2.02.2026, 12:30
Оқылды: 59

Көпір құрылысының бюджеті 11  миллиард теңгеден 35 миллиард теңгеге дейін қымбаттаған 

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 23-сессиясы  өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай қатысты. Сессия жұмысына тұрақты комиссия төрағасы Ербол Салықов төрағалық етті.

DSC01290

Сессияның күн тәртібіне  облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 16 маусымдағы №18-4 «БҚО бойынша толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт объектілерінің тізбесін бекіту туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы мәселе шығарылды. Жаңа «Ақжайық» шағынауданына көлік қатынасын оңтайландыру, көлік ағынын ескере отырып, жолаушыларға ыңғайлы  жол қатынасын ұсыну мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің баяндауынша, бұл жоба Орал қаласының көше жол желісін дамытуға және  көлік ағынын қайта бөлуге  арналған. «Жоба  «Ақжайық» шағынауданына қосымша кіру-шығу қатынасын жеңілдетіп, қаладағы   жол желісімен байланысты қамтамасыз ететін  көпір өткелі бар аутокөлік жолын салуды көздейді. Жобаны іске асыру Жәңгір хан көшесіндегі көпірге көлік жүктемесін, осы бағыттағы көлік кептелісін азайтады. Көпір өткелін салу техникалық жағынан күрделі нысандарға жатады. Ол көлік қозғалысы қауіпсіздігін және көпір құрылыстарын пайдалану жөніндегі нормативтерді ескере отырып, жобалау, құрылыс-монтаж  жұмыстарын кешенді орындауды талап етеді.  Жобаның құны шамамен 35 млрд теңгеден астам. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеудің бастапқы кезеңі жүруде. Кейін жұмыс жобасы жасақталады», – деген басқарма басшысы инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру мерзімінің созылуы құрылыстың қымбаттауына, жұмыс сапасының төмендеуіне соқтыратынын айтты. Көпір өткелі бар аутожолды салу, оны жобалау, құрылыс-монтаждау және іске қосу, жөндеу жұмыстарын үйлестіріп орындауды талап ететін күрделі инженерлік нысан болып табылады. Өйткені күрделі нысанды салуға бірнеше мердігерлік ұйым тартылады. Олардың арасында жауапкершілікті өзара бөлісуде келіспеушіліктер туындап жатады. Сондықтан  жобаны «толық бітіріп беру» жүйесі (ЕРС-келісімшарты) бойынша жобалауды, нысанды салуды, тапсырушыға құрылыс нысанын дайын түрде тапсыруды, бір сөзбен айтқанда, барлық жұмысты бір мердігерге тапсыру көзделеді.

EPC-келісімшарты және төрт жоба

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Парасат Жұмағалиев құрылыс саласының даму жағдайында инвестициялық жобаларды басқару тиімділігін арттыруда жаңа келісімшарттық нұсқалардың  бірі – EPC-келісімшарттары туралы түсінік беріп, төрт жоба туралы баяндады. EPC-келісімшарты бойынша  бір мердігер жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу, нысанды («толық бітіріп берілетін құрылыс») салу жауапкершілігін толықтай өз мойнына алады.  Тапсырыс беруші өз кезегінде алдын ала келісілген мерзімде, белгіленген құнмен және нақты техникалық сипаттамаларға сәйкес пайдалануға дайын нысанды қабылдап алады. Құрылыста EPC-келісімшарттарын қолдану мерзімдердің бұзылу тәуекелдерін төмендетеді. Осындай жаңа тетік негізінде жүзеге асыруға ұсынылатын әлеуметтік саладағы төрт жоба депутаттар назарына ұсынылды.

Бірінші жоба – Орал қаласының Жұлдыз шағынауданында 1500 орындық мектеп және  Сырым ауданының Жымпиты ауылында 60 орындық интернаты бар 400 орындық мектеп құрылысы. Аталған жобаларды іске асыру оқушы орындарының тапшылығын қысқартуға, үш ауысымды оқытуды төмендетуге, балалардың әлеуметтік инфрақұрылымын және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Келесі жоба – Орал қаласының Ақжайық шағынауданында 200 төсек-орындық перинаталдық орталық құрылысы. Бұл жобаның басты мақсаты – облыс халқын заманауи, қауіпсіз және сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, замануи жабдықтармен қамтамасыз ету, акушерлік және неонаталдық көмектің сапасын арттыру. Төртінші жоба – Орал қаласы аумағындағы ипподром құрылысы. Ипподром ат спорты бойынша жарыстар өткізуге, жаттығу сабақтарын ұйымдастыруға, сондай-ақ көрермендердің қатысуымен мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған. Көрермендер трибуналары – 1500 орындық. Осының өзі өз кезегінде қалалық және республикалық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Ипподром қайда салынады?

Депутат Ербол Салықов тұрақты комиссия отырысында  ипподром жобасына қатысты ұлттық ат спортын дамытуға басымдық беру туралы айтылған ұсыныстардың ескерілуін сұрады. Ал халық қалаулысы Борис Лаврентьев мектептердің типтік жоба бойынша салынуы қажет екендігін,  ауданы үлкен нысандарды жылыту, жарықтандыру шығындары қомақты болатынын еске салды.

– Типтік жобаларды қолдануға дайынбыз. Аталған жобаларды назарларыңызға ұсынғанда мақсатымыз – бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану. Көбіне жобаны сараптамадан өткізгеннен кейін қателіктер анықталады. Мұнда конкурста жеңімпаз деп танылған мердігер  жобаны өзі жасақтайды, құрылысты өзі салады.  Осындай жүйемен жайлы мектеп салынды және төрт вокзал қайта жаңартылуда. Типтік жобаны қолдануға қатысты техникалық кеңеске шығарып, депутаттармен бірге талқылауға әзірміз, – деді Мирас Мүлкай.

Депутат Мирболат Құрманғалиев ипподромның Құс фабрикасы шағынауданы жағында салынатынына көңілі толмайтынын жеткізді. «Ипподромның коммерциялық мақсатынан гөрі ұлттық спорт жағына басымдық беруіміз керек. Оған дұрыс жер таңдағанымыз жөн. Халық келіп-кетуде қиналып, кептелісте тұрмауы тиіс. Көпір салу жобасын да ақылдасып, шешкеніміз дұрыс», – деді Мирболат Қуанышұлы.

– Ипподромның эскиздік жобасын да, коммерциялық бағытқа басымдық бермеу жағын да ақылдасамыз. Жерді Селекционный немесе «Ақжайық» шағынауданы жағынан қарастырамыз. Көпірге қатысты айтар болсақ, Шаған өзені арқылы көпір салып, шаһардағы Мәметова, Сдықов көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға мән беріп отырмыз. Көпір құрылысы барысында жолдағы бірнеше жеке тұрғын үйді сатып алу мәселесі туындады. Үй иелерінің кейбірі тым қымбат баға қойып отыр, – деп жауап берді Мирас Мүлкай.

Депутат Тұрарбек Тілемісовтың айтуынша, 2014 жылы көпір құрылысы туралы мәселе көтерілгенде, оның құрылыс бюджеті 11 млрд теңге болды.  «Қазір 35 млрд теңгеге жетті. Осылай жүре берер болсақ,  көпір салынбай қалады. Деркөл жақта 70 мыңдай халық тұрады. Короновирус індеті кезінде екі көпірден шыға алмай қиналғанымызды ұмытпайық», – деді ол.  Сондай-ақ халық қалаулылары көпірді басқа жақтан келгендер  салса да, жолдарды салуға жергілікті компанияларды тарту ұсынылды.

DSC01307

EPC-келісімшарттар аясында жүзеге асыру үшін талқыға ұсынылған жобаларды халық қалаулылары қолдады.

Көпшілік дауыспен қабылданды

Сессияда облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерін жою туралы мәселе қаралды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов жер ресурстарын бөлу тиімділігін арттыру арқылы кәсіпкерлік белсенділікті жандандыру және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында 2025 жылдың 4 желтоқсанында ҚР Үкіметінің «Жер пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» қаулысы қабылданып, барлық деңгейдегі әкімдерге жер комиссиялары институтын жою жөнінде тапсырма берілгенін баян етті.  «Осы қаулыны орындау мақсатында, 2026 жылдың 16 қаңтарында облыс әкімдігінің қаулысы қабылданып, облыстық жер комиссиясын тарату жөнінде шешім қабылданды. Сәйкесінше аудандық (қалалық) жер комиссиялары да жойылады. Бұл өз кезегінде шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіншілік береді және әкімдіктерден жер бөлу үрдісіндегі жауапкершілікті одан әрі күшейтуді талап етеді», – деді Нұржан Мақсотов.

Сонымен қатар депутаттар «Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының мөлшерлемелерін белгілеу туралы» облыстық мәслихат  шешімінің жобасымен танысты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетовтың  баяндауына сүйенсек, тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, мәслихаттардың құзіретіне жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін белгілеу функциясы берілген.   Өңірде 2134 тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізімге енгізіліп, қорғауға алынған, соның ішінде жергілікті маңызы бар ескерткіш саны – 2104. Ұсынылған жобаға қатысты кейбір халық қалаулылары қаржылық шығындардың артуына және кәсіпкерлерге жалға берілетін нысандарға жасалған сараптама жоқтығын айтып, қарсы болды. Алайда аталған жоба көпшілік дауыспен мақұлданып, қабылданды.

Сессияда ауыз суды өрт сөндіруге пайдалану кезіндегі шығындарын сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдарға өтеуге жұмсалатын жергілікті атқарушы құрылымдардың шығыстарын бекіту туралы және басқа да  мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

  Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале