19.11.2024, 11:29
Оқылды: 99

Көршілер кішкентай баланың жылағанына шағымдана ала ма?

Пәтерді жөндеу, көңілді отырыстар, қатты музыка - үй тұрғындары шағымдана алатын айқын бұзушылықтар. Ал түнде кішкентай бала жыласа, көршілеріңіз сізге шағымдана ала ма? Толығырақ Massaget.kz материалында.

ҚР Әкімшілік кодексінің "Тыныштықты бұзу" 437-бабына сәйкес, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға болмайды.

baby-7388056_1280

Фото: pixabay.com

Осыдан мынадай сұрақ туындайды: кішкентай сәбилер түнде оянып кетіп, жыласа, еңбектесе немесе жүгірсе, көршілер полиция шақырып, шағымдана ала ма? Бұл заңда кішкентай балаларға қатысты қандай да бір ерекшеліктер бар ма?

Бұл сұраққа заңгер Думан Көпбаев жауап берді.

"Бұл заңның кішкентай балаға қатысы жоқ. Кішкентай бала ауырып, жылауы мүмкін. Ол үшін, әрине, айыппұл сала алмайды. Бұл ересектерге қатысты. Ересектер шуласа, түнде жөндеу жұмыстарын жүргізсе, көршілер шағымдана алады. Кішкентай баланың жылауы - табиғи процесс, оған көршілер шағымдана алмайды", - деді заңгер.

Көршілер қандай жағдайда шағымдана алады?

Жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін мына нәрселерді жасасаңыз, көршілеріңіз полицияға шағымдана алады:

  • Тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу
  • Көңілді отырыстар жасау;
  • Қатты музыка;
  • Жөндеу жұмыстарын жасау.

Тыныштықты сақтауға қатысты шектеу уақытқа ғана емес, дыбыс деңгейіне де қатысты. Заң бойынша рұқсат етілген шу шегі бар, олар:

  • Тұрғын үй-жайларда - күндіз 55 дБА және түнде 45 дБА;
  • Жатақханалардың тұрғын бөлмелерінде - күндіз 60 дБА және түнде 50 дБА.

Дыбыс деңгейін өлшеп-білу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласу қажет. Егер өлшеу арқылы талап бұзылғаны анықталса, шулаған көрші немесе мекемеге қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылады.

Тыныштықты бұзғаны үшін қанша айыппұл салынады?

Тыныштық бұзғаны үшін тұрғындарға айыппұл қарастырылған:

  • Жеке тұлғаларға - 5 АЕК (18 460 теңге);
  • Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 20 АЕК (73 840теңге);
  • Орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 30 АЕК (110 760 теңге);
  • Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК (369 200 теңге).

Заңбұзушылық бір жыл ішінде қайта бұзылса, айыппұл мөлшері артады:

  • Жеке тұлғаларға - 10 АЕК;
  • Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 4 АЕК;
  • Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК;
  • Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 150 АЕК-ке дейін көтеріледі.

Шулай беретін көршілермен қалай күресуге болады?

Алдымен көршіңізге наразылығыңызды ауызша жеткізіңіз. Мысалы, жөндеу жұмыстарын тоқтатуды сұраңыз. Егер одан кейін де шу тоқтамаса, сол жағдайды смартфонға түсіріп алыңыз да, 102-ге немесе жұмыс уақытында учаскелік полиция инспекторына хабарлаңыз. Полиция қызметкерлері келген соң құқықтық баға береді. Жедел әрекет ету үшін түнде патрульдік полиция қызметкерлері келіп, заңбұзушылықты жою бойынша шаралар қабылдайды. Полиция шақырған адам қызметкерге растайтын аудио және бейнематериалдарды ұсынуы керек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале