Облыстың әр өңірінің тек өзіне тән ерекшелігі бар. Соның бірі – Жәнібек ауданы. Оның тұрғындары социализм дәуірінде де, тіпті тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде де күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін Ресейдің көршілес Волгоград облысы арқылы шешіп келді. Бұлай болатын жөні де бар еді. Өйткені облыс орталығы, Орал қаласы, Жәнібектен 500 шақырым қашықтықта орналасса, Ресейдің көршілес ауданы Палласов Жәнібекке тиіп тұрды. Сондықтан бұл екі арада ежелден алыс-беріс және барыс-келіс жиі болып, қарапайым көршілік қарым-қатынастар тамырын тереңге жайды. Сонымен бірге мұнда шаруашылық және мәдени байланыстар да өте жақсы дамыған. Әлбетте, Қазақстан мен Ресей өз алдына дербес мемлекет атанғаннан кейін де шекаралас аудандар арасындағы дәстүрлі байланыстардың тіні тарқамай, көршілес тараптар бір-біріне бұрынғыша көмегі мен қолдауын тигізіп отырыпты. М.Хасановпен әңгімеміз осы арнадан бастау алды.
– Максим Хайрекенұлы, әр ел өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін арадағы байланыстар бырт-бырт үзілді деп көсілеміз кейде. Солай дей тұрсақ та, Жәнібек пен Ресейдің көршілес Палласовка, Старая полтавка, Питер және Новоузень секілді іргелі өңірлерімен бұрынғы тату-тәтті көршілік байланыстардың сақталып қалғаны әрі осы қарым-қатынастың әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны сүйінішті жәйт. Мұның сыры неде?
– Өзгесін айтпағанда, халық бұл жерлермен ағайыншылық, тума-туыстық және құда-құдандалық жолмен-ақ матасып жатыр. Елге шыққан сапарымызда бір ел ағасы айтқан бейнелі сөз еске түседі. «Палласовкадағы ағайынның қойына қасқыр шапса, оны Жәнібектегі ауыл ертесіне естиді. Ал Жәнібектегі ауылдың бұзауы жамырап, сүті іріп кетсе, Палласовкадағы ауылға иісі келеді» деп күлдіріп еді ағамыз. Терең де астарлы сөз. Ел халықтық дипломатия жолымен-ақ көп жәйды аңғартып жатыр. Көршілердің әлеуметтік-экономикалық ынтымақтасуымен интеграцияға түсуі дейтін мәселенің түп-тұқияны да осындай ежелгі халықтың, қарапайым адамдардың байланысынан бастау алады. Жалпы өзім бүкіл республикамыз үшін үлкен сынақ болған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізге, Жәнібекке, Ресейлік көршілеріміздің біраз көмегі тиді деп есептеймін.
– Нақтырақ айтқанда бұл қандай көмектер?
– Жәнібек – өзен-көлі жоқ, жер асты тұщы, су көздері тапшы, құрғақ континенттік климатта орналасқан өңір. Мұнда кеңестік кезеңде де ауыз су мәселесі өте күрделі күйінде тұрды. Ал егемендіктің алғашқы жылдарында бұл мәселе тіптен асқынып, суды өз аумағымыздан тауып іше алмайтын шарасыз күйге жеттік. Ашығын айтқанда, біз оны теміржол арқылы Астрахань облысының Ахтуба кентінен тасып іштік. Сол кезде «судың да сұрауы бар ғой» демеген ресейлік көршілерімізге ризамыз.
– Тасып ішкені қалай?
– Кәдімгідей. Жәнібекте су айдайтын мұнара бар. Пойызбен жеткізілген цистернадағы ауыз суды осында әкеліп құямыз. Содан соң әр үйге таратамыз. Жәнібектегі теміржол стансасы Ресейдің Приволжье теміржолына қарайды. О баста темір жол мен су тасымалдау үрдісі Жәнібектегі Ресей темір жолында істейтін қызметкерлер үшін пайдаланылса, кейін бұл шаруа барлық тұрғындарға қатысты жүргізіле бастады.
– Мұнымен іс бола ма? Сонымен аудандағы ауыз су проблемасын түбегейлі ше-шу ісі қашан жүзеге асырылды?
– Орда топтық су құбырының құрылысы пайдалануға берілгеннен кейін, аудандағы ауыз су проблемасы толық шешімін тапты. Бұл кезең Тәуелсіздіктің алғашқы бес жылдығына тұспа-тұс келеді. Мұны шын мәнінде Тәуелсіздіктің тұңғыш жемісі мен нәтижесі деуге болады.
– Тек ауыз су мәселесін шешумен бүкіл істі біттіге санауға болмайды емес пе? Жәнібек секілді жартылай шөлейт аймақта мал суару мен екпе шөптер өсіруге, тағы да басқа техникалық қажеттіліктерді өтеуге керекті су мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?
– Мұндағы барлық мәселе Жәнібек суару-суландыру жүйесіне қатысты туындады. (ЖССЖ) Оның бойында ұзындығы 600 шақырымға созылатын ұзын канал қазылған. ЖССЖ-ның мүмкіндігі өте мол екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Су айдау үшін әр жүз киллометр сайын бір сорғы қойылған. Соның көмегімен әр секунд сайын жеті текше метр су айдалады.
– Бұл қайдан келген су?
– Еділдің суы. Ресейдің Волгоград облысынан келеді. Содан кейін біз оны Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары пайдалануы үшін сорғылардың күшімен көтеріп, суландыру алқаптарына жеткіземіз. Сол кезде мал да, алқап та Еділдің суына қарқ болып қалады. Сөйтіп, ырыс пен тіршілік нәрі Бөкей ордасы ауданына қарасты Мұратсай ауылының тұсына жетеді. Бұл жерде бір кезде мың гектар екпе шөп алқабы болды. Бәрі де дұрыс дей тұрсақ та, бұл істер орасан зор энергия көздерін пайдалануды талап етті.
Оның кілті бізде емес, көршілеріміздің қолында еді. Бұл уақытта біз оларға энергетикалық қуат көздері бойынша тәуелді едік. Уақыт өткен сайын жағдай бұдан әрі ширығып, көршілерге әжептәуір үлкен сомада қарыз болып та қалдық. Обалы не керек, түсіністік таныта білді. Қалай дегенде де, қиын кезеңде Жәнібек суару-суландыру жүйесінің қызметін тоқтатпай сақтап қалғанымыз үлкен жетістік, айтуға тұрарлық мәселе деп білемін. Осы ЖССЖ әлі күнге дейін ел игілігіне қызмет көрсетіп келе жатқаны да біз үшін бір мәртебе.
– Жәнібек ауданының орталығына газ құбыры 1999 жылы кіргеніне куә бола аламын. Бұған дейін мұндағы ел-жұрт қи мен көмір жағып отырған кезде біраз қиналған шығар. Адам жақсыға тез үйренеді ғой. Қазір соның бәрі ұмытылып барады.
– Дұрыс айтасыз, отын мәселесінде біраз қиындықтар болғаны рас. Жәнібек кеңестік кезеңде қала үлгісіндегі поселка мәртебесін иеленіп, тұрғындардың саны он мыңнан асып түсті. Салыстырмалы түрде алғанда бұл облыстағы өзге аудан орталықтарының орташа тұрғынына шаққанда алдыңғы көрсеткіштің бірі еді. Мұнда - үш орта мектеп, кәсіптік-техникалық училище және оның интернаты, жүз орындық аурухана, тағы да басқа іргелі кәсіпорын-мекемелер қоныс тепті. Бұл ғимараттың бәрін жазы суық, қысы қатқыл Жәнібек өңірі жағдайында көмірмен жылыту оңайға түскен жоқ. Әйтеуір, пойыз қатынасы жүріп тұрғанда мектеп пен аурухана ғимараттарын жылытуға қажетті қатты отын қорын молынан жинақтап ала алдық. Әйтпесе не бәрі 98 миллион теңге құрайтын аудан бюджеті қай жыртығымызды жамауға жетер еді. Көмірдің онсыз да қымбат бағасына оны тасымалдау құны қосылған кезде тіптен шарықтап кетті емес пе? Дегенмен ел-жұрт соның бәріне шыдап, төзімділік танытты. Сөйтіп жүріп 1999 жылы көгілдір отынға да қол жеткіздік. Шалғайдағы аудан үшін бұл орындалуы мүмкін еместей қиын іс еді. Мен мұны Тәуелсіздіктің іргетасын қалау кезеңінде тындырылған әрі тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеру үшін атқарылған үлкен жоба деп санаймын.
– Мәке, ойыма сонау 1995 жылы Жәнібек ауданына журналистік іссапармен келіп, «Егемен Қазақстан» газетіне «Жер – қазақтыкі, теміржол – ресейдікі» деген проблемалық мақала жазғаным оралып отыр. Міне, содан бері арада табаны күректей ширек ғасырдан астам уақыт өте шығыпты. Тәуелсіздік жылдары біраз күрделі пробемалар шешімін тауып іске асып жатқанымен, ойға алған мақсатымыздың бәрі бірдей орындала қоймағаны да шындық. Соның бірі – Жәнібектің үстімен өтетін жолаушылар мен жүк пойыздары мәселесі. Оның Жәнібек стансасына тоқтамай, ағызып өте шығатыны да талай рет айтылып, жазылып жүр. Бірақ соның бір де бірінен еш қандай нәтиже шықпай келеді. Сіздің ойыңызша мұның себебі қандай?
– Көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басып тұрсыз. Өмір бойы бүкіл шаруасын теміржол арқылы тындырып келген аудан тұрғындары үшін бұл өте өкінішті жәйт. Алайда не істерсің? Өзіңіз айтқандай, жағдай өзгермей отыр. Мұның басты себебі қандай деген сауалдың төркініне келсек, Жәнібекте теміржол қозғалысын бақылайтын қазақстандық кеден және шекара бекеттері құрылмаған. Пойыздың тоқтамауының басты себебі осында. Мемлекетаралық нормативтер бойынша теміржол перроны мен кеден, шекара бекеті аумағы қоршалып, жолаушыларды тексеруден өткізуге барлық жағдайлар жасалуы қажет. Оның он екі де бір нұсқасы болмаса, пойыз тоқтай қоя ма? Міне, осылайша Жәнібекте Тәуелсіздік талаптарына сай стратегиялық нысандардың құрылмауы үлкен қолбайлау туғызып келеді.
– Ендеше, бұл мәселені ел-жұрт атынан жоғары мемлекеттік органдардың назарына бермедіңдер ме?
– Талай рет айтылды да, жазылды да. Бір жолы мүдделі жоғары ведомство басшысы тарапынан: «Шекаралас өңірлердің бәріне теміржол бағыттары бойынша кеден және шекара қызметі бөлімшілерін құрудың мүм-кіндігі жоқ. Екіншіден, бұл мәселе Ресей тарапынан да осындай қадамдар мен қозғалыстар болған жағдайда ғана жүзеге асады» деген жауап алған едік. Менің ойымша, мұның бір ғана оң шешімі – Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасында жасалатын мемлекетаралық келісім. Алдағы уақытта бұл мәселе соңғы жылдары дәстүрге айналған Қазақстан мен Ресейдің шекаралық өңірлері арасындағы ынтымақтастық форумының күн тәртібіне қойылып жатса, кім біледі, мүмкін бір шешімін тауып та қалар деген үміт те жоқ емес.
– Максим Хайрекенұлы, екінші мыңжылдықтың тоғысында, Жәнібек топырағында жеке кәсіп иелері көбейіп, кәсіпкерлік көкжиегі кәдімгідей қанат жая түскеніне ел-жұрт куә. Мұны бір есептен өздеріңіз тұрғындар арасында жүргізген түсінік жұмыстарының нәтижесі деп те бағалауға болатын секілді. Аталған уақыт аралығында салық саласына қызмет жасаған менің бір танысым:
– Салыстырмалы түрде алғанда оңтүстік өңірлер арасында Жәнібек ауданында жеке кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін салық мөлшері бәрінен де жоғары тұр,- дегені бар. Сөз жоқ, мұның өзі жеке кәсіп иелерінің көбейе түскенін, әрі олар ұқыпты салық төлеуші екенін көрсетеді емес пе? Тәуелсіздікті тұғырландыра түсуге қосқан үлесіңіз ел есінде қалатынына сенімім мол. Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Темір Құсайын,
Суретте: М.Хасанов