Елімізде коронавирус індеті тарап, оның алдын алу, емдеу жұмыстарының жүргізіліп келе жатқанына екі жылға жуық уақыт өтті. Содан бері осы індетпен күреске қарсы жұмылдырылған медицина мамандарының саны мен құйылған қаржының есебі қомақты. Бүкіл ауру атаулы бір төбе, ал коронавирус бір төбе болғандай. Бірақ дәрігерлер барлық дертті ысырып қойып, коронавируспен күрессе де, одан түбегейлі құтылатын түріміз әлі көрінбейді. Ел аумағында, сондай-ақ «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» көршілес Ресейде де эпидахуал мәз емес. Ал бұл уақытта басқа аурулардың жайы не болып жатыр? Биыл тоғыз айда облыстың 147 тұрғыны инсульттен қайтыс болыпты. Инсульттің алғашқы белгілері қандай? Оның алдын алу үшін не істеу керек? Осы сауалдар төңірегінде Орал қалалық көпбейінді аурухананың жоғары дәрежелі невролог дәрігері Жандос Шохановпен тілдескен едік.
Төрт сағат ішінде медициналық ем-дом жасалуы керек
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың мәліметінше, биылғы тоғыз айда өңірде 1358 адам инсульт алған. Оның 957-сі ишемиялық, 401-і геморрагиялық түріне шалдығыпты.
– Инсульт - мидағы қан айналымының жіті бұзылысы. Яғни мидағы қан тамырларының бірінің үзілуі, түйілуі немесе бітелуі салдарынан орын алады. Инсульт екіге бөлінеді. Бірі – мидағы қан тамырының ұйыған қан түйіршіктерімен (тромб) бітелуінен пайда болатын ишемиялық инсульт, екіншісі – қан тамыры жарылып, қан миға құйылудан болатын геморрагиялық инсульт. Ең қауіпті түрі – геморрагиялық инсульт. Мұндай кезде адам есінен танып қалады. Инсульттің бұл түріне шалдыққандардың 70%-ы көз жұмады. Ал ишемиялық инсульт алған адамның миына қан дұрыс бармайды. Дәрігер көмегіне уақтылы жүгінсе, аурудан толық сауығуға болады. Инсульт алған науқасқа төрт сағат ішінде жедел ем-дом жасалуы тиіс. Оның белгілері FAST тест (face – бет, arm – қол, speech – тіл, time – уақыт) арқылы анықталады. Яғни адамның кенет бет-аузы қисайып, тілі күрмеліп, аяқ-қолы тепе-теңдігін сақтай алмаса, тездетіп «Жедел жәрдем» шақыру керек. Жалпы, инсульттің белгілеріне бастың қатты ауруы, тілдің күрмелуі, бір жақ беттің жансыздануы, қан қысымының ұзақ уақыт жоғары болуы жатады. Бұл дерттің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау маңызды. Көбіне ауылдық жерлерде тұратын үлкен кісілер басы қатты ауырса немесе денесінің бір жақ бөлігі жансыздана бастаса, «жел соққан» деп ұшықтатып қойып, жүре береді. Мұндай науқастардың ми тамырлары солып қалады да, ем қолданғанмен нәтиже бермейді, – дейді Жандос Ахметханұлы.
20 жастағылар да инсульт алуда
Дәрігердің айтуынша, бұрын инсультке көбіне алпысты алқымдағандар шалдығатын. Бірақ соңғы он жылда ауру көрсеткіші тым өзгеріп кеткен. 40 жастағы адамдар да осы дерттің құрығына ілінуде. Тіпті 20 жастағы қылшылдаған жастар да инсульт алады екен. Мұның негізгі себебін дәрігерлер жастардың шылым және алкоголь тұтынуымен, сондай-ақ экологиямен байланыстырып отыр. Күйзеліс те аталған ауруға душар етеді. Адамдардың жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруымен ауыратындар көбейді. Сондай-ақ қимыл-қозғалыстың аздығы мен құнарсыз тамақтану және майлы тағамды жиі тұтыну да адамды инсультке ұшыратады.
Жандос Ахметханұлы «Жедел жәрдем» көмекке келгенше науқасты тегіс жерге жатқызып, басына шамамен 30 градус болатындай жастық салу қажеттігін айтады. Терезені ашып, галстугін босатып, түймелерін ағытуды да ұмытпаған жөн. Мұндай кезде жанындағылар науқастың тілін қолмен, қасықпен басып жатады. Бұл дұрыс емес. Тіпті науқасқа дәрі беруге де болмайды екен. Инсульт, инфаркт, жарақат сияқты ауруларға «Жедел жәрдем» ең жақын жердегі білікті мамандар тобын жіберетіндіктен, инсультке күдік туралы хабарлап, шақырған абзал.
Осы орайда айта кетсек, дәрігерлер бригадасын «112» бірыңғай нөміріне хабарласып та шақыруға болады. Бұл нөмірге абонентте бірлік жоқ кезде немесе теріс теңгерім болса, тіпті sim-картасы жоқ, телефон бұғатталған кезде де қоңырау шалуға болады.
– Инсульттің себептеріне қандағы майдың, холестериннің, қанттың артуын және жастарда жиі кездесетін қан тамырларының кеңеюін (аневризма) жатқызуға болады. Оған тамақтану тәртібі-нің және өмір сүру салтының дұрыс болмауы тікелей әсер етеді. Мысалы, адам тәулігіне 1500-2000 калорияға дейін тамақтануы керек болса, оны бір мезетте 3000-ға жеткізіп жататындар бар. Қимыл-қозғалыс болмаған соң ол калория майға айналады. Оған қоса қазір үлкен-кіші демей, газдалған сусын мен тез даярланатын гамбургер, KFC сияқты жылдам даярланатын фастфуд өнімдерін көп жейді. Олардың құрамындағы химиялық қоспа ағзаға кері әсерін тигізеді де, зат алмасуды бұзады. Сөйтіп, түрлі деңгейдегі қан-тамыр дерті пайда болады. Инсульттен қайтыс болғандардың саны соңғы 10 жылда 30 пайызға артып отыр, – дейді невролог.
Мидағы қан айналымы жүйесінің бұзылуы сал ауруына, кей жағдайда өлімге душар етеді. Инсульт алған адамның денесінің бір бөлігі салданып, сөйлеу, зәр шығару жүйесінің қызметі бұзылады.
Инсульттен қалай сақтануға болады?
Әдетте кез келген дерт адамның салауатты өмір салтын сақтамағаннан басталады. Соған орай Жандос Ахметханұлы инсульттің алдын алу үшін төмендегі бірқатар кеңестерге тоқталды.
- Дене салмағын қадағалау
Артық салмақ – инсульт тудыратын факторлардың бірі. Семіздіктің кесірінен артериалды қан қысымы көтеріліп, жүрек-қан тамыр аурулары туындайды.
-Көкөніс пен жеміс-жидекті жиі тұтыныңыз Көкөністер қан қысымын төмендетуге, тамырдың иілгіштігін жақсартуға әсер етеді. Бұл өз кезегінде инсульттің алдын алады.
- Темекі мен ішімдіктен бас тартыңыз
«Шылымды анда-санда шегемін» деген сөз ақталуға жатпайды. Шылым мен алкоголь – қан қысымын көтеретін бірден-бір фактор.
-Жаттығу жасаңыз
Физикалық белсенділік – инсульттің барлық түрінің дамуын төмендетеді. Әсіресе, жүру, жүгіру, суда жүзу, велосипед тебу, жүктемесі аз фитнеске бару қажет. Күн сайын кем дегенде 30 минут жоғарыда айтқан жаттығуларды жасап жүріңіз. Бұл – салмақты азайтып, қан айналым жүйесін жақсартады, күйзелістен арылтады.
-Трансмайларды аз қолданыңыз
Трансмайлар қан тамырында тромбтың пайда болуына әкеліп соғады. Сол себепті, фастфуд, чипсы, крекер, маргарин секілді тағамдарды аз тұтыныңыз.
-Артериалды қан қысымын бірқалыпта ұстаңыз
Қан қысымын 130/90-ға дейін жеткізбеңіз. Егер қан қысымыңыз көтерілсе немесе түсіп кетсе, терапевттің кеңесіне жүгініңіз.
Өкінішке қарай, қазір инсульттің қаупін нөлдік деңгейге жеткізу мүмкін емес. Десе де, жоғарыда айтылған кеңестерге құлақ түріп, дерттің алдын алу жолдары мен дәрігер жеткенше алғашқы көмек көрсетуді біле жүргеніңіз абзал.
Инсультті қалай анықтауға болады?
- Адамнан күлімсіреуін сұраңыз (инсульттің алғашқы белгісі адам күлімсірегенде, екі езуін бірдей тарта алмайды).
- Қарапайым сөйлемді қайталауын өтініңіз немесе сұраққа жауап беру қажеттігін айтыңыз.
Мысалы: «Бүгін ауа райы жақсы» (сөйлеуі баяулайды, мәтінді есінде сақтамауы мүмкін) деп айтқызыңыз.
- Екі қолын көтеруді сұраңыз (көтере алмауы немесе бір қолын ғана көтеруі мүмкін). Адам инсульт кезінде екі қолын бірдей басқара алмайды. Сол сияқты екі қолын алға қарай создырыңыз. Егер біреуі өзіне бағынбай, төмен құлай берсе, бұл – инсульттың белгісі.
- Тілін шығаруды сұраңыз (егер тілі қисық, бұрылған болса, бұл да аурудың белгісі). Егер адам осы тапсырмалардың біреуін болсын орындау кезінде қиындықтарға тап болса, «Жедел жәрдем» шақырыңыз!
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz