21.07.2020, 16:25
Оқылды: 48

Конвейерінен бетон өнімдері «балапандаған»

Ақ Жайық өңіріндегі жол құрылысы жұмыстары барысында негізінен отандық, әсіресе жергілікті құрылыс материалдары қолданылады. Төрт жыл бұрын Желаев өндірістік аумағында жаңадан салынып, іске қосылған «Hess-Oralsk» ЖШС зауытының өнімдері де кәдеге жарап тұр.

90F11753-489C-4204-93CD-0DB5B72810E6

Ұсақ бетондық бұйымдар шығаратын зауыт жобасы Индустриаландыру картасы аясында «жанданған-ды». «Hess-Oral» ЖШС-ның директоры Сержан Биахановтың айтуынша, зауыттағы барлық жоғары технологиялы құрал-жабдық құрылыс индустриясы саласына құрал-жабдық шығарудан әлемдік үздіктердің қатарынан табылатын неміс компаниясы «Hess-GROUP» компаниясынан, өндірісшінің өзінен тікелей сатып алынып орнатылған. Бұл өзі - әлемге танымал, Еуропа, Солтүстік Америка, Азия елдерінде еншілес фирмалары бар бетондық индустрия жабдықтарын шығаратын немістің ірі машина жасау компаниясы. Сондықтан жергілікті зауыттың өнімдері еуропалық технологиямен, неміс сапасымен жасалған деп нық сеніммен айтуға болады. Күллі елімізде мұндай технологиялы бес-ақ зауыт бары көп нәрсені аңғартқандай.

F328AFFF-F24A-49DB-A938-FB63A6DE8328

-Зауыттың өзі ерекше, оның өнімдері сапалы. Өндіріс орны жылдың төрт маусымында да тынбастан жұмыс істей алады. Күніне  500 шаршы метр шамасында өрнектас (брусчатка), 2 шақырым поребрик-жиектас, 1,5-2 шақырым жиектас өндіріледі. Өрнектастың үш түрлі түсі бар. Одан басқа жол жиегіне арналған тас плиталардың және көпір құрылысына қажетті блоктар, барлығы 7 түрлі өнім тұтынушыларға ұсынылады. Сұраныс болса, зауыттың қуаттылығында сөз жоқ. Біз өз өнімдерімізге құм емес, қиыршықтас қосамыз. Ол бетон өнімдерінің сапасын арттырады, төзімділігін нығайтады. Жалпы бетон өнімдерінің «өмір сүру» жасы үш жыл болса, неміс технологиялы оралдық кәсіпорынның өнімдерінің пайдалану мерзіміне 25 жыл кепілдік беріледі. Асфальтқа қарағанда тақтатас төсеу арзанға шығады әрі күнге қызбайды, сол себепті пайдалану мерзімі ұзақ, - деді  зауыт директоры Сержан Биаханов. Директордың айтуынша, немістің технологиясымен жасалған жиектастар өзге технологиялы өнімдермен салыстырғанда сапалы. Сондықтан аталмыш кәсіпорынның өнімін пайдалану бюджет қаржысын үнемдеуге көмектеседі. Сонымен қатар шаһардың шағын көшелеріне осы зауытта өндірілген жол плиталарын төсеудің артықшылығы айқын. Өйткені әдетте төселетін асфальтты қабатпен салыстырғанда, мұндай сапалы плиталар ұзақ мерзімге мұрты бұзылмай, сапалы күйінде сақталады.

Шаһардағы қалалық әкімдіктің алдына Абай, Жеңіс алаңдарына,  Зашаған кентіндегі саябақта, облыстық мәслихат ғимараты алдына зауыттың өрнектасы төселген. Орал – Саратов күре жолы бойына жергілікті зауыттың конвейерінен шыққан жиектастар салынған. Сонымен қатар «Hess-Oralsk» ЖШС-ның бетон өнімдерін тұрақты тұтынушылар іргелес Ақтөбе, Атырау және Қостанай облыстарында баршылық. Құрылыс материалдарының сапасына мән беретін жеке тұлғалар да материал алу үшін ат басын арнайы зауытқа бұрады. Тапсырыстардың толастамауынан коронавирус падемиясына байланысты жарияланған карантиндік режім жағдайында өндіріс орнының жұмысы мүлдем тоқтамады. Дегенмен Ираннан келетін шикізаттың бірі ақ түсті цементті тасымалдауға тыйым салынғаны түрлі-түсті өрнектас шығаруға өз әсерін тигізгені анық. Өнім өндіруде негізінен отандық өнімдер қолданылады.

Өндіріс ошағы толықтай автоматтандырылған, барлық жұмыс үдерісі комьютермен басқарылады. Өндіріс цехындағылар екі аусыммен жұмыс істейді. Бір аусымда 8 адам болады. Кәсіпорын 24 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Конвейерінен дымқыл бетон өнімдері «балапандап» жатқан машинаға екі оператор басшылық етуде, өзгесі өнімнің сапасын қарайды және дайын өнімді әрі қарай кептіруге әкетеді. Дымқыл блоктар инфрақызыл сәуленің көмегімен арнайы жабдықталған бөлек орында кептіріледі. «Жұмысымыз ырғақты. Жұмысшылар жасалған жұмыс ауқымына сай жалақы алады. Жаман емес», - деді Сержан Биаханов.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале