27.12.2019, 13:13
Оқылды: 99

Көнеден жеткен көп тиын...

Адамды алға сүйреуші күш - оның қызығушылығы. Біреулер ілім ізденіп, ғылымды қуса, енді біреулер дүние-байлықтың соңына түседі. Мамандыққа құштарлық бір адамдарды даңқтың биігіне шығарса, енді біреулер шығармашылық жолына ерік-күшін сарп етеді. Осындай жандар қатарында коллекция жинаушылар да бар.

WhatsApp Image 2019-08-26 at 15.04.28 (1)

Ертеректегі коллекция жинау фактілеріне көз салсақ, ол қазақы қалпымызға тән халықтық кәсіпке сай орын алған екен. Мысалы, ата-бабаларымыз бірыңғай мал түрінен жылқы болса – үйір, түйе болса – келе жинағаны белгілі. «Көк аланың үйірі», «Нарқоспақтың келесі» деген тіркестер осындай тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Кейінірек пошта маркілерін, түрлі ойыншықтар, фарфор-фаянстар, техникалар түрінен де коллекциялар жинау орын алды.

Шыңғырлаулық Нұрлан Қуанаев қызықты тиындар жинауды бала кезінен бастаған екен. Бұл қызығушылыққа ағасы Мырзаболаттың үйі, ауласының Шыңғырлаудың байырғы тұрғындары тұрған үйдің орнында орналасуы себеп болыпты. Аула іші мен сыртынан түрлі ескілікті заттар жиі табылып қалады екен, соларды жинай келе, бір ізге түсіріп, кәдімгідей коллекциялық топтама жасапты.

WhatsApp Image 2019-08-26 at 15.04.27

Нұрекең бала кезінде түрлі төсбелгілер (значок), сіріңке қорабындағы маркілерді көп жинағанын тілге тиек етеді. Түрлі ілгектер де жинап көріпті. Айтуынша, ертеректе Шыңғырлау ауылының төменгі жағында «Базарная» атты көше аумағында дүкен болыпты, сол дүкен маңында газет-жорнал сататын дүңгіршек те болған екен.

– Сол дүңгіршекке маркалы сіріңке көп түсетін, бағасы да қымбат, 6 тиын болушы еді, соны үздіксіз сатып алатынмын. Суреттері тартымды, көбіне спорт тақырыбында болатын, – деп баяндайды. Бүгінде сол естелік жәдігерлерді жоғалтып алғанына өкініш білдіреді. Бұл азамат аудандық музейге 14 дана ескі монета тапсырған. 1 тиыннан 5 тиынға дейінгі құндылықтағы монеталардың патша үкіметінің монеталар дворынан шығарылғаны көрініп тұр. Тиындардың барлығында екі басты самұрық құстың суреті бейнеленген.

WhatsApp Image 2019-08-26 at 15.04.29 (2)

Нұрлан Қуанаев бұл тиындарды берігіректе (2014-15 жылда-ры шамасында) Шоқтыбай ауылы маңындағы Қопа аймағынан тауып алғанын айтады. Ертеректе осы Қопада ауыл болған екен. Бүгінде бұл арада ауыл болғанын осындай аракідік табылып қалатын ескі заттар мен сол маңайдағы зираттар ғана білдіреді. Мына патша үкіметінің тиындары елді мекен тіршілігінің бір дәлелі. Кейіпкеріміз арнайы металл іздегіш құрылғымен іздестіретін болса, мұндай заттардың халық «Монашка» атап кеткен аймақтан да табылатынын айтады. Бір уақытта әйелдер монастыры болған бұл жерде кейін балалар үйі орын теуіпті. Сондықтан бұл маңның әр дәуірдің ізі қалған жәдігерлерден кенде болмасы анық.

Нұрланның ағасы Мырзаболат Қуанаев та көптеген ескі дүниелерді музейге жиі әкеліп тапсырып отырады екен. Бұл ел боламыз, ауылымыздың өткенін түгендейміз дейтін ізгі жандардың ісі, әрине!

Айтпақшы, Нұрлан Қуанаев осы жолы қос саусаққа бірдей киілетін үлкен жүзікті де ала келген екен. Бұл мүлікті де тауып алған. Музей сөресіне уақытша беретінін айтып, қалдырып кетті. Жүзік беті үлкен етіп жасалып, күміспен бедерленген. Көз орнына өрнек салыныпты. Негізі, жасы үлкен немесе лауазымды мәртебесі бар әйелдер таққан «Бәйбіше жүзікке» ұқсайды. Жүзіктің суретін де салмақпыз, қандай да бір ақпарат білсеңіз, нұр үстіне нұр болары сөзсіз! Сондай-ақ Нұрекең әкелген шәркей де өткен шақтан сыр шертер жәдігерлер қатарында. Мұны  ол бір досынан алған екен. Әлдеқалай бір кездескенінде досының үйінде екі шәркейдің тұрғанын көреді. Көне заттарға қызығушылығы мол жан тағы бір жолы арнайы қолқа сала барып, осы шәркейді алған екен. Шәркей өзен жағасында көп өсетін кәдімгі тал қабығынан тоқып істел-ген. Көнеден жеткен бұйым болса да өте жақсы сақталған. Ескі әдебеттер мен суреттерде мұндай аяқ киімдерді крепостной-шаруалардың, әсіресе, славян халықтарының кигенін білеміз. Өзі қолға түрпідей тигенімен, киерге төзімді болғанға ұқсайды. Нұрланның досында болған екіншісінің тіпті бауы да бар екен. Біздің музейімізде де әуелден біреуі бар болатын, енді көрмеге қояр шәркей саны екеу болды. Тарихи жәдігерлерді жинақтауға аса тиянақтылық қажет. Музей қорының толыға түсуіне, әрине, халық көмекші. Көнеден жеткен көп естеліктің көзден таса қалып, ақыры жоғалып кетпей, музей көрмесінде көпшілік назарына ұсынылғаны құба-құп. Жақсылық пен жанашырлықтың үлкені-кішісі болмайтыны секілді бізге әкелінген жәдігерлердің де үлкені-кішісі болмайды. Тарихи жәдігердің бәрі бағалы, себебі, түптеп келгенде олар біздің құнды тарихымыздың құраушы бөлігі.

Қаршыға Елемесов,

музей маманы

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале