21.11.2022, 10:17
Оқылды: 62

Кооперативтерге – несие, тұрғындарға – несібе

...Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық.

6

Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әлеуетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауынан Өңірімізде еттің 40%-ы, сүттің 70%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АӨК) құрудың маңызы зор. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін арттырады. Осы орайда АӨК-терге мемлекет тұрақты түрде көмек-қолдау көрсетуде.

Өңірдегі ара шаруашылығымен айналысатын «БҚО омарташылары» АӨК-не 47 адам біріккен. Олардың әрқайсысының омарталары бар. Омарташылар ара өсіретін «Золотой улей» шаруа қожалығының басшысы Сергей Кривобоковты төраға етіп сайлапты. Кооператив мүшелері өндірген балды ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерінде саттыққа шығарады.

– Алматы, Шығыс Қазақ-стан облыстарында мектептегі балаларға күн сайын 20 грамнан тегін бал береді. Әкімдіктер омарташылардан бал сатып алады да, мектептерге таратады. Осылайша, ара өсіретіндерге қолдау көрсетіп отыр. Ал біздің облыста ара шаруашылығы дами қойған жоқ. Омарташылардың көбі – кеңес кезінде осы салада еңбек еткендер. Тәжірибеден өтуге келетін студенттердің де бұл салаға қызықпайтыны байқалады. Негізінде, ара өсіру – пайдалы кәсіп. Омарташылар таза ауада, табиғат аясында жұмыс істейді. Ерінбей еңбектенсе, бұл кәсіптің табысы да мол. Сосын, омарташылар жылына жеті ай ғана жұмыс істейді. Себебі аралар қыс мезгілінде далаға шықпай, омартада өмір сүреді. Араның пайдасы көп екенін білеміз. Уының өзі пайдалы. Ара шаққанда жүрек жұмысы реттеліп, қан айналымы жақсарады. Мысалы, подагра деген ауруды араның көмегімен емдеуге болады. Жалпы аралар буын ауруларын емдеуге пайдалы. Сосын, бұл жәндіктер өсімдіктерді 98 пайызға тозаңдандыратынымен құнды. Америка, Еуропа елдерінде омарташылар олардың осы қасиетінің арқасында көп пайда табады. Ал бал – ол жақта күнделікті тұтынатын тағам ғана. Біздің елде бұл сала кенжелеп қалды. Соңғы жылдары күнбағыс өсіретін ірі фермерлер омарташыларды алқаптарына жиі шақырып жүр. Себебі жәндіктер күнбағыстың шығымын 60 пайызға арттырады, – деді омарташы С.Кривобоков.

Жоғарыда аталған басқарманың мәліметінше, ара шаруашылығында селекциялық-асыл тұқым алу үшін жергілікті бюджет есебінен бір бал ара ұясына маусымына 5 мың теңге субсидия төлеу қарастырылған. Осыған сәйкес биыл аталған кооперативтің мың ара ұясын субсидиялауға 5 млн теңге қаражат төленген. Омарташылар «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 4 746,2 мың теңгенің грантын ұтып алып, кәсіптерін кеңейтуге жұмсамақшы. Омарта шаруашылығын дамытуға Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғылыми тұрғыдан қолдау көрсетеді. Өңірдегі тағы бір ерекше кооперативтің бірі – Ақжайық ауданының Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ ауылындағы «Бақтар әлемі» АӨК. Кооператив мүшелері 50 гектар жерге жеміс-жидек көшеттерін өсіреді. Болашақта жеміс бағы өнімдерін өңдейтін комбинат ашпақшы.

Қолдағы мәліметке сүйенсек, облыста тіркелген 310 ауыл шаруашылығы кооперативінің 233-і жұмыс істеп тұр. Олардың 197-сі етті мал шаруашылығына мамандандырылған болса, 21-і сүт өндірумен, 11-і өсімдік шаруашылығымен, 3-еуі сервистік қызмет көрсетумен және біреуі бал арасын өсірумен айналысады. Биыл жаңадан 27 АӨК тіркеліп, жұмысын бастаған. Олардың басым көпшілігі етті мал шаруашылығын қолға алған. Қазір өңірдегі АӨК-тің құрамында 3883 адам бар. Кооперативтерде 40 947 ірі қара, 64 968 ұсақ мал және 193 жылқы тіркелген. Өткен жылдың соңында кооперативтерде 470 тонна ет, 10 095 тонна сүт, 4700 тонна картоп және 35 тонна жүн, 24 тонна бал өндіріліпті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсарту және АӨК-терді қолдау үшін 2,5 пайызбен несиелеу бағдарламасы іске асады. Алдағы жылы осы мақсатта облысқа 6,4 млрд теңге бөлінеді. Кооперативтер мен шаруа қожалықтары несиені алу үшін ет комбинаттарымен, бордақылау алаңдарымен келісімшартқа отырып, зәкірлік кооперация тізбегін түзеді. Олар өнімдерін өңдеу кешендеріне тапсырып отырады. Тауар өндірушілерге несие 5 жылға, ал мал шаруашылығымен айналысатындарға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің мөлшері айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Қаржы, негізінен, сүтті мал, қой, құс және бау-бақша шаруашылықтарын дамытуға бағытталады. Несиелер аталған бағыттар бойынша жергілікті атқарушы құрылымның сенім білдірген агенті арқылы беріледі.

Кооперативтерге, сондай-ақ «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымдары («Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ) арқылы да несие рәсімдеуге болады. Мәселен, биыл Бәйтерек ауданының «Тұлпар-Агро» АӨК бизнес ашу және оны кеңейту үшін аграрлық несие корпорациясы арқылы 57,9 млн теңге несие алған. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы облысқа «Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредиттер беру үшін облыстық бюджеттерге кредит беру» бағдарламасы бойынша республикалық қазынадан 2 160,0 млн теңге қаралыпты. Қыркүйектен бастап жылдың соңына дейін 426 шағын несие беру жоспарланған. Бұл несиелік бағдарламаға жұмыс істеп тұрған немесе құрылғалы отырған АӨК-тер де қатыса алады.

Басқа агроқұрылымдар секілді АӨК-тер де субсидия алады. Тауарлы ірі қара малдың аналығын асылдандыруға 10 мың теңге, сатып алынған етті бағыттағы асыл тұқымды бұқа мен аналыққа 150 мың теңге, сүтті бағыттағы асыл тұқымды аналыққа 200 мың теңгеден беріледі. Сондай-ақ тәулігіне 50 мал соятын ет өңдеуші кәсіп-орындарға немесе 1000 малға есептелген бордақылау кешендеріне өткізілген әр бұқашықтың тірілей салмағына 200 теңгеден бөлінеді. Ал тәулігіне 300 мал соятын ет өңдеуші кәсіпорындарға тапсырылған әр қошқарға 3000 теңге, тауарлы аналық қойды асылдандыруға 2,5 мың теңге, сатып алынған етті бағыттағы асыл тұқымды қошқарға 15 мың теңге төленеді. Агроөнеркәсіп кешендерінің инвестициялық салымдар кезіндегі шығыстарының 25-80%-ы өтеледі. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығына да қаржылай қолдау бар. Сатып алынған элиталық тұқымдардың шығындарын, бірінші репродукциялық тұқымдарды және бірінші ұрпақ будандары тұқымдарының шығындарын ішінара, сатып алынған тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын өтеуге демеуқаржы алуға болады.

Батысқазақстандықтарды сүт өнімдерімен қамту – өзекті мәселенің бірі.  Себебі қазір ішкі нарықтағы өнімдердің 75%-ы сырттан әкелінеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірде 2022-2025 жылдарға арналған «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы жасақталды.

– Тұжырымдамадағы межеге жетуге АӨК-тер де үлес қоспақ. Облыс бойынша 21 ауыл шаруашылығы өндіріс-тік кооперативі сүтті бағыттағы мал өсіреді. Олар ірі қара мал сүтін өндіреді. Бұл кооперативтердің басым көпшілігі Теректі ауданында (12 кооператив) орналасқан. Мәселен, Бәйтеректегі «Батыс сүт» тәулігіне 5-6 тонна, «Зеленов сүт» 1-1,5 тонна, Теректі ауданындағы «Достық» 1,7 тонна сүт өндіреді. Кооператив мүшелеріне тапсырған сүттің әр келісіне мемлекеттен 20 теңгеден субсидия төленеді, – дейді аталмыш басқарманың мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейрамбек Ғарифоллаұлы.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале