25.04.2024, 17:29
Оқылды: 82

Көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар басты назарда

Тасқын қаупіне байланысты студенттер мен оқушылар қашықтан оқытуға көшіріліп, ал кейбір мектептердің спортзалдары мен университет жатақханаларында уақытша паналау қосындары жасақталды. Мұндай эвакуациялық қосындарға орналасқан тұрғындар жылы төсек-орын және ыстық тамақпен қамтылуда.

фото автордан2

Эвакуақосындардың қазіргі жай-күйі қандай, халыққа қаншалықты жағдай жасалуда, тәртіп бұзушылықтар орын алып жатқан жоқ па? Осы сауалдарға жауап іздеп Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университет пен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жатақханасына барып, ондағы жауапты мамандармен тілдестік. Табиғи апаттан зардап шеккен жерлестеріміз паналап отырған орындардың хал-ахуалын біліп қайттық.

Жәңгір хан көшесі, 49 мекен­жайында орналасқан БҚАТУ-дың №2 жатақханасында 532 адам тіркелген. Оның 156-сы – бала, 9-ы – мүмкіндігі шектеулі жандар, біреуі – жүкті әйел. Олардың дені – №1, 2 саяжай және Бортау, Коминтерн шағынаудандарының тұрғындары.

фото автордан3

– Студенттер үйіне тұрғындар спорттық кешендер мен өзге де нысандардан көшіріл­ді. Бүгінде олар толығымен орналастырылып, тіркеуге алынды. Азық-түлік пен жеке гигиена құралдары, өзге де керек-жарақтар күнделікті үлестіріліп отырады. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жатақханада тамақ дайындауға рұқсат етілмеген. Дегенмен ыстық тамақпен тәулігіне үш рет тегін қамтамасыз етілуде. Күні кеше Шымкент қаласынан бес «КамАЗ»-бен гуманитарлық көмек жеткізіліп, әр бөлмеге таратылды. Еріктілер мен университеттің профессор-оқытушылар құрамы да материалдық қолдау көрсетуде. Қосында арнайы жасақ жауынгерлері, полиция құры­лымдары мен санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бұған қоса №6 емхана мен «Mediker» клиникасының медициналық құрамы да эвакуациялық қосындағы үлкен-кішіге қызмет көрсетуде. Оқу орнының техникалық құрамы тазалық жұмысын жүргізеді. Онлайн режімде білім алуға көшкен оқушылар үшін компьютерлер мен тегін интернет желі­сі әрдайым қолжетімді. №20 мектептің оқытушылары сабақ жүргізеді. Сондай-ақ 2-5 жастағы балдырғандарға шағын орталық ашып, мектеп­алды даярлық жұмыстарын да қарастырдық, – дейді университет жанындағы жастар бастамасын дамыту орталығының директоры, №2 эвакуациялық қосынның жетекшісі Асхат Өкшебаев.

фото автордан4

Асхат Ерболатұлының сөзінше, халықтың орынжайға алғаш келгендегі көңіл күйі мен қазіргі хал-ахуалы жер мен көктей екен. Оларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әрқайсысына психологиялық көмек көрсетілген. Болған жағдайға бейжай қарамаған азаматтардың арқасында қажеттіліктері өтелуде.

– Әрине, алғашында тәртіп бұзушылықтар да орын алды. Жатақхана бөлмелерінің екі есігі мен бір унитазы сынды.

Оған қоса ішімдік ішу деректері орын алды. Бізге осында орналасқан әр адам үшін, олардың арасында кішкентай балалар да бар, жауапкершілік жүктелгендіктен, ыңғайсыз жағдайлардың алдын алу жағын ойластырып, тұрғындармен әңгімелестік. Мемлекеттік нысан болғандықтан, тұрғындардың жауапкершілік танытып, өз үйіндей көргенін сұраймыз. Қазір ортақ келісімге келіп, түсіністік. Енді бүлдіршіндердің қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Себебі ата-аналар балаларын көбіне қараусыз қалдырып жатады. Олардың жол жиегіне шығып кетуі, оқыс жарақат алуы, тамақтан улануы әбден мүмкін. Осыны болдырмас үшін университеттің еріктілер құрамындағы 30 студентті сабақтан босатып алдырып отырмыз. Еріктілер балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырып тұрады. Жалпы қосында барлық жағдай жасалған, қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер тарапынан түрлі материалдық қолдау алып отырмыз. Азық-түлік қоры мол. Есесіне, бөбектердің гигиеналық құралдарына, жаялық, балаларға арналған сабын және сусабын сықылды заттарға сұраныс артуда, – деген Асхат Ерболатұлы көмек қолын созған әр азаматқа алғыс білдірді.

Ал БҚУ-дың іргесіндегі эвакуациялық қосын орналасқан №1 жатақхананы бүгіндері 300 адам паналауда. Көпшілі­гі ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен көпбалалы отбасылар. Жуырда оқу орны-ның тағы бір №3 жатақханасы эвакуациялық орынжайға берілген.

– Білім ошағының студенттері қашықтан оқытуға көшірілді. Алайда кейбір студенттер осында қалып, ерікті түрде қолдарынан келген көмектерін көрсетуде. Университет қызметкерлері де волонтерлік жұмысқа белсене атсалысуда. Жатақхананың төрт қабаты түгел уақытша баспанасыз қалған жерлестерімізге берілді. Нысанда тәулік бойы кезекшілік атқарылады. Арнайы оқу, медициналық көмек көрсету кабинеттері жасақталды. Қажеттілік туындаған жағдайда алдын ала хабарласып, гуманитарлық көмек сұратамыз. Көпбалалы жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға материалдық және медициналық көмек бірінші кезекте көрсетіледі. Кейбір заттарға, әрине, қажеттілік бар. Бірақ мұндай жағдай тек біздің орынжайда ғана қалыптаспаған, – деген ақпарат берді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің баспасөз хатшысы Мөлдір Садырғалиева.

Аружан Аманжол,

фотоға түсірген автор

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале