Облыстық полиция департаментіне қарасты кинология орталығының инспекторы, полиция кіші сержанты Ержан Қуанышев суға батып бара жатқан қос баланы құтқарып қалды. Оқиға 30 мамыр күні Бәйтерек ауданының Погодаев ауылында орын алған. Бұл туралы тәртіп сақшысының өзі әңгіме арасында әріптестеріне 1 маусым күні кездейсоқ айтқан.
Ержан Қуанышев іссапардан кейін демалыс алып, туыстарына қонаққа келген. Сол күні көлігімен тоғанға барған. Су маңында ойнап жүрген 7-8 жас шамасындағы балаларды көріп, оларға суға жақындамау керектігін ескерткен. Бірнеше минут көлігінің жанында жүрген. Тоған жағасына қайта жақындағанда топ баланың бірі суға батып бара жатса, бірі тұншығып, су бетінде қалқып жүрген, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы, полиция майоры Дариға Мәжитова.
Кіші сержант кідіріссіз көмек көрсетуге бел байлап, суға әлі батып үлгермеген, есін жоғалта қоймаған баланы құтқарған. Содан соң екіншісін жағаға шығарған. Ес-түссіз жатқанына алғашқы көмек көрсеткен. Бала сол мезетте есін жиған.
– Кішкентайлар жүзуді білмесе де, көмекке шақырған жоқ. Тоған жақтан мүлде дауыс естілмеді. Шынымды айтсам, олардың өмірін сақтап қалғанымды бірден түсінбедім. Қазір ғана соны ойлап, ұғып отырмын. Мен бұл іс-әрекетімді ерлік деп есептемеймін. Менің орнымда кім болса да солай жасар еді. Бұл туралы жалпы жан баласына жақ ашпап едім, абайсызда әріптестеріме айтып қойыппын ғой, – дейді Ержан Қуанышев.
Дегенмен, ерлік ескерусіз қалмайды. Аталмыш ауылдағы мектеп директоры полиция қызметкеріне Құрмет грамотасын табыстады. Ал облыстық полиция департаменті басшылығы Ержан Қуанышевті марапаттау туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне ұсыныс жолдаған еді. 6 маусым күні олар да алғысхат берді.
– Жазғы демалыс басталуда. Келеңсіз оқиғалардың орын алмауы үшін ата-аналардың балаларды қараусыз қалдырмағаны жөн. Жалпы, облыс тұрғындарының, балалардың жаз мезгілінде су айдындарында шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтағаны дұрыс, – деді Дариға Мәжитова.
Әлкеш Қалқаман,
zhaikpress.kz