23.11.2021, 9:10
Оқылды: 109

Көңілден өшер ме?!.

Түймесіз ақ көйлектей, ашылып-шашылып, жарқылдап, жайраңдап жүретін Темір достың бақи көшкеніне де 40 күн болып қалыпты...  Бейуақ жиі қоңыраулатып: "Кездесейік, отырайық" дейтін. Онысына ренжитінбіз. Кездесуге, арқа-жарқа отырысқа асыққаны - аты жүйрік ажалдың қуып жетіп қалғанын әлдебір түйсікпен сезді ме екен?! 

Мынау жарық дүниеде енді қайтіп көріспейміз-ау деуге дәтің бармайтын ақ еділ жан жайлы бүгінде тек естеліктердің шоғын үрлегеннен басқа амалың жоқ. "Ой, хой, дәурен!" өткен күндердің бедерінде Темірге қатысты мына бір мезеттер көңілден өшер ме?!.

Фото Рафхата Халелова (13)

Сексенінші жылдардың бас жағы болуы керек, редакторымыз Бақтыбай Далабаевтың қабылдау бөлмесіне бара қалдым. Диван тұрушы еді. Сол диванда нағашысының үйіне келіп жатқандай, бейтаныс, ақ манардай жігіт аяқтарын созып жіберіп, шалқайып отыр. Бас изеп сәлемнің ишарасын жасап үлгермедім, әлгі жігіт ұшып тұрып амандасты. Көмірдей қара шаштарын салалы саусақтарымен артқа қарай тарақтай береді. Редакторымыздың хатшысы Зоя Васильевна деген келісті де асқан биязы, өте мәдениетті келіншек. Жастары қарайлас қой, таныстыра кетейін деді ме, "Наш молодай корреспондент Кыстаубаев Есенжол"- дегені мені анау ақ манардай жігітке қарай икемдеп. Сол, сол-ақ екен, әлгі жігіт, "О-о, Қыстаубаев Есенжол сіз екенсіз ғой... Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын!" - деп тіпті қолды аяққа тұрмай кетті. Мен Темір Құсайыновпын деді, өзі адамды жатырқамайтын болып тұр ғой, үйіріліп алып барады. "Өткенде  студенттік құрылыс отряды жайлы жазған мақаламды сіз қарап жатыр дегенді естігенмін. Шықты ғой, тек, қысқартқанда да өкірткен екенсіз, нешауа, жақсы шықты. Рақмет! "- деді де рақаттана күлді. Әйтеуір, мәз-мейрам ("сіз, сіз" деп сызылғаны  біртүрлі күлкілі көрінді).

Айтып тұрғаны рас. Мен газеттің құрылыс және су шаруашылығы бөлімінде тілші едім. Сонау Казталовтан хатпен жолданған 12 бет  мақаланы қорытуды маған бекіткен еді. Мақала Казталовта құрылыс салып жатқан студенттік  отрядтың комиссар қызымен әңгімелесе отырып жазылған. Репортаж, сұхбат, мақала дейсіз бе, бәрінің элементтері араласып кеткен. Бірақ мақаладан сол  жылдардағы романтик жастардың, студенттердің алып-ұшқан өмірінің тыныс-лебі есіп тұрды. Комиссар қыз да әңгімешіл екен, Темкеңе біраз шешілген. Арасында армандарын да ақтарған. Одан түнгі алаудың (костёрдің) жанында отырып, әрмен қарай сырласады. Гитара тартып отырғандарға қосылып, ән де салып жібереді. Қойшы, әйтеуір, сөйте, сөйте рауандап атқан таңды бірге қарсы алады. Мына манардай жігіт соны айтып тұр. Өзі қыздың құшағынан  осы  жаңа ғана шығып келгендей жымың-жымың етеді. "Қысқарып кетсе де ризамын" - деп мені одан сайын жақын тарта түсті. Кейін қарым-қатынасымыз 40 жылға созылған Темірмен осылайша танысып едім. Сол мақалаға қатысты әңгімесін отырыстарда ылғи айтатын. 12 беттік мақаламды қысқартудай қысқартыпты. Бірақ сөлін қалдырыпты, жұп-жұмыр болып шығыпты - деп қолпаштап, асыра мақтауынан бір жаңылған жоқ. Жарықтық, біреуді  мақтаса, есінен тандырып, тәлтіректетіп жіберетін еді ғой...

*   *   *

1970-90-жылдарда республикалық «Социалистік Қазақсан» газетінің  біздің облыстағы меншікті тілшісі болып Боранғали Ырзабаев ағамыз қызмет істеді. "Орал өңірі" газетінің редакциясына жиі келіп тұрады. Өзі бәкене бойлы, бірақ даусы биік, сөйлегенде саңқылдап кететін. Кабинетіміздің есігін  құлаштай ашып, бері қарай кірмей, шалқая түсіп, көздерін сығырайта қарап тұрып: - Жазып жатырсыңдар ма? - дер еді, дәлізді басына көтеріп. Орнымыздан ұшып тұрып амандасқан біздер: - Жазып жатырмыз, - дер едік. - Жазыңдар, жазыңдар, - деген Борекең әңгіме осымен бітті дегендей, есікті арғы жағынан тарс еткізіп жаба салады. Біз дәлізге, соңынан тұра ұмтыламыз. Шылым шегетін жеріміз бар. Бәрімізге "Космос" сигаретін бір-бір талдан үлестіреді. Сосын біреуін өзі алады да, қақ ортасынан сындырып, ұшын жәшікке зытырады. Ағайдың темекіні осылай «қорлап» тартатын әдетіне ішіміз удай ашып біз тұрамыз... Осы келісінде де сол әдетінен мүлдем жаңылған жоқ. Көк түтінді әуелете жіберді де: - Әй, сендер осы, Темір деген жігітті білесіңдер ме? - дегені. Білгенде қандай... Мынау-ский жігіт. Борекең бізге жағалай сынай қарады. - Бір-екі рет көргенім болмаса, мынауский екенін білмеймін... Бірақ слишком обходительный жігіт-ау, өзі... Адаммен амандасуы бөлек. Әйбат! Сосын өтірік айтпайтын, адал, ақкөңіл ме деп қалдым, - деді ағамыз. - Жоқ, жоқ, өтірік айтпайды, бары сол, - деп біз қостаймыз.

????????????????????????????????????

- Өткенде облыстық аурухана жақтан келе жатсам, қарсы ұшырасты. Өзінің жүрісі солай ма, дедеңдеп ұшып келеді. Бірдеме болып қалды ма деп ойлап, "Әй, Темір, жайшылық па, жүрісің суыт қой?" - дедім. «Анау ауруханада әкемнің колхоз төрағасы болып істейтін ағасы жатыр еді... Соған бара жатырмын... Халін білейін деп... Сосын ақшам таусылып қалған, ақша сұрайын деп едім» дейді. Ойпырмай, ауырып жатқан кісінің жағдайын сұрай бара жатқаны дұрыс, енді... Бірақ ақша сұрайын дегені, оны маған жасырмай айтқаны, қызық көрінді, айтпаса да болады ғой, - деп ағай рақаттана күлді. Сол Борекең өзі зейнетке шығарында орнына меншікті тілшілікке Темірді қойғызып кетіп еді. Темір ағасының сенімін молынан ақтады. Меншікті тілшілікті үйіріп әкетті. Ал ұстазы қайтыс болғаннан кейін ол тұрған үйге талай табалдырықты аттап жүріп, мәрмәр тақта орнаттырды. Соңында қалған жеңгемізге жан-жақты көмектескені, ол енді бөлек әңгіме.

*   *   *

«Орал өңірі» газетінде Сағын деген бізден 3-4 жас үлкен әріптесіміз болатын. Суретші-ретушер болып істеді. Жолдастыққа жақсы, адал жігіт. Өзі етігінің өкшесі қисайғанша жүріп барып үйленді-ау. Соның тойына, ол кезде жаспыз, біріміз қалмай жүгірдік. Той болатын күні Сағынның ата-анасы тұратын, келін түсетін  Әйтиев ауылына жеттік.

Қалаға онша қашық емес, Әйтиевте  келін келеді деп, ұзын жолға қарай, қарай  көзімізді «созғалы» қашан... Сағын өзінің кешігіп үйленгеніндей, келетін уақытынан әбден кешігіп жатты. Қараудан, күтуден  біз де шаршадық. Бір кезде, жол тосуға жіберген кішкентай балалар жетті «Бір ағай келе жатыр», – деп танаулап. Шынында да, жалғыз жаяу құйын-перен беріп келеді. Шаңды боратып келеді. «Ойбай, мынау кім? Жолдың шетімен жүрмей ме, май топырақты сонша үйіріп... Машинадан да қатты келеді ғой" - деп көлеңкедегі шал-шауқандар мойындарын үзердей созып әлек. Бәтеңкелерін  бауынан байластырып, мойнына салақтатып іліп алған біреу боратып келеді. Шалбарының балағы тізесіне дейін түрулі. Жақындағанда ғана таныдық – Темір! Бәріміз-ді тапап өтердей жылдамдықпен келген Темір біздерге  бұрылмастан, шалдарға таялып барды да , "атының" басын  бір-ақ тартты. Тартты да қарияларға шетінен, бас-басына көтеріңкі дауыспен   "Асс-сса-лау-мағалейкүмді" аямай, қос-қолдап тұрып амандасқанын көрсеңіз. Шалдар аң-таң: «Бұл қай бала?» «Бұл -
КазГУ-дің журфагінің студенті, «Орал өңірінің» практиканты" деп біз таныстырып жатырмыз. «Пырактикант болса, пырактикант болар, бірақ маладес бала  екен. Амандасуы апат...» – деп қарттар мәз.

*   *   *

Осы жылдың 13 қазанында соңғы рет көріппіз Темірді... Оны қайдан білейік... Журналистердің оқта-текте болып тұратын арқа-жарқа отырысы еді.  Бір уақытта тамағын кенеп алып сөйлейтін әдетімен: - Жігіттер, - деп еді. - Үйге барғым келмейді... Сұп-суық... Біз  түсінбей қалып: - Әлі жылу берген жоқ па? - дегеніміз  есімде. - Жоқ, оны айтпаймын. Әйелі жоқ үйде жылу болмайды екен. Тамағыңды уақытында пісіріп, кір-қоңыңды жуып, шаңырағыңда сені күтіп отыратын  әйелің  болмағасын, үйде жылу болмайды екен, жігіттер. Тіпті кейде баруға бетіңнен басады екенсің... Осылай деп еді мұңайып. Қоңырша бақиға аттанған екі жылдан бері, жай-күйі болыңқырамай жүргенін сезуші едік. Сол арада, «Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» үйлену керек деп, жан-жақтан жарыса ақыл айтқанбыз. «Иә, өзім де солай ойлаймын, кейде...» - деген. Бірақ тағдыр оған жазбады... Үлгертпеді... Үлгерткенде, «Еділ мен Жайығын» шырқап, ортамызда әлі жүре беретін  еді ғой, шіркін?!.

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале