12.12.2025, 9:30
Оқылды: 9

Қос қанатты  қаламгер

Өмірзақ –  ең  алдымен  педагог.  Ол  1977  жылы  Орал  қаласындағы  А. Пушкин  атындағы  педагогикалық  институтты  тәмамдады.  Мамандығы  –  физик.  Осы  салада  жүре  бергенде  де  біраз  биіктерді  бағындырып,  біраз  асуларды  алған  болар  еді.  Әйтсе  де,  әке  қаны,  ана  сүтімен  бойға  дарыған   талант  оны  әдебиет  әлеміне,  жанкешті  жазу  алаңына  алып  келді.  Сөйтіп,  қалам  қасиетіне  біржола  берілген  қаламгер  аудан  халқына  ақберен  ақын,  кәсіби  журналист  ретінде  танылды.  Студент  кезінен  бірлі-жарым  өлеңдерімен  баспасөз  бетінде  көрініп  жүрген  таланты  жас  өлең  өлкесіне  «Ғұмыр  деген  кім-кімде  де  кемді  күн,  Дәм  таусылса,  кешкі  күндей  батамын.  Алғашқы  жыр  жинағымды  мен  бүгін, Тіршіліктің  тынысы  деп  атадым»,  –  дей  келе  бойына  біткен  кісілігі  мен  кішілігін  сақтап  имене  аттады. 

WhatsApp Image 2025-12-11 at 14.47.21

«Ақын болып алмасам да асуды,

Оқырман боп өлең сүйіп келем мен.

Қош көрмедім бірақ оған жасуды,

Тірлік сырын өрнектедім өлеңмен.

Өлеңімді жан сырым деп түсініп,

Жағаладым жыр бұлақтың жағасын.

Жүрегімнен жырларымды ұсынып,

Оқырманым берсін дедім бағасын», – деп өлеңнің жауапкершілігін  де  көтере  келді.

Өмірзақ осы алғашқы жыр жинағында-ақ оқырманына өзін суреткер ақын ретінде танытып үлгерді. Жастайынан дала құшағында өскен сыршыл қаламгер жылдың әр маусымын, табиғаттың тамаша сәттерін тамылжыта жырлайды.

«Түн ортасы, ауыл жатыр тыныстап,

Көл жағалап кеткен едім жылыстап.

Желсіз түнде судағы айдың дидары,

Жанды елітіп, мені үнсіз тұр ұстап.

Жердің бетін айдың төккен нұры өпті,

Түн келбеті қытықтайды жүректі.

Шабақ шоршып дөңгеленді толқындар,

Тітіркенген ай бейнесі дір етті...

Тыныштықты  шегіртке  үні бұзады,

Кейде жақын, кейде  әрірек  ұзады.

Жапырағы  тербетілген құрақтың,

Оқта-текте айдың бетін сызады», – деп  ақын табиғат бейнесін жырмен суреттейді. Ақынның «Күз», «Көңілдің кірін шәйса ғой», «Құмырсқа», «Боран» атты өлеңдерінен оның сезімтал жүрегінің нәзік сырларын сезгендей боласың. Мен ақынның лирикалық жырларынан Қуандық Шыңғытбаев, Сағи Жиенбаев сынды ақиық ақындардың қолтаңбасын көргендей болдым. Десек те, ақынның әрбір өлеңінде өзіне ғана тән өзіндік өрнек, Ақбасовтық айшықты таңба бар.

Адам – пенде. Пенде болған соң оның да басынан сан қилы оқиғалар өтеді. «Сүйсініп те көрдім мен жиіркеніп те, Болды, болды бас асау еркелік те. Адам айтса, нанбайтын даналық та, Адам көрсе, күлетін келтелік те», – деп Ақ Жайық поэзиясының абызы Жанғали Набиуллин айтқандай, Өмірзақ та өз басындағы еркелік пен келтелікті, даналық пен шалалықты «Мойындау» атты өлеңінде ағынан жарыла жырлайды. «...Тербетсем ата болып бесігімді, Аңсаған пендемін ғой осы күнді. Күнім де болған шығар қатты жапқан, Ашумен қайта кірер есігімді», – деп оқырманын бір ескертіп алса, «Мұндай жай өткен шығар бастарыңнан, Сөзімнің кір іздеме астарынан. Басыңа іс түскенде ағайын-дос, Табыла алдым ба екен қастарыңнан», – деп ағайын-дос көңілін бөлісе келе, «Менің де сырым болар бөліспеген, Ақыл сап ағайынмен келіспеген. Істедім бірін біліп, бірін білмей, Пендемін көптің бірі періште емен. Мен емес бар кінәні көптен іздер, Мінімді көрсетпей ме өткен іздер. Сүйекке сіңген мінез жақсы, жаман, Сондықтан мені айыптап сөкпеңіздер», – деп ақиқатын бір-ақ айтады. Ақында айтылмайтын сыр болмайтынын Өмірзақтың жырларынан да көреміз. «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне сыр жасырмай» дегенді жарықтық Мұқағали да осындайдан айтса керек.

Өмірзақтың қай өлеңін оқысаң да, даналық әліппесімен танысқандай боласың. Табиғатынан ұстаз-ақынның өлеңдерінде алып-ұшпа сезім, ұшқалақ ойлар мүлде кездеспейді. Өлдім-өштім, күйдім, жандымнан да аулақ. Оның «Жармен сырласу» атты өлеңінен тура өмір философиясын танығандай боласың. Оны тек осы өлеңді оқыған жандар ғана жанымен түйсінеді. Оның алғашқы жинағынан кейін жарық көрген «Өмір толғауы», «Құлагер-ғұмыр», тағы басқа жырларынан ақын ойларының кемелдене, толыса түскенін аңғарамыз. Бір кезек ақын Отан, туған жер, ел Тәуелсіздігі туралы толғамды ойларын ортаға салады. Ақын: «Сергимін жұтсам кәусар самалыңды, Туған жер, байлығым сен дара құнды. Төсіңді дүбірлеткен бір ұлыңмын, Өзіңнен аудармайтын табанымды. Отан – оттан ыстық әрбір жанға, Аялаған өзіңді алақанға. Отанына жасаса опасыздық, Маңдайына басылар қара таңба» десе де, «Өз аузыма жетті қолым бүгін де, Көш түзелді, аумастай боп жүгім де. Бәсекеге қабілетті елдердің, Қатарынан көрінерміз түбінде», – деп тебіренеді, сендіреді.

Туған жерін жырламаған ақын жоқ. Өмірзақ та туып-өскен мекенін асқақ шабытпен жырлайды. Ақынның туған жер туралы толғауларындағы мен үшін композитор-досы Ерлан Сатыбаевпен бірге жазған «Жаңақала вальсінің» орны ерекше... Көңілді тербеп, жүректі толқытар, осы шығарманы мен әйгілі өнер қайраткерлерінің классикалық еңбектерінің қатарына іркілмей қояр едім. Өмекең саналы өмірінің қырық жылдай уақытын журналистика саласына арнады. Отыздан енді асқан, мектепте ұлағатты ұстаздар санатынан орын алған, білім саласында өзіндік келбеті қалыптасып қалған маманды аудандық партия комитеті «Жаңарған өңір» газетіне қызметке жіберді. Бұл – 1986 жыл еді.

Өмірзақ мұнда Ұзақбай Рахматуллиндей сегіз қырлы, бір сырлы азаматты өзіне үлгі етті. «Тура биде туған жоқ» дегендей, қара қылды қақ жарған, ары да, қолы да таза Ұзекең жас қаламгерге жазу машығын үйретіп қана қоймай, бойындағы адами қасиеттерімен де өнеге болды. Оны Өмекең ағасына арнаған жырларында да күлбелектетпей ашық айтты. Өзі де ұзақ жылғы басшылық қызметінде шашасына шаң тигізген жоқ. Ақ сөйлеп, адал жүрді. Газеттің қатардағы тілшісінен басталған сара жол Өмекеңді басылымның директор-редакторы дәрежесіне дейін көтерді. Халықтың көз алдында өткен шығармашылық жолына тоқталмай-ақ қояйын. Аталған жылдар ішінде Өмірзақ Тұрақбайұлы газеттің тұтас бір мектебін қалыптастырды. Қанша толқын жастар осы мектептен ұлы өмірге қанат қақты десеңші. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін шығармашылық орта қалыптастырудың қыр-сырын оны бастан кешкен жан ғана біледі. Құлдырап кеткен басылым данасын бұрынғы деңгейге жеткізу жолында бас редактордың еңбегі аз болмады. Газеттің техникалық жабдықтарын жеткізуде де ешкімге қол жайған жоқ. Өз қаражаттарымен (ақылы қаражат есебімен) мекемеге аутокөлік алған кездері де болды. Қазір «Ақбасовтың шек-пенінен шықтық» деп газетте істеген жылдарын мақтан ететін жандарды көптеп кездестіреміз. Ал Қ. Зинуллин, А. Ермекқалиев, Н. Ғаббасов сынды қоғамның әр сатысында жүрген азаматтар газетке басшылық жасап, ұстаздарының ұлағатты жолын жалғастырды. Ал Өмекеңнің жан-жары Бағила Хакимқызы осы басылымда ұзақ жыл корректорлық қызмет атқарып, газеттің сапалы шығуына өзіндік үлесін қосты.

Өмірзақ Тұрақбайұлының журналистика саласындағы еңбегі лайықты бағасын ал-ды. Көптеген ведомствалық алғысхаттар, мемлекеттік марапаттар, «Ерен еңбегі үшін» медалі еселі еңбектің өтеуіндей дер едік. Өмірзақ Тұрақбайұлы – Қазақстанның құрметті журналисі.

WhatsApp Image 2025-12-11 at 14.46.42

Желдей жүйткіген жылдар Өмекеңді де жетпістің жотасына көтергелі тұр. Күні кеше бір-бірінің қолдарын имене ұстаған жігіт пен қыз – абыз-ата, әулие-әже. Өмекеңнің өзі жырлағандай, өмірлеріне еш өкпесі жоқ. Үлпершектей ұлдарын, қырмызыдай қызын өсіріп, немере-жиен  сүйіп бір қауым ел болып отыр. Ұзақ жыл бойы өмірде де, өнерде де бірге жүрген қос қанатты қаламгерге «Бақ та, сор да ниетіңнен болады, Адам деген тіршіліктің қонағы. Бәрін-бәрін жасайтын бір ұлы күш, Соған ғана табынуға болады», – деп өзі айтқандай, сүйенерің де, сыйынарың да бір Алла болсын  демекпін.

 

Закария Сисенғали,

еңбек ардагері,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале