31.10.2023, 17:15
Оқылды: 49

«Көңіл толқынын» тербеткен көрме

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында кескіндемеші Бауыржан Валиевтің «Көңіл толқыны» атты дербес көрмесі өтті.

көрме11

Көрменің ашылуында орталық директорының орынбасары Сәуия Темірова көрме иесін құттықтап, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің алғысхатын табыстады. Аталмыш көрмеге Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы БҚО филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев, облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектепинтернатының директоры Бауыржан Абдрахманов, өнердегі әріптесі, өмірдегі досы Сабыр Оразаев пен ағасы Бақытжан Валиевтер құрметті қонақтардың қатарынан табылып, жылы лебіздерін білдірді.

– Бауыржан ағамыздың суреттерінің әрқайсысында мағына бар. Туындыларына терең ой артады. Мысалы, «Қас пен көздің арасы» картинасында адам өмірінің қаншалықты тез өтіп кететінін, уақыттың жүйрік екенін аңғартады, – деді Қайыр Оразғалиев көрме иесінің туындыларына талдау жасап.

Кескіндемешінің сурет өнерімен қатар өлеңге де таласы бар екенін көпшілік біле бермейді. Қылқаламынан шаршаған кезде сөзбен сурет салуы – шығармашылық адамына тән қасиет.

Шара барысында көрме иесінің авторлық өлеңдері оқылды. Орталық өнерпаздары іс-шараны әнмен әрледі. Көрмені тамашалау үшін Каз­талов ауданындағы Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Төлеген Сүйінішқалиев және Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Мерхан Қажкенов арнайы келіп, ізгі тілектерін арнап, алғысхат табыс етті.

Көрме бір ай бойы көпшіліктің назарына ұсынылады.

Әнуар Аманжол,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале