23.05.2022, 9:45
Оқылды: 60

Конституциялық сот – әділетсіздіктен қорғау институты

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы алдағы 5 маусымдағы республикалық референдумға: «Сіз Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген нақты сауал түрінде шығарылады. Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы биылғы жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Жалпы референдум дегеніміз не?

photo_158542

Бұл сұраққа былайша жауап беруге болады: ол – Конституцияның, конституциялық заңдардың, қоғам өмірінің өзге де маңызды мәселелеріне арналған шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру. Қазақстан мен Түркия бизнес өкілдерінің басқосуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына тү­зе­тулер енгізіледі. Менің мақ­сатым – халқыма мейлінше еркін­дік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын», – деген болатын. Бұдан Президенттің халыққа мол бостандық бергісі келіп отырғанын аңғару қиын емес. Сондықтан алдағы референдумға, яғни Қазақстанның болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға әрбір азаматтың қатысуына жағдай жасалады. Халық өз тағдырын өзі айқындайды. Елдің басты заңының 33 бабына енгізілетін 56 түзету мемлекетті басқарудың «суперпрезиденттік» түрінен ықпалды Парламент пен есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді нақтылайды. Сонымен қатар Конституцияның жаңа редакциясында Президенттің өкілеттіктерін, Парламент жұмысындағы өзгерістерді бекітеді, өлім жазасын алып тастау және басқа да мәселелер қарастырылған. Референдумды ұйымдастыру және өткізу Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдум жөніндегі аумақтық және учаскелік комиссиялардың функцияларын жүзеге асыратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына жүктеледі.

Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Конституциялық сотты құру бойынша іс шаралар қабылдануда. Президент атап көрсеткендей, Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар ондай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Қазіргі кезде көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты жұмыс істейді. Сондықтан Президент елімізде де Конституциялық сот құруды ұсынған болатын. «Қазақстан Республикасының Конституциялық cоты туралы» заң жобасын Парламентке тамыз айының соңына дейін ұсыну жоспарлануда.  Бұл заң жобасын Әділет министрлігі, Конституциялық кеңес, Жоғарғы сот кеңесі, Жоғарғы сот, Бас прокуратура және адам құқықтары жөніндегі уәкіл әзірлеуде. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша азаматтар Конституциялық кеңеске тек соттар арқылы жүгінетін. Бірақ олардың бару-бармауын судьялар шешетін. Ондай тәртіп халыққа онша тиімді болмады. Енді жағдай өзгереді: азаматтар Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Мұндай мүмкіндік Бас прокурор мен омбудсменге де берілмек. Бұл институттар өз өкілеттіктерін атқару кезінде адам құқықтарына нұқсан келтіретін заңнаманың кемшіліктері мен олқылықтарына жиі кездеседі. Сондықтан Конституциялық сот арқылы оларды жою мүмкіндігі туындайды. Азаматтардың Конституциялық сотқа жүгінуі олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғауға мүмкіндік береді. Конституциялық сот – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетігіне айналмақ.

Жалпы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегіне халықтың әл-ауқатын көтеру, әділет, даму мәселелерін алды.  Бүгінде елімізде қолға алынған саяси реформалардың барлығы Президенттің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп білемін. Алдағы референдум бірлігімізді айшықтайтын айтулы саяси оқиға екені сөзсіз. Азаматтарымыз Мемлекет басшысы айқындаған саяси жаңғыру бастамаларын қолдайды деп сенеміз. Алдымызда жаңа және әділетті Қазақстан құру міндеті тұрғанын ескере отырып, ел азаматтарын референдумға белсенді қатысуға шақырамын. ​

Ғалия Дәулетқалиева,

Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале