Конституциялық сот – бірқатар елдердегі конституциялық бақылау бірден-бір немесе басты міндет болып табылатын ерекше орган. Жоғарғы соттардан өзгеше түрде ол жалпы соттар жүйесіне кірмейді. Бір елдерде ол ерекше санаттағы сот деп саналып, тиісінше сот жүйесіне кіреді, ал екінші бір елдерде сот билігіне жатпайтын ерекше бақылау органы болып табылады. Конституциялық соттың мүшелерін не парламент сайлайды, не мемлекет басшысы тағайындайды.

Конституциялық сот – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың кепілі әрі Ата – заңымыздың нормаларының дәл орындалуын бақылаушы орган. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде елімізде қызмкет еткен бұл демократиялық институт 1995 жылы қабылданған Конституцияда Конституциялық кеңеске трансформацияланды, ал сот пен кеңестің өкілеттіктері арасында айтарлықтай айырмашылық болды. Конституциялық сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін, олардың өтініштері бойынша қарайды.
Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын сайлау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 2 шілдедегі Қаулысымен Конституциялық Сот құрамы 11 адамнан жасақталды. Тиісті заңға және 1993 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес Конституциялық сот республика Конституциясын қорғау жөніндегі сот билігінің жоғары органы болып табылады. Оған Конституцияны қорғау және оның мәртебелілігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді және оның заңдары мен өзге де құжаттарын Конституцияға сай емес деп табуы республика аумағында олардың күшін жояды деп көрсетілді. Биліктің үш тармағының теңгерімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерді шешу мақсатында Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғалуы деңгейі артады. Ата заңның қатаң сақталуын қамтамасыз ететін орган сот жүйесіне конституциялық бақылау жүргізеді. Мысалы, судья сот ісінде қандайда бір бапты негізге ала отырып шешім қабылдайды, бірақ заңды өзгерту құқығына ие емес. Егер азамат заң нормасына қатысты күмәнданса, ол Конституциялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы заңда анықталғандай, бұл органның құзіретіне актілердің конституциялылығын қараумен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің, Министрлер кабинеті мүшелернің, Жоғары сот пен Жоғарғы Төрелік сот төрағаларының, Бас прокурордың, Қазақстан Республикасының дипломатиялық, өзге де өкілдіктерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қозғалған ретте олардың Республика Конституциясымен заңдарын сақтауы туралы қорытынды беру, Конституцияға сай келуі туралы істерді қарау, тиісті заңда көрсетілген нақты мәселелер бойынша қозғау, тағы да басқалары жатты.
Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы Конституциялық заң қазіргі уақытта елімізде әрекет етеді. Осыған байланысты азаматтар Конституциялық сотқа тікелей өтініш жасау мүмкіндігне ие болды. Жаңа құрылым азаматтардың өтініштерінің заңдылығын және Конституцияға сәйкестігін тәуелсіз түрде қарастырады. Жалпы алғанда, Конституциялық сот биліктің сот тармағына жатпайды, сондықтан оның жаңаша жұмыс істеуі азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және әділдікке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, Конституциялық соттың өкілеттіктері бұрынғыдан да кеңейтілген. Бұл орган енді тек заңдардың ғана емес, сондай-ақ орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің Конституцияға сәйкестігін де қарайды. Яғни, Конституциялық сот бақылау қызметін белсенді түрде жүзеге асырып, заңды күшіне енген нормативтік актілерді талдайды. Конституциялық соттың мәртебес, судьяларды сайлау тәртібі және құрылымдық мәселелерінің айқындалуы да ерекше маңызға ие. Бұл өзгерістің мемлекет дамуына және қоғамның прогресіне елеулі әсер болады. Конституциялық сотқа түскен шағымдардың көпшілігі сот шешімдеріне қатысты азаматтардың наразылығын, сот актілерінің орындалмауын, тұрғын үй және еңбек қатынастарын, сондай-ақ әлеуметтік қорғауға қатысты шағымдарды қамтиды. Алайда бұл орган тек Заңнамалық актілердің, кодекстер мен заңдардың және халықаралық шарттардың, Ата заңымыз - Конституцияға сәйкестігіне қатысты арыз шағымдарды қарайтын орган болып табылады.
Арман Назаров
Қаратөбе аудандық сотының
төрағасы