28.04.2020, 9:33
Оқылды: 40

  "Коронавирус жұқтырғанымды білгенде қатты жыладым" - дейді Канададан келген атыраулық студент

Атыраулық Айкөркем Кусесова коронавирус пандемиясына байланысты білім алып жатқан Канаданың Ванкувер қаласынан елге оралды. Атырауға ұшып келген бойда өзгелермен бірге оқшауландырылып, кейін одан індет анықталды. Ауруханадағы күндер, дәрігерлердің ем-домы мен коронавирустан жазылып шыққаннан кейінгі көңіл күйі туралы Айкөркем ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

C61082BB-C5E9-41BC-97B7-73772AC90964

– Айкөркем, бұл індетті қалай, қайдан жұқтырдың?

– Канаданың Ванкувер қаласындағы Саймон Фрейзер университетінде оқитын едім. Алайда, жаһан жұртының үрейін ұшырған коронавирус инфекциясына байланысты университетіміз онлайн форматтағы оқуға көшті. Содан елге оралуға жиналдық. Университет билет алып берді. Атырауға Амстердам арқылы ұшатын рейспен келген бойда оқшауландырылдық. Біздің рейстегі бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы анықталды. Сөйтіп, бізді де 14 күн карантинге, яғни Атыраудағы провизорлық стационарға жатқызды. Менде инфекция симптомы болған жоқ. Карантинде өзімді жақсы сезініп жүрдім. Дене қызуым көтерілмеді. Карантин мерзімі өткен соң, үйге барамын деген үмітім бар еді. Бірақ, дәрігерлер менен де вирустың табылғанын хабарлады.

– Сол сәтте өзіңді қалай сезіндің? Қорыққан боларсың?

– Әрине, аурудың қай-қайсысы да адамға уайым тудырады ғой. Ал, мынадай қауіпті індетке шалдыққаның туралы есту, тіптен қорқынышты екені рас. Қатты жыладым. Біреу сенер, біреу сенбес, дәл сол сәтте болашағым бұлыңғыр тартып бара жатты. Бұл күн менің есімде мәңгі сақталатын болар. Есімнен шығара алар емеспін. Бұл – 8 сәуір. Дәл осы күні менде қауіпті індеттің белгісі анықталды. Сол күні Атыраудағы инфекциялық ауруханаға түстім. Ойыма не келіп, не шықпады дейсіз. Әрі-сәрі күйге түстім. Үйдегілерге телефонмен үздіксіз хабарласып, «Енді не істеймін?» деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім.

– Ауруханадағы бірінші күнің қалай өтті? Қандай ем-дом жасалды?

– Инфекциялық ауруханадағы алғашқы күнім уайыммен өтті. Ауруханаға жатқан сәттен бастап екі дәрі берді. Бұл – коронавируспен күресіп жатқан әлем медицинасы қолданған дәрілер. Дәрі қабылдаған соң, бастапқыда асқазаным ауырды. Кейін аузыма ащы дәм келетін болды. Дәрігерлер бұл індеттен сауығатыныма сендірді. - Жатқан палатаң неше адамға арналған? –Менімен бірге палатада үш адам жатты. Олардың бірін құрғақ жөтел қысып, қатты қиналды. Енді бірі дәмді, иісті мүлдем сезбеді.

– Дәрігерлердің науқастармен қарым-қатынасы туралы не дейсің?

– Дәрігерлерге айтар назым жоқ. Олар күн сайын қарап тұрды. Бізді балаша мәпеледі. Қал-жағдайымызды сұрады. Таңмен дәрігерлер берген дәріні қабылдаймын. Кейін дене қызуымызды өлшейді. Таңертеңгі сағат 10:00 шамасында дәрігерлер жағдайымызды тексереді. Бір риза болатыным, дәрігерлер бізді дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де емдеп шығарды. Менің қауіпті індеттен жазылып шығуыма бар ынтасымен еңбектенген Жантөре Орысбаева, Салтанат Қайырова, Нұрфия Қизатова, Әсия Сидешоваларға, барлық медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз.

Қауіпті індетті жеңдің. Ауруханадан шыққан кезде қуанған шығарсың?

– Иә, қуанышымда шек болған жоқ. Себебі, әлемде бұл індеттің құрбаны болып жатқандар көп ғой. Бастапқыда «осы індетті жеңіп шықсам» деген арман болды. Сол арманым орындалғанына қуандым. Ауруханадан шығып, үйге келе жатқанда, көшеде көп адамның алаңсыз жүргенін көрдім. Шыны керек, біртүрлі болдым. Жалпы, адам өз басынан өткізбей, қауіп-қатердің не екенін сезінбейді ғой. Бірақ, ешкімге жамандық тілемеймін. Тек адамдар мұндай қауіпті індеттен сақтану талабын орындаса екен деймін.

– Әлеуметтік желілерде бұл індеттің бар екеніне сенімсіздік білдірген жазбалар жүр. Бұған не айтасың?

– Иә, қазір халық арасында «вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін ақша төлеп жатыр» деген алып-қашпа әңгімелер бар. Одан хабардармын. Бірақ, сондай әңгімелерді таратып жүргендер де, соған сенетіндер де қатты қателеседі. Өйткені, коронавирус – ойыншық емес. Бұл – өте қауіпті індет. Коронавирус біздің арамызда жүр. Сондықтан, дәрігерлер ұсынған сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Менің баршаға берер кеңесім –өзіңіздің, отбасыңыздың, барша адамзаттың амандығын ойласаңыз, тәртіпке бағынып, тағы да қайталап айтайын, сақтық шараларын сақтап, бей-берекет жүруді доғару керек.

– Енді үйдегі карантинді қалай өткізесің?

– Дәрігерлердің берген кеңесін сақтаймын. Үйде 21 күндік карантинде боламын. Мекенжайым бойынша тіркелген емханадағы эпидемиолог-дәрігерге күн сайын жағдайымды хабарлап, видео жіберіп отырамын. Карантин мерзімі аяқталған соң, қайтадан анализ тапсырамын. Бәрі де жақсы болса екен деп тілеймін.

Әңгімеңе көп рахмет!

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале