Жер шарының өкпесі саналатын орман-тоғайды сақтау, оның қорын молайту, табиғаттағы жан-жануарлар дүниесіне қамқор болу, оларды өрттен, басқа да қауіп-қатерден қорғау – орманшылардың төл міндеті. Қазан айының үшінші жексенбісінде көркем тоғай, жасыл орман жайқалтқан аталмыш сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді.
Ақ Жайық өңірі ақ және қара терек, емен, шегіршін, ақ тал мен қайыңды-көктеректі тоғайлы ормандарымен ерекше көрікті. Мұндай ормандар қорғаныштық, су, топырақ-егіс қорғау, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және басқа пайдалы қызмет атқарады.
– Мемлекеттік орман қорының жері облыстың Шыңғырлау, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Сырым, Ақжайық, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жаңақала аудандарында және Орал қаласының маңында орналасқан. Өңірдегі орман қоры жерінің жалпы ауданы 216 851 гектарды, оның орманмен қамтылған аумағы 87 938 гектарды құрайды. Осы аумақтағы мемлекеттік орман қорын қорғау, оны молайту, тал-терек өсіру және орманды ұтымды пайдалану жұмыстарына 8 орман шаруашылығы мекемесіндегі 603 маман, орманшылар жұмылған, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллин.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді»
деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021-2025 жылдарға арналған «БҚО-ның ормандарды молықтыру және орман өсіру кешенді жоспары» бекітіліп, басшылыққа алынған. Кешенді жоспарға сай облыс бойынша мемлекеттік орман қоры аумағында орман дақылдарын отырғызуды 900 гектардан (2021 жылы) 4794 гектарға (2025 жылы) дейін ұлғайту жоспарланды.
– Бес жылда орман қоры аумағындағы 15 096 гектар жерге ағаш егу, 6581 гектар алқаптағы орман дақылдарын толықтыру жұмыстары
жүргізіледі. Барлығы 56 миллион 570 мың дана тал-терек отырғызу көзделген. Биыл 900 гектарға ағаш егу, 450 гектардағы орманды терек түрлерімен толықтыру жоспарланды. Көктемгі мезгілде орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері 311 гектарға орман дақылдарын отырғызу, 273 гектардағы орман-тоғайды ағаш түрлерімен толықтыру жұмыстарын жүргізді. Барлығы 1 миллион 300 мың дана түрлі ағаш-бұта отырғызылды. Күзде 579 гектарға тал-терек егу, 177 гектардағы орман алабын ағаштармен толықтыру жұмыстары жүргізіледі. Орман аумақтарына 2 миллион 200 мың дана көшет егіледі, – деді Бисенғали Темірланұлы.
Орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне қарасты 8 орман тұқымбақтарындағы 18 гектардан астам жерде 5 млрд. 568 млн. 700 мың дана екпе материалы өсірілуде. Тұқымбақтар орман дақылдарын отырғызу жұмыстарына қажетті екпе материалдармен, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарына қажетті көшеттермен қамтамасыз етеді.
Орман шаруашылығын нығайту үшін облыстық бюджеттен 439 млн. 600 мың теңге бөлініп, техника және жабдықтар сатып алынуда. Сонымен қатар орман дақылдарын отырғызуға, топырақ жарамдылығын зерттеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 55,5 млн. теңге бөлінді.
– Орманшылар орман-тоғайды өрттен, зиянкестерден қорғаумен айналысады, ағаш отырғызады, баға жетпес табиғи ресурстарды пайдалануды қатаң бағалайды. Бұл салада жұмыс жасайтын адамдар үнемі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Мереке қарсаңында осы салада көп жыл қызмет атқарып, айналамыздағы жасыл желекті қорғауға, оның өсімін молайтуға еңбек сіңіріп келе жатқан мамандарымыз Мәлік Мұхтар, Резеда Сайфетдинова, Андрей Шимаров, Есет Сариев, Марат Мәзімов, Вячеслав Лемешко, Сапарғали Алмағамбетов, Наталья Максимова, Анатолий Хлоповской, Мұрат Құмаров, Ержан Абулхаиров сынды мамандардың есімдерін құрметпен атаймыз, – деді Бисенғали Хайруллин.
Орман – елдің дәулеті, жер-дің сәулеті. Сондықтан табиғат-ана сыйлаған осынау байлықты тек орманшылар емес, баршамыз көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz