5.03.2026, 11:30
Оқылды: 42

Конституция жобасы –  көпшілік  талқысында

Алда  келе  жатқан  республикалық  референдум  қарсаңында  мемлекеттегі  жетекші  қоғамдық-саяси  күштердің  бірігуі  арқылы  жалпыұлттық  коалиция  құрылғаны  белгілі.  Жақында  «Әділетті  және  Прогрессивті  Қазақстанның  Халықтық  Конституциясы  үшін!»  жалпыұлттық  коалицияның  мүшелері  өңір  тұрғындарымен  кездесулер  өткізді.  Насихат тобына  ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаты  Арман Өтеғұлов  жетекшілік  етті.  Сенатор  аудан-ауылды  аралап,  онда  еңбек  ететін  әртүрлі  сала  қызметкерлерімен  жолыққанын  айтты. 

WhatsApp Image 2026-03-05 at 12.09.07 (1)

- Біздің жұмысымыз жалпыұлттық коалицияның бекітілген кестесі бойынша жүзеге асты. Сапар барысында облыстың 11 елді мекенінде болып, ондағы мыңға жуық азаматпен жүздестік. Атап айтсақ, Тасқала, Бәйтерек, Шыңғырлау, Қаратөбе, Теректі аудандары мен облыс орталығындағы басқармаларда келелі басқосулар ұйымдастырдық. Бір байқағаным, Ақ  Жайық өңіріндегі халыққа жаңа Конституция жобасы кең көлемде насихатталып, азаматтар  оның маңыздылығын жете түсінген. Жұртшылық жалпыұлттық референдумға белсене қатысып, дұрыс  таңдау жасайды деген сенімдемін. Ауылдағы ағайынмен жүздескен сәтімізде Ата заңның өзгертіліп, толықтырулар енгізілген жаңа нұсқасын талқыладық. Сондай-ақ олармен жергілікті жердегі тұрмыстық мәселелер туралы да әңгіме өрбіттім. Барша қазақстандықты 15 наурызда болатын жалпыұлттық референдумда дұрыс таңдау жасауға шақырамын! – деді депутат  А. Өтеғұлов.

Өңірде конституциялық реформалар туралы көпшілікті ақпараттандырып, билік пен бұқара арасындағы сенімді нығайтуға жұмыс істейтін 13 жалпыұлттық коалиция бар. Бүгінде бір облыстық және 12 аудандық штабта 370-ке жуық азамат еңбек етіп келеді.  «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев штаб мүшелерінің жұмысы жөнінде  айтып  өтті.

WhatsApp Image 2026-03-05 at 12.10.58

– Жаңа Конституция жобасын сала қызметкерлері мен тұрғындарға түсіндіру бағытындағы іс-шаралар жалғасуда. Облысымызда осы күнге дейін 24 мыңға жуық азаматтың қатысуымен 365 іс-шара өтті. Таяуда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның өңірімізге келгені жалпыға мәлім. Министр Балаевамен бірге жалпыұлттық коалицияның өкілдері де арнайы келді. Олар облыстағы зиялы қауым мен азаматтық қоғам өкілдерімен, сондай-ақ белсенді жастармен жолықты. Оған қоса, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан келелі кездесулерге бастамашы болды. Жалпыұлттық коалиция ұйымдастыратын жаңа заң жобасын талқылап-түсіндіру жиындары барлық сала мамандарын қамтып, еліміздегі басты саяси өзгеріске бейжай қарамауға үндейді, – деді  А. Сафималиев.

Естеріңізге салсақ, 12 ақпанда бастау алған сайлауалды үгіт-насихат жұмысы келер 13 наурызда тәмамдалады. 14 наурыз – тыныштық күні. Ал 15 наурызда жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдум  өтеді.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале