21.08.2025, 15:45
Оқылды: 282

Конституция – Тәуелсіздік тірегі және табысты дамудың кепілі

1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституцияның биыл 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде Ата заңымыз – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуын қамтамасыз етіп, тұрақты дамудың қайнар бастауына айналды. Демократиялық, құқықтық және әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің негізі болып қаланды. Конституция қабылданған соң бес рет, яғни 1998 жылы, 2007 жылы, 2011, 2017, 2019 жылдары жаңарып, 2022 жылы республикалық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына өзгерістер енгізілді. Конституциялық сот қайта құрылып, өлім жазасы алынып тасталды, суперпрезиденттік модельден бас тартуға бағытталған реформалар жүргізілді.

 

WhatsApp Image 2025-08-21 at 15.56.23

ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай биыл «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда Конституциялық құндылықтарды насихаттау мақсатында 30 бөлімнен астам бағытты қамтитын іс-шаралар жоспары нақтыланды, яғни ашық сабақтар, көрмелер, байқаулар, виртуальды экскурсиялар, патриоттық кештер және кәмелеттік жасқа толғандарға жеке куәлік табыстау рәсімдері ұйымдастырылады. Сондай-ақ биыл маусым айында Елордада құқық үстемдігі және заңнаманы жаңғыртуға арналған құқық қорғау құрылымдарының кеңейтілген алқа мәжілісі өткен еді. Сол жиында Мемлекет басшысы Конституцияның 30 жылдығына байланысты 15 мың адамға амнистия жарияланатынын айтты. Тиісті заңды Сенат мақұлдады. Яғни, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша сотталғандарды жазадан босату көзделген. Атап айтқанда, амнистияға мына санаттар бойынша ілігеді:

–  қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар немесе жеңіл дәрежедегі қылмысқа барғандар;

– орташа ауырлықтағы, бірақ зиян келтірмеген, не келтірілген зиянды толық өтеген немесе азаматтық талап қойылмаған істер бойынша сотталғандар;

– әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар – зиян болғанына қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар. Сонымен қатар заң пробациялық бақылауда отырғандарды қоса алғанда, сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімінің қысқартылуын көздейді.

Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған Конституция –Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізі. Ата заңымыздың басты ерекшелігі – онда құқықтық, демократиялық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, қоғамның идеологиялық және саяси әр алуандағы, экономикалық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға сәйкестендірілген. Негізгі заңның  мерейтойына арналған іс-шаралар конституциялық құндылықтарды нығайтып, әділетті қоғамды  дамытуды  көздейді.

 

Гүлнәр Мусаурова,

Орал қалалық №2 соттың судьясы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале