Облыстың қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік ұйымдарының өкілдері мен экология белсенділерінің қатысуымен кеңес өтті. Оған «Жаңа Қазақстан: конституциялық реформалар және әлеуметтік даму моделін трансформациялау» тақырыбы арқау болды.
– Бесінші маусымда өтетін республикалық референдумға әзірлік және оған баршамыздың белсенді қатысуымыз бүгінгі күннің басты тақырыбы болып отыр. Конституцияның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Парламенттің рөлі мен мәртебесі артады. Өзгерістерге сәйкес саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады. Бұл дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашады. Ал күні бүгінге дейін билікте бір партияның дауысы үстем болған еді. Біздің елде 1995 жылдан бері референдум өткен жоқ. Сол жылдан бері Конституциямызға 4 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ оларға халық қатысты ма? Өткен отыз жылда билік пен халықтың арасында үлкен алшақтық орын алғанын білеміз. Сондықтан референдум дегеніміздің өзі – халықпен ақылдасып, талқылап, бір шешімге келу деген сөз. Бүгінде елімізде сайлауға қатысатын 11 миллионнан астам адам бар екен. Егер олардың 50%-ы референдумға қатыспаса, онда бұл іс-шараны өткізуге бөлінген қаражат та, елді жаңғыртамыз деген мақсат-мүддеміз де зая кетеді деген сөз. Сондықтан референдумға қатысатын әр адам өзінің сайлау учаскесін, тізімде бар-жоғын күні бұрын білуі керек. Жаңа Қазақстан құрамыз, жаңаша өмір сүреміз десек, референдумға қатысқанымыз жөн. Конституциялық өзгерістің қаншалықты маңызды екенін түсінгеніміз абзал, – деді «Ауыл» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Орал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов.
Кеңеске БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, БҚО Экология департаменті, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы, «Біздің Жайық-Наш Урал» қоғамдық ұйымының өкілдері мен мамандары қатысты. Жиынды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов: «Біз қандай Конституция қабылдасақ, еліміз де соған сай дамиды. Сондықтан халық болып референдумға қатысайық» деп қорытындылады.
Айна Имашева,
Орал қаласы
zhaikpress.kz