Сырым ауданында тұратын еңбек және тыл ардагері Бақыт Агрешоваға 2021 жылы аудан орталығындағы көпқабатты үйден пәтер берілген еді. Бірақ жасы 90-ға таянған кейуана үшінші қабаттан сыртқа қатынау қиын соғатынын айтып, аудан әкімдігінен жер үй беруді сұраған. Былтыр соған байланысты ардагердің өтінішімен «Жымпитылық ардагер жайлы баспана сұрайды» деген мақала жарияладық. Былтырғы сәуір айында түйткіл төркінін іздеп аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке жолыққанымызда, екі-үш айда бұл мәселенің шешімін қарастыратынын айтқан-тұғын. Уәдені орындау мерзімі созылыңқыраса да, аудан басшысының ықпалымен былтырғы қазан айында ардагерге коммуналдық меншіктегі үш бөлмелі тұрғын үй берілді. Бірақ ардагердің қыздары мен туысқандары «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» қағидатына тастай бекіген сыңайлы. Шілде айында олардың атынан тағы да «Жайық Пресс» ЖШС-ның қабылдау бөліміне арыз-шағым түсті.
Өзін «Агрешованың күйеу баласымын» деп таныстырған зейнеткер Мырзаш Бердалиев – арызға қол қойған адамдардың бірі. Алдымен тиянақ таппай келе жатқан тайталастың жай-жапсарын баяндаған ол кейуананы «қайынбике» деп сыйлайтынын, ардагер қамын ойлап, құқығын қорғау мақсатында әкімдік сөзбұйдасымен бірнеше жыл «күресіп келе жатқанын» айтты. Оған облыс пен қала әкімдіктері және олардан да құзырлы құрылымдарға жолдаған арыз-шағымдары дәлел. Сонымен қатар аймақтағы бірнеше басылымға баспана төңірегіндегі текетірес туралы материалдар жарық көрген. Оның қатарында өзіміз еңбек етіп жүрген облыстық газет те бар екенін айтып өттік. «Бақсам бақа екен» демекші, Бердалиев осы жолы баспана қоршауына көңілі толмайтындарын, әкімдік ұсынғанындай ағаш шарбақ емес, профлистен дуал тарту жөнінде талап қойып отырғандарын жеткізді.
Бірнеше жыл бойы әкімдіктен баспана талап етіп жүрген тыл ардагері Бақыт Агрешова мен оны күтімге алып отырған қызы Жұмахиза Агрешова және осы әулетке күйеу бала болып келетін Мырзаш Бердалиев – үшеуі де зейнеткер. Мырзаш Бердалиев бұрын Сырым ауданында ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Қазіргі уақытта Орал қаласында тұрады. Атап өткеніміздей, тыл ардагеріне жайлы баспана беруді сұрап, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырған. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендейін, шағым мазмұнымен танысқан соң, біз де Мырзаш ағамызбен аудан орталығы – Жымпитыға тағы да жол тарттық. Ауылдың Асадуллин көшесінде ақ силикат кірпішпен қапталған үйдің айналасында ағаш қадалар қағылған. Осы үймен жапсарлас аула жағынан ағаш шарбақ қағыла бастаған (суретте). Бұл бағыттағы жұмыстың жуық арада қолға алынғаны байқалады. Баспана төбесі профлистпен жабылған. Бірақ бір бөлме мен асүй төбесіндегі сарғайған тұстан тамшы аққан деп көрсетті осында қоныстанғандар. Әкімдік жуырда жаңа газ плитасын алып беріпті. «Оның өзінде Төтенше жағдайлар министрлігіне электронды шағым жолдаған соң, газ плитасын жаңалап берді», – деді М. Бердалиев. Түс әлетінде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев арыз иесімен бірге қабылдап, сауалдарымызға жауап берді.
– Тұрғын үй кезегі бойынша ардагерге үш қабатты үйден пәтер алып бердік. Зейнет жасындағы кейуана баспалдақпен түсіп-мініп, сыртқа қатынауға денсаулығы жарамайтынын айтып, жер үй тауып беруді сұрады. Мен қызметтік үйдің бірі босаған соң, ардагер өтінішін орындайтынымды айтып, уәде бергенім рас. Агрешовалар коммуналдық үйге кірместен бұрын олардың баспана ішін жөндеп беруге қатысты талабын орындадым. Тұрғын үй комиссияларының мүшелерімен бірге барып, баспана жайымен алдын ала танысқанмын. Аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттарды жіберіп, кейуананың өзімен жолықтырдым. Тыл ардагері ризашылығын жеткізіп, бізге қояр басқа талабы жоқ екенін айтты. Ардагерге жолыққан сайын оның айтқан сөздерін бейнекамераға түсірткіздім. Әуел бастан жер үй айналасын ағаш шарбақпен қоршап беретінімді айтқанмын. Бақыт Агрешованың өзі оған наразылық білдіре қоймады. Профлистпен қоршауға биыл бюджет қаражаты жетіспейді. Сондықтан жауапты қызметкерлерге ағаш шарбақпен қоршап беруді тапсырдым. Менің нақты көмегім осы, – деді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.
Әкім кабинетінде өзінің наразылығын жеткізіп, дау көтерген Мырзаш Бердалиев аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтың қызметтік үйі екі жыл бұрын профлистпен қоршалғанын, енді ардагер үйінің ауласын дәл осылай жасауға қаражат жетіспейтініне сенбейтінін, ағаш шарбақпен қоршауды доғарып, өздерінің сұранысын орындауды талап етті.
Даулы тарап арыз-шағымдарында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен әкімнің орынбасары Ерболат Ахметовтың қызметтік үйлеріне барлық жағдай жасалғанын алға тартады. Ахметовтың қазіргі тұрып жатқан үйінің ауласына профлист бюджет қаражатына сатып алынған. Бірақ аудан басшысының өзі айтқандай, бұл үйлер – коммуналдық меншіктегі баспаналар. Қызметтік үйлерді жабдықтау және оларға жапсарлас нысандар салу, ауланы абаттандыру бюджет қауқарына және аудандық мәслихат хатшысының шешіміне сай жүргізіледі. Қос тарапқа төрелік айту басқа құзырлы мекемеге тиесілі шығар. Әділін айту керек, аудан әкімі тыл ардагерінің барлық талабын мейлінше орындаған. Сондықтан облыстық басылымда баспанаға қатысты даудың жай-жапсарын баяндадық. Ардагердің құқықтық мәртебесін қорғау игі іс екені мәлім. Бірақ пышақтың бір жүзі нанды кессе, бір жүзі қолды кесуі мүмкін. Қай істің болмасын, өзінің өресі, өзінің шегі болады. «Үкімет барлық жағдайды жасауы тиіс» деген пиғылдан арылу да маңызды екені анық. Әлбетте, бюджет есебінен шенеуніктерге «жұмақтағыдай жағдай» жасауға қоғам үзілді-кесілді қарсы екені анық. Ең бастысы, аудан әкімдігі қызметтік үйлерге деген қамқорлық заң шеңберінде жүзеге асып жатқанын уәж қылып отыр. Алайда арыздың бітетін түрі жоқ. Әуелі үй керек болды, ол талап орындалды. Кейін оны жөндеу керек деді, жеңіл жөндеу болса да, аудан әкімдігі оны да атқарды. Енді мәселе қоршауға (профлистпен) келіп тірелген... Қоршау болғанда ол аудан әкімі мен оның орынбасарлары тұратын үйлердің қоршауынан кем болмауы тиіс. Осыған қарағанда, бұл дау-дамайдың әзір бітетін түрі жоқ сияқты...
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz