Орал қаласының әкімі М. Байменовтің назарына!
Орал қаласына қарасты Селекционный ауылының аумағында көпір атаулы баршылық. Ал біздің бүгін сөз еткелі отырғанымыз – Конкин көшесінің бойындағы көпір. Осы көпірдің қазіргі жағдайы адам аярлықтай, үсті ойық-ойық. Осынау «мың-сан» ойықтардың әрқайсысының көлемі құдды танкіге қарсы қойылатын минадай үлкен.

Оның үстіне көпірдің асфальт бөліктерін бірі-бірімен жалғастыратын ленталардың жиегіндегі битум-асфальттар мүжіліп-желініп, кәдімгідей жылғаларға айналған. Үстімен жыл он екі ай бойы үздіксіз әрліберлі жеңілі бар, жүк таситыны бар мыңдаған аутокөлік жүйткитін үшбу көпір көрер көзге күннен күнге ырым-жырымы шығып, әбден азып-тозып барады. Тап қазірдің өзінде аталмыш көпірден бүкіл көлік біткен аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп, әрең өтеді.

Әгәрки, қала әкімінен тез арада қайран болмаса, тап бүгін тілімізге тиек, сөзімізге өзек болған көпірдің көп кешікпей кәдеге жарамай қалуы әбден кәдік...
Редакция алқасы
