпыз, ондай орта бізге бейтаныс болатын. Музыканың үлкен әлемімен алғаш рет Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың музыка факультетінде оқып жүргенде бетпе-бет келдім. Сол жылдары Алдаберген Мырзабеков пен Шамғон Қажығалиев сынды өнер алыптарының шығармаларын тыңдап, жүрегімде ән жазсам деген бір алау тұтанды. Сол аңсардың жетегінде туған алғашқы туындым «Бойжеткен махаббат» деп аталды, – деді Әділбек
Нәсекенұлы.

Кештің негізгі бөлімінде Әділбек Нәсекенұлы «Әкем – әнім» әнінің жазылу тарихын баяндап, 1985 жылы республикалық телефестивальдің қорытынды концертінде орындалған бейнежазба көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар аталмыш әнді алғаш орындап, елге кеңінен танытқан әнші Әлия Жұбашева сахнаға шақырылып, сол жылдардағы әсерлі естеліктерін бөлісті. Әншінің шығармашылық жолы мен бүгінгі өнердегі белсенділігі де атап  өтілді.

Тағылымды кеш соңында «Әкем – әнім» шығармасы көрермендермен бірге шырқалып, әкеге деген құрмет пен сағынышқа толы әсерлі нотамен түйінделді. Ұйымдастырушылар бұл кештің жас ұрпақ үшін рухани азық болып, туған өлкенің тірі тұлғаларын танып-білуге жол ашатынын  атап  өтті.

Ерке Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале