Кеше облыс әкімі Нариман Төреғалиев елдегі саяси реформалар жөнінде жергілікті бизнес өкілдерімен, кәсіпорын басшыларымен кездеседі.

– 2026 жылғы 11 ақпанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Конституциялық комиссия барлық ұсыныс пен талқылаулар негізінде өзара келісілген және Конституция мәтініне енгізілген түзетулердің жобасын дайындады. Аталған комиссия құрамында біздің өңірден облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Рахметов болды. Негізгі заң мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Конституция бөлімдерінің атауларын өзгерту немесе баптарының тұжырымдамасын нақтылау тек редакциялық өзгеріс емес, бұл - құқықтық дәлдікті нығайтатын және Негізгі заңның сапасын жақсартатын маңызды және терең ойластырылған қадам. Конституция – елдің саяси және құқықтық дамуының берік негізі. Конституция жобасының преамбуласына ұлттық құндылықтарды нығайтуға, жер тұтастығын айқындауға бағытталған өзгерістер енгізілді. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары айқындалған. Бүгінде тарихи маңызы зор кезеңнің куәсі болып отырмыз. Ата заңда бекітілген қағидаттар елдің болашағы – келер ұрпақтың тағдырын айқындайды, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

Өңір басшысы сөз кезегін облыстық мәслихаттың төрағасы, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Батыс Қазақстан облыстық коалициясының төрағасы Мұрат Мұқаевқа берді. Ол елдің жетекші қоғамдық-саяси күштері бастамашы болған жалпыұлттық коалициясыны бүкілхалықтық қолдауға ие болған тарихи үдерістің жалғасы деп атады. 2026 жылғы 12 ақпанда құрылған коалиция құрамына елдегі 5 саяси партия, 300-ге жуық қоғамдық бірлестік, сараптамалық және ғылыми ұйымдар, сондай-ақ елдің белсенді азаматтары кірді. Төраға айтып өткендей, бұл – конституциялық реформаны қолдауға бағытталған кең ауқымды қоғамдық бірліктің айқын көрінісі. Негізгі мақсаты – конституциялық өзгерістердің қағидаттарын, мақсат-міндеттерін азаматтарға жан-жақты түсіндіру, ашық әрі мазмұнды қоғамдық диалогты дамыту.

– Жаңа Конституция жобасы – мемлекетімізді жаңғырту жолындағы жүйелі реформалардың заңды қорытындысы. Бұл құжат – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған саяси жаңғыру бағытының нақты нәтижесі, әділетті қоғам құру жолындағы батыл қадам. Біз өткен аптада облыстық штаб аштық, оған 5 жетекші партия және қоғам өкілдері кірді. Алдымызда үлкен міндет тұр. Әрбір еңбек ұжымында, әр ауылдағы әрбір азаматқа жаңа Конституцияның мән-маңызын түсіндіріп, ашық диалог орнатуымыз қажет. Осы орайда, өңірімізде 60 мыңға жуық адамды қамтитын 739 үгіт-насихат іс-шарасы өткізіледі. Облыс орталығы мен барлық ауданда, ауылдық округтерде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесуіміз қажет. Біз халықпен бірге талқылап, халықпен бірге шешім қабылдайтын әділетті мемлекет құру жолында бірлік танытуымыз қажет, – деген Мұрат Рахметұлы әр еңбек ұжымында топ құрып, оларды әдістемелік құралдармен қамту қажет деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ әр азаматты ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды бастаманы қолдауға, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Кездесуде сондай-ақ облыс әкімнің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, «Жайық ЕТ» ЖШС құрылтайшысы, «Ауыл» партиясы БҚО филиалының төрағасы, облыстық коалициясының мүшесі Т. Ескендіров, КПО б.в. компаниясы бас директорының орынбасары М. Манкеев, «ПСП Серик» ЖШС бас директоры, «AQJOL» демократиялық партиясының БҚО филиалының төрағасы, облыстық коалициясының мүшесі С. Мерғалиевтер сөз сөйледі.
Толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айна Имашева
«Орал өңірі»