БҚО тарихи-өлкетану музейінде Наурыз мейрамы мен Ұлттық киім күніне арналған мерекелік шара өтті.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі халқымыздың сан ғасырлық мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға мол мүмкіндік береді. Осы орайда, 18 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде дәстүрге айналған «Музейдегі Наурыз» жобасы аясында «Көне мұра – халық қазынасы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Бұл шара Наурыз онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне орайластырылып, қазақтың төл мәдениетін, киім үлгілерін дәріптеуді көздеді. Шара барысында музей қызметкерлері мен қонақтар ұлттық нақыштағы киім киіп, қазақы дәстүрдің ажарын аша түсті.
Наурыз – жаңару мен жаңғыру мерекесі
Шара шымылдығы жүргізушілердің қонақтарға ізгі тілегін арнап, Наурыз мейрамының мән-маңызын айшықтауымен ашылды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық мұраны насихаттауда музейдің алатын орнына тоқталды.
«Мария ханым» сән үйі ұсынған ұлттық киімдер көрсетілімі шараның көркін келтірді. Киім үлгілері арқылы қонақтар қазақ халқының әшекей бұйымдары мен киім мәдениетінің ерекшеліктерімен танысты.
Музей – тарих пен мәдениеттің алтын қазынасы
Шара барысында 2024-2025 жылдардағы музей жұмыстарының қорытындысы жасалып, үздік қызметкерлер марапатталды. Бұл дәстүр музей қызметкерлерінің еңбегін бағалап, олардың ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін арттыруға бағытталған.
Мәселен, «Үздік музей – 2025» аталымымен С.Датұлы тарихи-өлкетану музейі марапатталса, «Үздік меңгеруші – 2025» аталымына Кәрім Өтеғұлов пен Асылжан Мырзабулатовалар лайық деп танылды. «Үздік экскурсовод – 2025» аталымы Айдана Ерланова мен Ақмарал Мұратоваға бұйырса, Әсия Жиенбаева «Үздік қор сақтаушы – 2025» аталымымен марапатталды.
«Үздік кассир – 2025» аталымына Мәдениет Джомартова мен Альбина Рембе лайықты болса, «Үздік зал қараушы – 2025» аталымы Зулфия Машанова мен Оразгүл Дербисоваға бұйырып, ал «Үздік жүргізуші – 2025» - Ғабит Сағинов атанды.
«Үздік күзетші – 2025» аталымымен Мәулен Сүндетов, «Үздік жұмысшы – 2025» аталымымен Нұрланбек Құспанов және «Үздік кіші қызметкер – 2025» аталымымен Ақырыс Беккалиева және Гүлмира Ажгуловалар марапатталды.
«Көне мұра – халық қазынасы» бейнеролик байқауы
Музейлер арасындағы «Көне мұра – халық қазынасы» атты бейнеролик байқауы да шараның маңызды бөлігі болды. Бұл байқау ата-бабаларымыздан мирас болған ұлттық жәдігерлерді насихаттауға бағытталған. Байқау қорытындысы бойынша Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі мен М.А. Шолохов мемориалдық музейі үшінші орынға ие болса, екінші орын В.И.Чапаев атындағы Ақжайық тарихи-өлкетану музейі мен Теректі тарихи-өлкетану музейіне бұйырды.
Д.Нұрпейсова атындағы өнер музейі мен Шыңғырлау тарихи-өлкетану музейі жүлделі бірінші орын иеленсе, бас жүлдені С.Датұлы тарихи-өлкетану музейі жеңіп алды.
Наурыздың сәнін кіргізген әсем әндер
Шара қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері өз өнерлерін ұсынды.
«Көне мұра – халық қазынасы» атты мерекелік шара музейдің мәдени-ағартушылық рөлін айқындап, ұлттық мұраларымызды насихаттауға үлкен үлес қосты. Бұл кеш өткен мен бүгінді сабақтастырып, болашақ ұрпаққа аманат болатын тарихи-танымдық жиын ретінде есте қалды.
Мирболат Ерсаев,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры