29.03.2017, 12:02
Оқылды: 54

«Конденсат» АҚ вакуумды газойль мен гудрон өнімдерін шығара бастады

metrolog Бұл туралы техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша аймақтық штаб отырысында айтылды.  


    Алғашқы кезекте сөз алған «Конденсат» АҚ бас технологы Руслан Аминов қатысушыларды зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Одан әрі бас технолог биылғы наурыз айынан бастап, кәсіпорынның вакуумды газойль мен гудрон өнімдерін шығара бастағанын және бұл өнімдерді өндіру жұмысының өте күрделі екенін айтты.

  -Еліміздің нормативтік базасында күні бүгінге дейін вакуумды газойль мен гудрон өнімдерін реттейтін  техникалық талаптар жоқ. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары Ресей Федерациясының осындай өнімдеріне арналған техникалық жағдайларын пайдалануда. Бұл қазақстандық кәсіпорындар үшін ыңғайсыз әрі тиімсіз. Өйткені мұндай техникалық талаптарды алып, пайдалану үшін ресейлік әріптестерден арнайы рұқсат алуымыз керек. Олардың техникалық жағдайлары» бойынша өзіміздің ұлттық стандартты жасақтап, оны 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік стандарт жөніндегі жоспарға енгізу керек, - деген Руслан Аминов  бұл жағдайдың тек өнімдерді дайындаушыларға ғана емес, сонымен қатар, аталмыш өнімдерді тұтынушылар үшін де тиімді болатынын жеткізді.

   Оның сөзінше, «Конденсат» АҚ вакуумдық газойль және гудрон секілді өнімдерін тек Қазақстан нарығында ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге де шығармақ. Ұлттық стандарт аталған жаңа өнімдерді тұтынушыларды тәртіпсіз жеткізушілерден қорғайтын болады.

          Бұдан кейін «Қазақстан стандарттау және  сертификаттау институты» РМК халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Аман Малғаждаров сөйлеп, стандарттаудың америкалық жүйесі жөнінде баяндады. Оның сөзінше, ANSI – бұл бірыңғай сауда және коммуникациялық стандарттарды жасақтайтын іскер орта мен өнеркәсіптік топтарды біріктіретін америкалық ұлттық стандарттар институты. Ал ASME - америкалық инженер -механиктерден құралған коммерциялық емес ұйым. Бұлар техникалық талаптар мен стандарттарды өндірістерге таратады. Және өндіріс орындарында агрегаттар мен механикалық құрылғыларды орналастырып, олармен жұмыс істеуге үйретеді.

         Елімізге америкалық стандарттау жүйесінің енгізілуіне осы жиынға қатысып отырған «Машзавод» машина жасау компаниялары консорциумының операторы - «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы қарсылық білдірді. Оның сөзінше, өнімдерді өндіруші елдің өзінің ұлттық стандарты болуы керек. Өйткені әр елдің өнімдерінің өзіндік ерекшелігі болады. Тәжірибелі маман осыған байланысты жұмысшы тобын құру керек деген пікірін жеткізді. Ол сондай-ақ елімізде халықаралық стандарттар бойынша  күкірт сутегісіне оқыту курсы ашылса және бұл курс Орал қаласында болса деген тілегін де білдірді.

    Жиында сөйлеген облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Гүлбақыт Наурызалина Кедендік Одақтың техникалық реттеулеріне қатысты «Сүт және сүт өнімдеріне қауіпсіздігі» жобасы бойынша өзгерістер енгізілгені жөнінде баяндады. Сондай-ақ, «Қазақстан стандарттау және  сертификаттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Айман Удишева стандарттау бойынша бірқатар құжаттарға өзгерістер енгізу қарастырылғанын айтып, соның ішінде «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі» жөніндегі Кедендік Одақтың техникалық реттеулерін сақтау мәселесіне тереңірек тоқталды.

   Жиынды қорытындылаған Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық  департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанақын Тығынбаев аумақтық штаб отырысында айтылған мәселелерді одан әрі талқылап, ұсыныс-пікірлерді тиісті орындарға жеткізуді тапсырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

   zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале