11.04.2024, 17:18
Оқылды: 75

Қоржынға арналған  қор

Қаратөбе ауданындағы Аққозы ауылдық округінің орталығы Қоржын ауылы су астында қалып, күрделі жағдай қалыптасқаны белгілі.

каратобе (1)

Облыстық төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, Қоржын ауылы маңындағы Жақсыбай өзені қардың күрт еріп, жаңбыр жаууы салдарынан арнасынан асып, 70-тей тұрғын үй су астында қалды. Ел басына күн туған сындарлы сәтте «Ауыл тұрғындарына кішкене болса қолдау көрсетсек» деген оймен Қаратөбе ауданының азаматтары, кәсіпкерлер Салауат Айталиев пен Жандос Айталиев Қоржын ауылының тұрғыны Меңдібек Сариевпен ақылдасып, жинақ ашады.

– Наурыздың 28-і күні Салауат Айталиевтің есепшотына жинақ ашылды. Сол күні ауыл тұрғындарын қосып, ватсаптан арнайы топ аштық. Бірінші топқа 1000-нан астам, екінші топқа 200-дей адам жиналды. Негізгі мақсатымыз  – қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге қолдау көрсету. 28 наурыз күні басталған жинақ 4 сәуірге дейін 22 млн 800 мың теңгені құрады. Ол ақшаның 900 мың теңгесіне аудан орталығындағы интернатқа орналасқан қоржындықтарға ең қажетті заттарды алып бердік. Сонда бізде 21 млн 700 мың  теңге қалды. Осы жиналған қаражатты үйлері құлап, жарамсыз болып қалған 70 отбасына 310 мың теңгеден бөліп бердік. Осы істің басы-қасында қоржындық Меңдібек Сариевтің көмегі көп болды. Сондай-ақ Әліби Сариев, Қалимұрат Сариев, Ермұрат Сариев сынды азаматтарға, ерікті болып жүрген қыздарымызға бізге қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Қоржын  біздің де туған жеріміз. Бірақ ауылымыздан көшіп кеткенімізге 29 жыл болды. Дегенмен ел қиналып жатқанда барынша көмектескіміз келді. Одан бөлек өңір тұрғындарынан азық-түлік, киім-кешек, тағы басқа қажетті заттар көптеп жиналды. Ол заттар қоймада тұр. Алла бұйырса, жер кеуіп, жол ашылғасын ауылға апарып, тарататын боламыз, – дейді  «Yasin stroi kz» ЖШС-ның директоры Жандос Айталиев.

Гүлжамал  Жолдығали,

Қаратөбе  ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале