Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жолаушыларды құтқарып қалған жас батыр Ақжолды "Ел қорғаны" медалімен марапаттады.
Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.
Бұл награданы "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушісі Ақжол Геройға қорғаныс ведомствосының басшысы атынан десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыс етті.
Іс-шараға десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы, Ақжолдың ата-анасы және "Жас сарбаз" қозғалысының тәрбиеленушілері қатысқан.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Ақжолға батыл іс-әрекетінің арқасында жол-көлік оқиғасының алдын алғаны үшін ізгі тілектерін жеткізген.
"Сіздердің ұлдарыңыз сындарлы сәтте атына заты сай нағыз батыр екенін дәлелдеді", - делінген Ақжолдың ата-анасына жазылған алғыс хатта.
Еске сала кетсек Ақжол күтпеген жайтқа тап болған автобус жолаушыларын құтқарып қалған болатын.
Өзі оқитын мектепте ержүрек оқушы ноутбукпен марапатталған. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев оған алғысхат пен соңғы үлгідегі iPhone 15 ұялы телефонын табыс етті.