1.02.2021, 17:21
Оқылды: 41

Коронавирустан айыққан соң қалай тамақтану керек?

Коронавирустың алғашқы толқынындағы тәжірибе көрсеткендей, көптеген науқастың иіс және дәм сезу қабілеттері төмендеді немесе мүлдем жоғалып кетті. Медицинада адам ағзасының мұндай күйге ұшырауын мидың өзін қорғау функциясы деп атайды екен. Науқас айығып, бойынан инфекция жойылған соң рецепторлар әрі кеткенде бір ай ішінде қайта қалпына келеді. Бұл ретте тағамның маңызы зор. Әсіресе, індетке шалдыққанда және одан айыққаннан кейін дастарқан мәзіріне «екі шоқып, бір қарау» керек екен. Бұл туралы Орал қалалық №1 емхананың эпидемиолог дәрігері Қайрат Төлегенов айтты.

6BFE5442-83E2-4618-8547-FBC9819AC88D

Оның мәліметінше, COVID-19 вирусы адамның иммунитетін әлсіретіп, өкпе, бауыр фиброздарын тудыруы мүмкін. Індеттен соң кей науқасты асқазан-ішек аурулары мазалайды екен. Ауру салдарынан адамның тамаққа тәбеті тартпайды. Ағзада дәрумен жетіспеушілігінің белгісін осыдан-ақ байқауға болады. Әдетте, коронавирустың ауыр түрін басынан өткерген науқастар аурухананың жансақтау бөлімшелерінде немесе стационарда арнайы ем қабылдайды. Егер науқас үйде болса, майлылығы төмен сорпа, ұнтақталған ботқа жеу керек. Сонымен қатар шөп қайнатпаларын, жидекті, лимон қосылған шайды, жеміс қайнатпаларын, тіпті тосап пен морс ішуі қажет. Шайға және морсқа қант қосып ішуге де болады. Ағзадағы глюкозаның жетіспеушілігін осылайша толықтырған жөн. Асқа тәбет тартпаған жағдайда  итмұрын тұнбасы дәру. Мысалы, осы өсімдіктің құрамында иммунды жүйенің жұмысын ретке келтіретін С дәрумені мол. Ең бастысы, науқас көп мөлшерде су ішкені дұрыс. Бұл ағзада электролитті тепе-теңдіктің сақталуына көмектеседі. Сондай-ақ сұйықтық адам ағзасында вирустың өмір сүруіне қажетті азық-түліктерді, токсиндерді алып кетеді. Нәтижесінде интоксикация синдромы мен дене қызуын түсіреді.

– Егде тартқан адамдар тауық сорпасын көбірек ішкені ләзім. Егер науқастың тамаққа тәбеті мүлдем тартпаса, қыстауға болмайды. Мұндай жағдайда регидрон сұйықтығын әрбір 10 минут сайын ас қасықпен беріп отырса, көмегі зор. Жалпы, індет кезінде және одан кейін де тамақ мәзірін өзгерту қажет. Мамандар КВИ-ден сауыққандарға Певзнер бойынша №2 немесе №15 диета түрімен тамақтануға кеңес береді. Әдетте, бірінші диета түрі гастрит, асқазан жарасы және асқазан-ішек жолдары аурулары бар науқастарға ұсынылады. Ал №15 диета ерекше рационды немесе қатаң тамақтану режімін ұстануға міндетті емес науқастарға арналған. Жалпы, коронавируспен ауырғандар күн сайын қарақұмық немесе сұлы ботқасын майлылығы төмен сүтке немесе суға қайнатып жегені дұрыс. Сонымен қатар тамақ рационына ақуызға бай жұмыртқа (қайнатылған күйінде), майлылығы аз ірімшік, бұқтырылған көкөністер, жылқы мен тауық еті, айран, шұбат, қымыз және жұмсақ жемістерді қосса да болады. Алайда тағамдар науқастарға қайнатылған немесе бұқтырылған күйінде ұсынылуы тиіс. Аурудан айыққан адамның ағзасы кемінде алты айдан кейін ғана қалпына келетінін ескерсек, тамақ мәзірінде асқазанда қорытылуы ауыр, майлы, құрамында дәмдеуіштері көп тағамдардың болмағаны абзал. Ауруханада көп мөлшерде антибиотиктер қабылдаған науқастардың көпшілігінде асқазан жарасы пайда болуы мүмкін. Сондықтан майлылығы әлдеқайда төмен балық, жылқы мен күркетауық еттерін пайдаланған тиімді. Дәрігердің тағайындауымен кальций, темір, С, магний B6 дәрумендерін ішуге болады. Коронавирус кезінде таза йогурт, ағарған өнімдерді көп ішу қажет. Әсіресе, қымыз бен шұбат буын, өкпе ауруларына ұшыраған адамдарға жақсы көмектеседі, – дейді Қайрат Мұратұлы.

Гүлсезім Ерболатқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале