14.03.2018, 17:34
Оқылды: 70

Көрісу мейрамы облыс аудандарында кең көлемде аталып өтілді

акжайыкАғайынды жақындастырып, шаттыққа бөлейтін көрісу мерекесі облыс аудандарында кең көлемде аталып өтуде. Бұл туралы аудандағы тілшілеріміз хабарлайды.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов пен аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев чапаевтық еңбек ардагерлері Мұқадес Оразов, Аманғали Қайсағалиев және Дәулетжан Жақсыбаевтың шаңырақтарына арнайы ат басын тіреп,  айдың бір жаңасымен құттықтап, көрісті. Чапаевта алаңдарда киіз үйлер тігіліп, айт кең көлемде тойлануда. Бұларда жиналған үлкен-кішіні аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады. Жұрт шелпектен, наурыз көжеден дәм татуда. Айта кетейік, Ақжайық аудандық делегациясы Маңғыстау облысында өткен амал мерекесіне қатысты. Аудандық газет тілшісі Бекболат Қаленовтың хабарлауынша, Адай Ата кесенесінде Ұран оты жағылып, жұртшылық бір-бірімен көрісіп, мейрамды атап өтуде. Отпан-таудың басына 70 киіз үй тігілді.

казталовБұл күні Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» редакциясының ұжымы газеттің Жалпақтал ауылындағы бөлімшесінің қызметкерлері,  баспахананың байырғы майталманы Амангелді Кәкімовтің, журналистика саласының ардагері Болат Бекешевтің шаңырақтарында болды. Амангелді Кәкімов редакцияның жүрегі баспаханаға жетекшілік етті. Ол кезінде «Коммунист», «Жалпақтал өңірі», «Сарыөзен тынысы», «Ауыл айнасы» газеттерінің шығуына үлес қосты. Ал Болат Бекешев сол «Коммунист», «Жалпақтал өңірі» газет редакциясында журналистика саласында еңбек етті. Көрісу мерекесінде арнайы құттықтап келген редакция қызметкерлеріне қос ардагер алғыстарын айтып, шынайы ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

каракалпакЖалпақтал ауылында Наурыз мейрамын тойлау басталып, ауылдас ағайындар Мәдениет үйінің алаңына жиналды. Шараға қатысқан Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин, ауылдастарды бүгінгі көрісу мейрамымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді. Киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайылды. Жиын барысында ұйымдастырылған спорттық шараларда жеңімпаздар анықталып, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Қазталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында Көрісу күніне орай мерекелік шара өтті. Саябақта ақшаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан дастархан жайылды. Осы орайда аудандық балалар саз мектебінің ұжымы ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрден көріністер қойып, әсем әндер шырқады.

аксай (2)Бөрлі ауданындағы «Көрісе келдік, ағайын» деп аталатын акция барысында ұйымдастырушылар жолда кездескен әрбір адамға жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпатын үлестірді.

зеленов 3Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылының тұрғындары мен қонақтары үшін биылғы Көріс айт айрықша басталды. Таң сәріден ұлттық киімдерін киіп, орталық алаңға жиналған аудандық мәдени демалыс орталығының көркемөнерпаздары ауыл ішін әнге бөлеп, мереке сәнін кіргізді. Наурыздың 23-не дейін аудан көркемөнерпаздары орталық алаңда театрландырылған көріністер қойып, тамаша концерт ұсынатын болады. Арнайы тігілген киіз үйлерде қазан көтеріліп, наурыз көже таратылып, ауыл қонақтары мен тұрғындары ыстық бауырсақ пен сан түрлі тәттіден ауыз тие алады.

теректыТеректі ауданындағы Достық үйі  алаңында аудан әкімі Кәрім Жақыпов барша теректіліктерді аталмыш мерекемен құттықтады.
-Үлкендердің тәрбиесін көріп өскесін, Көрісу мерекесі менің жаныма етене жақын. Бұл күні барлық өкпе-реніштер ұмытылып, жас пен кәрі төс түйістіріп амандасып жатады. Бала кезімізде үй-үйді аралап, ата-әжелердің батасын алуға асығушы едік. Бүгін, міне, көненің көзіндей болған ақсақалдарды және ақ жаулықты аналарымыздың басын қосып, бата-тілектерін есту үшін осы жерге жиналып отырмыз. Барша ағайынға саулық, елімізге тыныштық, Елбасымызға амандық тілеймін,-деді аудан әкімі.

жанибекЖәнібек ауданының орталығында көрісу айтына арналған мейрам өзіндік өрнегімен, ерекшелігімен өтті. Аудан әкімінің құттықтауынан кейін ән мен күйге, биге кезек беріліп, алаңдағы жұртшылық халқымыздың төл туындыларын тыңдап,  бір жасап қалды. Ұлы даланың ұлық мерекесінің салтанатына бөленген жұртшылық алаңға Т.Жароков, А.Оразбаева атындағы мектептер,  №1 мектеп-лицей және М.Ықсанов атындағы колледж  тіккен отауларға бас сұғып, арнайы әзірленген ұлттық  тағамдардан дәм татты. Ұлттық мерекеге жиналған көпшілік, сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер арасында өткен ат үстіндегі аударыспақ ойынын да тамашалады.

Қаратөбе ауданының орталық алаңында қазақы дәстүрмен тоғыз киіз үй тігіліп, халықтық серуен өтті. Алдымен, сахна төріне көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев аудан халқын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады. Бұқара халыққа ақ бауырсақ ұсынылып, шашу шашылды. Ұлттық нақышта безендірілген ауылдық округтер тіккен киіз үйлерден тұрғындарға дәм ұсынылып, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық киім киген жастар асық ату, арқан тартыс ойындарын кеңінен насихаттады. Облыс, ауданға танымал өнерпаз әншілер Нұршат Исламғалиев, Аяжан Смағұлова, Рысгүл Жұмағалиевалар әннен шашу шашып, өнер көрсетті.

Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылының тұрғындары «Күйшілер» саябағына жиналды. Оларға ұлттық киімдер киген демалыс орталығының көркемөнерпаздары ренжіскендердің де өкпе-реніштерін ұмытып, бір-бірімен төс қағыстыра амандасатын, балалардың үйді-үйді аралап, ата-әжеден бата алатын сәттерін сахнада бейнелеп, күй шертіп, мереке сәнін кіргізді. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жиналған қауымды мейраммен құттықтап, ақ тілегін жеткізсе, ауыл имамы Назымбек Иманғалиев құран оқыды. Ұлы даланың ұлық мерекесінің салтанатына жиналған көпшілік тігілген киіз үйлерге бас сұғып, наурыз көже мен ыстық бауырсақтардан дәм татты. Шара соңы жасөспірімдердің қазақтың ұлттық асық ату ойынына жалғасты.

 

Облыс аудандарындағы көрісу мерекесіне арналған шаралар жалғасуда.

 

6. Мерекелік көңіл күй 8. Асық ату ойыныzhaikpress.kz                                  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале