Тепсе темір үзетін тасқалалық көкпаршы жігіттер №333 сайлау учаскесіне келді. Атпен келген азаматтар сайлаушылардың назарын өздеріне аудартты. Олар Ұлттық спорт түрлері бойынша Тасқала аудандық спорт клубының көкпаршы-шабандоздары екен. Іштей таңданып әрі риза болып біз тұрдық. Одан әрі жігіттерді бастап келген аталмыш спорт клубының директоры Әсет Хайыршақовты әңгімеге тарттық.
– Күні кеше ағайын-туыс, таныстарымның бәріне сайлаудан қалмау керектігін айттым. Бұл – бірінші кезекте өзіме жауапкершілік жүктедім деген сөз. Сондықтан да мен үшін мұндай уақытта белсенділік таныту аса маңызды және өзім соған ниеттімін. Жалпы айналамызда боп жатқан өзгерістерден тыс өмір сүруге болмайды. Бұл ретте көкпаршы жігіттердің де барынша атсалысып, ауданның азаматы ретінде үн қатқандары дұрыс деп есептеймін. Осындай мақсатта ел қатарынан табылып, таңдау жасауға келдік. Заманның әр кезеңінде түрлі өзгеріс болады. Аттың құлағында ойнайтын ұрпақтарымыз бен елдің ертеңін ойлайтын ат үстіндегі азаматтарға амандық тілеймін, – деді Әсет Хайыршақов.
Аманжол Исламғали,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz