24.03.2023, 11:15
Оқылды: 18

Көңілді күпті етіп, жорғасынан жаңылдырды...

Қыс айларында облыс аумағына қардың аз түсуі, көктемнің ерте шығуы жердің топырағын ерте дегдітуде. Бұл жағдай диқандар қауымының көңілін күпті етіп, жорғасынан жаңылдырғандай күйге түсірген. Көктемнің ерте түсуі қосымша агротехникалық шараларды жүргізуді қажет етпек. Оның барлығы қалтаға «салмақ» салады. Әрі нарықтағы дәнді дақылдардың бағасы күрт төмендеп кеткені мәлім.

 Атамекен палатасы

Шаруалардың айтуына қарағанда, өңірдегі элеваторлар 3-класты жаздық бидайдың тоннасын 85 мың теңгеден, 5-класты дәнді 67 мың теңгеден қабылдауда. Былтыр мұндай ақ бидайдың тоннасы 120-160 мың теңгеден сатылды. Бағаның бұлайша төмендеуі егін шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдарды қарыз батпағына батырып, банкрот кепешін кигізеді. 2022 жылы күнбағыс дәнінің тоннасы 240-260 мың теңгеден болса, ағымдағы жылы ол 170 мың теңгеге дейін, 30-35%-ға құлдырап кеткен. Өткен жылы  мақсарының тоннасы 180-200 мың теңгеден сатылса, бүгінде баға 85 мың теңге шамасында. Еліміздің нарығындағы шаруаларға тиімсіз жағдайдың қалыптасуына Ресейден дәнді дақылдардың үсті-үстіне ағылуы «салқынын» тигізуде. Ресейдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері соғысқа байланысты экономикалық санкция зардабын тартуда. Сондықтан олар кәрі құрлыққа өнімдерін шығара алмай, пұшайман болып отыр. Қиын қалыптан шығу үшін Қазақстан арқылы жаңа нарықтарды игеруді бастаған. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі мәселелері бойынша комитетінің отырысына жиналған шаруашылық құрылымдарының өкілдері дәнді дақылдар бағасының одан әрі арзандауы ықтимал екенін алға тартты.

– Күнбағыс дақылын экспорттауға квота енгізіліп, әр тоннасына 100 еуро мемлекеттік баж салығы төленуі тиіс. Бүгінгі геосаяси жағдайға байланысты  өнімді өткізу ағынын ұлғайтудың орнына өнім өткізу нарығының жолдарын жауып тастағандаймыз.  Мемлекет өз еліміздегі күнбағыс майының, астықтың, нанның және басқаларының бағасы өспеуі үшін осындай қадамға барды. Мемлекет 100 еуро баж салығын енгізді, қош делік, енді шаруашылықтарды осы шамада субсидияласа дейміз.  Бидайға да субсидия төленгені дұрыс. Егістікке қажетті гербицид, тыңайтқыштарды сатып алуға кететін шығынды, лизингтік төлемдерді есептедік, бір тонна өнімнің өзіндік құны 140 мың теңге шамасында. Пайдаға кенелу үшін одан да жоғары бағада өткізуіміз керек. Былтыр майлы дақылдардан орташа өнім гектарына 8, дәнді дақылдардан 10 центнерден  жиналды. Биыл құрғақшылық болуы ықтимал. Егіннің түсімі төмендейтін болса,  онда бір тонна өнімнің өзіндік құны 140 мың емес, 280 мың теңгені құрауы мүмкін. Гребицидтерге, импорттық тұқымдарға берілетін субсидия аз, сатып алу бағасының 10-15%-ы шамасында беріледі. Бұдан 6-7 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысынан тұқым алып, ескі техникамен егін егетінбіз. Сонда бір гектардың өзіндік құны   18-20 мың теңге болды. Қазір ол 7 есе өсті, яғни 140 мың теңге.  Өйткені техниканы жаңалаудамыз, шетелдік жаңа технологиялы техниканы несиеге алудамыз. Бүгінгі күні 400 млн теңге несиеміз бар, оған пайыздарды қосыңыз,  –   деді Теректі ауданындағы «Шолан» шаруа қожалығының жетекшісі Ұлықпан Мұхамедияров. Бірқатар шаруашылық иелері «Бір жыл шыдасақ, көрші елге қатысты санкциялар алынып тасталар, соғыс аяқталса екен» деген ой-тілектерін жасырмады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің баяндауынша, өткен жылы елімізде 3 млн тонна майлы дақылдар жиналған. Бұл  2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25%-ға (2,4 млн тонна) артық. Облыста 145 мың тонна майлы дақыл жиналды, оның ішінде күнбағыс 56,4 мың тоннаны құрайды. Астық қабылдау кәсіпорындарында 23,6 мың  тонна (12,8%) күнбағыс дақылы сақтаулы тұр.  Бизнес өкілдері мен «Атамекен» ҰКП қатысуымен өткен ведомствоаралық комиссияда (ВАК) күнбағыс экспортына баж салығын белгілеу туралы шешім қабылданды. 2023 жылғы 4 ақпаннан бастап ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 20 қаңтардағы  бұйрығына сәйкес күнбағыс экспорты үшін тоннасына 20% немесе 100 еуро көлемінде баж салығы салынады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірге барлық өңірден күнбағыс тұқымының сатылымдағы қалдық шамасы туралы ақпарат жинады. Облыстағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ұсынған мәліметтері негізінде  бүгінде сатылымда 15,5 мың тонна күнбағыс бары анықталған. Осындай ақпарат  министрлікке жіберілді.

Басқосуда шаруашылық өкілдері Үкіметтің  жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселесін көтерді. «Ресейде өнім мол, өткізетін жер жоқ, біздің өңірге өткізуде. Элеваторлар-
ға жергілікті өндірісшілерге бағаны көтеруді тапсыруға болмай ма? Қазір кебектің тоннасы – 70 мың, бидайдың бағасы  – 85 мың теңге. Мұны реттеу керек деп есептеймін»,  – деді шаруагер Кейпін Төлегенов. Ал «Орал» несие серіктестігінің  жетекшісі Айбек Қажмұхамбетовтың айтуынша, өңірдегі күнбағыс дақылын өсіретін 47 шаруашылықтың басшысы биылғы жыл басында ел Президентіне күнбағысты өткізуге қатысты түйткілдерді баяндап хат жазған. Ол хат тиісті министрлік құзырына қарауға жіберілген.

«Мемлекет басшысы шаруаларға игерілмеген жерді пайдаға жаратуды тапсырды. Біз ондай жерді игеруге соншалықты құлшыныспен кірісе алмаймыз. Өйткені мемлекеттің өзі күнбағысты экспорттауға шектеу қойды. Бүгінде 15 мың 500 тонна дақыл сақтаулы тұр.  Трейдерлер оны сатып алмайды. Ресей тазартылмаған күнбағыс майын Азия елдерінің, Қытайдың нарығына шығаруда. Осылайша сыртқа шығарылатын қазақстандық өндіріс-шілердің күнбағыс майы көлемін азайтты.  Әрине, соңғы жылдары майлы дақылдар егістігін ұлғайттық. Өзіміздің май комбинаты салынды. Оған рақмет. Баж салығының енгізілуіне байланысты трейдерлер өнімді сыртқа шығара алмайды. Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдейтін зауыттарда шикізат қоры жеткілікті, сондықтан дақылдарды сатып алуға құштар емес.

Делдалдар сыртқа дәнді апарып сатып, ішкі нарыққа валюта  әкеледі.  Бұл доллардың тұрақталуына әсер етеді. Үкімет баж салығын алып тастау туралы шешім қабылдаса дейміз. Мұндай жағдай тек біздің облыстың шаруаларына ғана емес, еліміздің сегіз өңіріне тән.  Ұзамай көктемгі дала жұмыстары басталмақ. Шаруалар керек-жарағын қалай сатып алады? Қоры бар тәжірибелі диқандар қинала қоймас. Игерілмеген жерді пайдалану үшін техниканы қалай сатып аламыз пайда таппасақ?  Мысалға, «Джон Дир 430» комбайны 115 млн теңге тұрады, оны лизингке алу үшін алдын ала 26 млн теңге төлеуің керек», – деді Айбек Қажмұхамбетов.

Жиында айтылғандай, мемлекет баж салығын бөлшек саудадағы күнбағыс майының бағасын арзандату үшін белгіледі. Өткен қыркүйектен бастап күнбағыс майын жергілікті зауыттан сату бағасы 100 теңгеге төмендеген. «Шикізаттың өзіндік құны үлкен рөл атқарады. Дайын өнімнің бөлшек саудадағы бағасын арзандатудың басқа тетіктері бар, Үкімет соны пайдаланса деймін. Еліміздегі әр адамның тұтыну мөлшерін, өнімнің өткізу көлемін ескерген жөн. Май комбинатында 10 мың тонна шикізат сатып алынды. Тамыз айына дейін жетеді. Ресейден дайын өнім көп келіп жатыр.  Көрші ел Қытай, Орта Азия елдерінің нарығын «жаулауды» бастады. Біз ресейліктермен бәсекелесе алмаймыз,  – деген «Пойма май комбинаты» ЖШС-ның директоры Ақылбек Сармалаев мемлекет отандық өндірісшілерді қолдау шараларын қолға алса деген ұсынысын білдірді.   Сондай-ақ, шаруалар нарықтағы майдың бағасы төмендемегенін айта келе, баж салығы сомасын егіншілікпен айналысатын шаруашылықтарды субсидиялауға бағыттау қажет десті.  Барлық ұсыныс-пікірлер жинақталып, хатталып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы тиісті министрліктерге жолданатын болды.

Ағымдағы жылы өңірдегі диқандар қауымы 446 мың гектар (өткен жылдардағы 154 мың гектар көпжылдық шөптерді қоспағанда) егін егеді деп жоспарлануда. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар  –  238,4 мың гектар, майлы дақылдар – 163,5 мың гектар, жемшөп – 34,5 мың гектар, картоп – 4,2 мың гектар, көкөніс-бақша дақылдары  5,4 мың гектар болады.

Жыл сайын облысқа көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге және жем-шөп дайындауға шамамен 11-11,5 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Биылғы жылы да    13,5 мың тонна дизель отынын бөлу туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды. Соның ішінде көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге  6,5 мың тонна және жемшөп дайындауға 7 мың тонна бағытталады.

Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан көктемгі далалық жұмыстарға 6,5 мың тонна дизель отыны бөлінді (наурызда – 1 мың, сәуірде - 2,2 мың, мамырда - 2,4 мың, маусымда 0,9 мың тонна жеткізіледі),  жемшөп дайындауға 7 мың тонна дизель отынын бөлу мәселесі ҚР Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктерінде қаралуда,  – деді Денис Молдағалиұлы.

Қысқы маусымдағы қардың аздығы және көктемнің ерте шығуына байланысты қосымша агротехникалық шаралар, оның ішінде жер жырту, қосымша тырмалау, арамшөптерге қарсы қопсыту,  химиялық өңдеу жүргізу қажеттігі айтылуда. Өйткені жердің топырағы ерте дегдіп, кеуіп кетеді. Одан басқа облыста 95 мың гектар сүрі жерді өңдеу жоспарланған.  Осындай іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруға қосымша 3,3 мың тонна дизель отыны қажет. Аталмыш басқарма өкілі  облысқа қосымша  дизель отынын бөлуді сұрап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат әзірленуде екенін айтты.

2023 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа бөлінген арзандатылған 6,5 мың тонна  дизель отынын Атыраудан Орал қаласына жеткізетін    оператор болып «NEFTEK Operating» ЖШС анықталған. Арзан дизель отынының сату бағасы Орал қаласындағы мұнай базасында литріне – 211 теңге, жанар-жағармай құю стансаларында – 215 теңге, облыстың аудан орталықтарына дейінгі жеткізу бағасы 213 теңге деп белгіленген.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Фото автордікі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале