Республикалық бюджеттің тапшылығына байланысты биыл өңірдегі бюджет қаржы ресурстары шектеулі болады. Бірақ әлеуметтік міндеттемелер сақталып, толық қамтылады. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте әңгімеледі.

2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстарын болжау облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен даму бағдарламасын ескере отырып жүргізіледі. Өңірлік стандарттар жүйесі, жаңа Салық және Бюджет кодекстері, басқа да нормативтік-құқықтық актілердің ережелері негізінде жүзеге асырылады. 2026 жылға арналған облыстық бюджет 519,2 млрд теңге көлемінде бекі-тілді (2027 жылы – 635,4 млрд теңге, 2028 жылы – 674,9 млрд теңге), оның ішінде ағымдағы шығыстар 440,2 млрд теңгені, даму шығыстары 79 млрд теңгені құрайды.
– Жергілікті бюджет кірістерінің болжамы 2024 жылғы бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін және өткен жылғы түсімдер шамасын ескере отырып жасақталады. Осылайша 2026 жылға өзіндік кірістер 99,7 млрд теңге (2027 жылы – 109,7 млрд, 2028 жылы – 126 млрд) болады. 2026 жылға арналған облыстық бюджетке түсетін трансферт кірістердің көлемі 280,2 млрд теңгені (2027 жылы – 405 млрд, 2028 жылы – 468 млрд) құрайды. Оның ішінде субвенциялар – 173,6 млрд теңге (2027 жылы – 283,2 млрд, 2028 жылы – 326,5 млрд), республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер 12,2 млрд теңге шамасында болады. Бюджетте 108,6 млрд теңге (2027 жылы – 112 млрд, 2028 жылы – 74,1 млрд) несие түсімдері көзделген, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы – 95,6 млрд теңге, 2026 жылға арналған республикалық бюджеттен несиелер 13 млрд теңге болмақ. Сонымен қатар 2026 жылы облыстық бюджеттен бұрын аудандардың жергілікті атқарушы құрылымдарына, Орал қаласына және мамандандырылған ұйымдарға берілген жалпы сомасы 30,5 млрд теңге бюджеттік несиені (2027 жылы 8,4 млрд, 2028 жылы 6,8 млрд) өтеу көзделіп отыр, – деді Нұрлан Мұхитұлы.
Спикердің айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлау кезінде бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталған. Шығыстарды қалыптастыру жалпы сипаттағы трансферттердің шектеулі бөлінуін және инфляциялық процестердің өсуін ескере отырып жүзеге асырылды. Осыған байланысты жалпы сипаттағы трансферттердің қысқаруы негізінде 2025 жылы жүзеге асырылған құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі (ағымдағы) жөндеу шығындары, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайту сияқты ұқсас шығындар 2026 жылы көзделмеген. Бұдан басқа, 2025 жылы басталған жалпы сомасы 85,4 млрд теңгеге 68 инвестициялық жобаны жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі бар.
Қаржы ресурстарының шектеулі болуына қарамастан, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына жұмсалатын шығындар көлемі сақталады. Сондай-ақ бұрын басталған инвестициялық жобаларды іске асыруды қолдау басымдыққа ие. 2026 жылы әлеуметтік салаға барлығы 281,6 млрд теңге немесе жалпы бюджеттің 54,2%-ын бөлу жоспарлануда (2027 жылы – 314,9 млрд, 2028 жылы – 353,6 млрд), оның ішінде: білім беру саласына – 235,2 млрд теңге (2027 жылы – 256,3 млрд, 2028 жылы – 269 млрд), денсаулық сақтау саласына 12,8 млрд теңге (2027 жылы – 18,8 млрд, 2028 жылы – 43,5 млрд) бағытталады. Ал әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру – 18,9 млрд теңге (2027 жылы – 21,1 млрд, 2028 жылы – 21,2 млрд), мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік салаларына 14,7 млрд теңге (2027 жылы – 18,7 млрд, 2028 жылы – 20 млрд) қарастырылған.
Қаржы басқармасы басшысының түсіндіруінше, 2026 жылға арналған облыстық бюджетте көлiк инфрақұрылымын дамытуға 15,8 млрд теңге (2027 жылы – 70,6 млрд, 2028 жылы – 71,9 млрд) қарастырылды. Бұл қаражат аутожолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету, әлеуметтiк маңызы бар ауданаралық (қалааралық) қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау, облыстық және аудандық маңызы бар аутожолдарды қайта құру және жөндеуге жұмсалады. Жол құрылысы бойынша өткен жылы басталған жобаларды аяқтау көзделген. Былтыр жол салуға, жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 40 млрд теңге бөлінді. Тұрғын үй құрылысына бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Ағымдағы жылы жаңа мәдениет нысандары салынбайды. Жаңа әкімшілік ғимараттарды салуға және сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінбейді. Өңірдегі ірі жобалар кен игеруші компаниялардың әлеуметтік қолдау қаражаты есебінен жүргізу көзделген. Нұрлан Есенғалиев 2025 жылғы қыркүйекте Үкіметтің қаулысы шыққанын, онда әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға қаржыны бөлуді тоқтату жөнінде мораторий жарияланғанын айтты. Енді «Көрпеңе қарай көсілуге» тура келеді екен. «Республикалық бюджеттің тапшылығына байланысты биылғы жыл өте күрделі болады. Бірақ әлеуметтік міндеттемелер сақталып, толық қамтылады. Биыл облыста жаңа жобаларға, әлеуметтік гранттарға, мәдени шараларға бюджет қаражаты бөлінбейді. Себебі үш жылдық бюджет өлшемдері өзгертілді», – деді өңірдің бас қаржыгері.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»