Атырау облысындағы Теңіз кенішіне мердігер компаниялардың жұмысшылары жалған ПТР тест анықтамасымен келген, деп жазады ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифингте «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев мәлім етті. «Мердігер мекемелердің кейбір қызметкерлері санитарлық бекеттерден жалған ПТР-тест анықтамаларды көрсету арқылы өткен фактілер анықталды. Осындай қызметкерлерге берілген рұқсаттар дереу жойылды. Өрескел фактілер туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланды. Ресми тергеу жүргізіледі деп күтілуде», - деді Рзабек Артығалиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Теңіз кенішінде бір тәулікте 42 жұмысшы індет жұқтырғанын, кен орнында 2 компания карантинге жабылғанын жазған болатынбыз.
zhaikpress.kz