4.11.2020, 22:15
Оқылды: 47

Коронавирус қаупі: Балаларды қорғау мен шетелдік сапарларды қысқартуға мән беру керек

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары коронавируспен сырқаттанудың өсуі барлық өңірлерде байқалып отырғандығын айтып, дабыл қағуда. Қазіргі кезде әлем елдерінде аурудың таралуы жалғасуда, осы орайда індетке шалдығу деңгейі артып келеді.

1580799127_755807983706540
«Сырқаттанудың өсуі барлық өңірлерде байқалып отыр. Өткен аптамен салыстырғанда ауру 2,6 есеге өсті. Бүгінгі күні 14 өңірдің – Солтүстік Қазақстан облысының, Батыс Қазақстан облысының, Ақмола, Маңғыстау, Алматы, Атырау, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері күшейтілген шаралар қабылдады. Күшейтілген шаралар қоғамдық тамақтану объектілерінің толтырылуын азайтуға, кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет объектілерінің және халықтың тыныс-тіршілігіне қызмет ететін нысандардың жұмыс кестесін қысқартуға, шектеу шараларын сақтауға, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтата тұруға бағытталған», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ведомство өкілі коронавирус инфекциясының таралуы кезеңінде балалардың денсаулығын сақтау бағытына ерекше тоқталды.

Вице-министрдің айтуынша, күн сайын жаңа туған нәрестелер мен коронавирустық инфекциясы бар балалар жағдайына мониторинг пен бақылау жүргізіледі. Биыл елімізде COVID-19 диагнозы расталған барлығы 3 164 бала тіркелген, оның ішінде 114 жаңа туған нәресте бар. Бұл тұрғыда барлық жағдайлар ПТР нәтижелерімен расталған.

Белгілі болғандай, COVID-19 диагнозы зертханалық расталмаған КВИ 1810 балада тіркелген. Балаларда COVID-19 инфекциясынан өлім-жітім болған жоқ.

«Коронавирустық инфекцияның ағымы 85 пайыз (2697) балаларда симптомсыз және жеңіл болды, 14,2 пайызында (448) орташа дәрежеде және 19 балада ауыр болды. Бұл барлық жағдайлардың 0,6 пайызын құрады, барлығы стационарлық жағдайда емделді», - деді А. Ғиният.

Қазіргі кезде COVID-19 індеті бар 340 бала бақылауда тұр, оның ішінде жаңа туған 3 нәресте, 18 жасқа дейінгі балалар-337, емдеуге жатқызылғандар - 55, амбулаториялық емдеуде – 285.

Айта кетейік, COVID-19 індеті бар 200 оқушы, сондай-ақ балабақшаның кезекші тобына барған 18 бала және интернаттан 21 бала бақылау шараларымен қамтылды.

«2020 жылғы тамыздан бастап республикада COVID–19 індетімен астасқан мультижүйелік қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас синдром) жағдайлары тіркеле бастады. Ауру ушыққан жаз айларынан кейін балалар арасында аталған індет анықталды. Үш аптадан бері балалар арасында бұл ауру тіркелмеді», - деді вице-министр.

Биыл мультижүйелік қабыну синдромы бар 42 бала тіркелген, қазіргі уақытта мұндай диагнозы бар пациенттер жоқ.

Айтпақшы, Ажар Ғиният коронавирусты қайта жұқтыру дерегі Қарағанды облысында тіркелгенін айтты. Ал Батыс Қазақстан облысындағы жағдай расталмады, яғни осы өңірдегі әйел адамның індетке шалдығуы қайта жұқтыру дерегі ретінде қарастырылмай отыр.

КВИ бойынша тестілеу артты

Бүгінге дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясына қатысты 3 млн 655 тестілеу жүргізілді. Естеріңізде болса, шілде айында Қазақстанда тестілеу деңгейі тәулігіне 40 мыңнан сәл астам болатын. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш тәулігіне 70 мыңға жеткізілді. Жүргізілген тестілеу көлемі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып артып келеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың сөзіне қарағанда, өткен аптада ел бойынша тестілеу санының 10 пайызға өскені байқалды. Ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш еселеп артты.

«Солтүстік Қазақстан облысында тестілеу үш есеге, Шығыс Қазақстан облысында екі есеге, Алматы облысында 2,4 есеге, Ақмола облысында 1,6 есеге өсті. Сонымен қатар, қалған өңірлерде де тестілеу деңгейі артып келеді», - деді комитет басшысы.

201104195100732e
А. Есмағамбетова коронавирус инфекциясы қайтадан жұқтырып алу қатерін ескере отырып, ел халқын сақтық шараларын орындауға шақырды.

«Осы орайда әлем елдерінде індетті қайта жұқтыру оқиғалары тіркеліп жатқанын түсіну керек. Бұл өз кезегінде ауруды еңсергеннен кейінгі иммунитет ұзақ емес, қысқа мерзімді екені тағы да расталып отыр. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, аурудан емделгеннен кейінгі иммунитет 1-ден 3 айға дейін сақталады. Індетті қайта жұқтыру мүмкіндігі бар екенін білеміз. Аурудан емделген адамдар барлық алдын алу шараларын сақтау керектігін есте сақтағаны дұрыс», - деді ол.

Сонымен қатар комитет басшысы Қазақстан азаматтарына шетелге бармауға кеңес берді. Себебі өзге мемлекеттен сапарлап келгендер арасында індет жұқтыру жағдайлары артып келеді.

«Сондықтан шетелге сапарлауды жоспарласаңыздар, ол елде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі бар екенін ескеріңіздер. Қазіргі кезде мүмкіндігінше шетелге шықпауға тырысу керек», - деді А. Есмағамбетова.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале