23.11.2024, 15:30
Оқылды: 99

Қос кітап оқырманға жол тартты

Бүгінде көйлектердің «Анасы мен қызы» деген коллекциясы бар ғой, сол сияқты анасы мен қызының кітабын да көрдік, тұрқына қарасаң, бірі үлкен, бірі шағын кітап (дизайны бірін-бірі қайталаған) анасы мен баласы секілді. Өнердің өз адамы Баян Қабиеваның «Ұстаз аманаты» кітабында алпысыншы, жетпісінші жылдардың естелігі бар,  апайдың бала көңілімен дүниені алғаш танығаны, айналасындағы адамдардың жылу-мейірін сезінгені... сол заманның тынысын сезініп отырасың. Алматыға оқуға барып, Абай атындағы опера және балет театрына құжат тапсырғаны да бір қызық оқиға. Сол заманның адамдары да бөлек екен, ұстазы Ғарифолла Құрманғалиев оқу тапсыру емтиханынан  кешігіп қалған  ауылдан келген кішкентай қыздан өзі емтихан қабылдап, оқуға түстің деп қуанып, маңдайынан сүйеді. Сөйтіп  апай Ғарифолла Құрманғалиев ән класына қабылданыпты. Сол жылдары Жүсіпбек Елебеков те дәстүрлі ән класын жүргізген. Кітаптағы ұстазы туралы естелік қандай?! Ғарифолла Құрманғалиевтің ауылдан келген бала ғой деп бес сом ұстатып, қызындай көріп, қамқорлағанын айтады.

3

«Жас» деген ауыл жайында қызы Жібектен де көп естіп едік. Айтушының ауылына деген кіршіксіз ықыласынан шығар, ол бізге шынымен жап-жас ауыл болып елестейді, апайдың естелігінде де сол аяулы көңіл бар. Отызға жетпеген кезінде бес баланың анасы болып үлгерген жас әйелдің қандай қиындық көрсе де тауқымет деп есептемегенін аңдайсың.

"Наурыз тойланбайтын, домбыра мен ұлттық киім ескіліктің қалдығы" деп есептелетін кезде домбыра үйірмесін ашқаны, Жібекті өнерге баулып, сахнаға қалай дайындағаны да бар. Терме айтып жас қанатын қомданған бала Жібек Қатимолла Бердіғалиев әкесімен, Көшерғали Макаров ағасымен алғаш рет  Алматыға барып келеді. Мұхиттың 150 жылдығында Жібектің айтысам деп бүлінгенін айтатын тұсы да қызық. «Халқым мен қара домбырам аман болсын» деп өзінен үлкен сөз айтып, сахнадан кетпеген Жібекті елестетіп күліп отырып, бір сәтте көңілің де босап кетеді екен. Кітапта Жалпақтал өнер мектебінің өсу, өрлеу жылдары, шәкірттер ықыласы, ақындардың жыр-шашуы, бірге жүрген замандастарының пікірлері  де топтастырылған. Бұл тұтас  альбом секілді, фотосуретке толы кітап.

Сазгер, Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі, Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі» медалі және I дәрежелі «Еңбек даңқы» медалінің иегері, "Отбасылық ансамбль", "Шапағат" әжелер ансамблі, «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшісі Баян Қабиеваның өмірі арқылы аудан өнері мен мәдениетінің қалыптасып даму жолдары, белестері түгел көрінеді.

«Қыз Жібек» ансамблі тап бүгін де шетелде өнер көрсетіп жүр, зер салсаңыз, өнерге құштарлығы зор кішкентай қыздардың бүкіл ән салу мәнері мен қимыл-қозғалысының әр ұсақ-түйегіне  дейін ойластырылғаны, ұстазының соның бәріне талғаммен келгені байқалады. Баян апай ауылда отырып, осыншама еңбек қылып, екінің бірі шыға алмайтын Еуропа сахнасында ауылдың қарадомалақтарының  ән салуына себепші болған, еңбегі жанған бақытты Ұстаз.

Күні ертең осы балалар жарқырап шығады, тіпті үнемі елдің көз алдында жүрер жұлдызға айналып кетпесе де шәкірт тәрбиелейді, солай қазақтың өнері өрістей береді.

Баян апай жетпісіне шаршамай-шалдықпай келді. Апайдың өңін бермей, күш-қуатты қайдан алатынын шамалауға болады. Өйткені, бұл кісі балалармен жұмыс істейді. Балалар таза, оларда арамдық, қулық-сұмдық болмайды. Таза аура, таза энергиямен жұмыс істеп, әрі өзі сүйетін кәсібі болғандықтан қажымайтын болу керек. Үнемі өзімен үйлесімде, үндестікте жүретін адам.

«Анамның әлдиі»

2

Жібектің «Анамның әлдиі» кітабы Мэлс Қосымбаевтың «Аты – Жібек болғанда, заты – Жүрек» деген алғысөзімен басталыпты. Фариза апайдың өз қолымен жазған хаты бар, «Алла тағала әрбір пендесіне өзі лайық көрген қасиетті береді. Ақындық – адамның өзінің ғана емес, айнала дүниеге шуағын шашатын сәуле. Сол сәулені өшіріп тастау күнә», - депті ол кісі.

Мырзатай Серғалиевтің Жібектің айтысына берген бағасы да осы кітапта. Жібектің айтыстары, сұхбаттары, «Қыз күнделігінде»  өлеңдері, «Жүрегімнің дүрсілі» бөлімінде балалық шақтан бері сыр тартқан шынайы әңгімелері бар. Естеліктерінің ішінде өнердегі достары жайлы айтады: Жанғали ақын, Салауат Исахаев, Оразалы Досбосынов, Қонысбай аға Әбілов... сағынышпен, жылы көңілмен еске алады. Бұл кітаптың қандай еңбекпен шыққанын шет жағасын білеміз, Жібек сырқаттанып қалған ерінің күтімін жасап, баладай мәпелеп отырып, аз уақыттың ішінде осы қос кітапты құрастырып, және екі тәулік жол жүріп Оралға барып келді. Өз басым денім сау жүріп, сапар шықсам жолдан қатты шаршап келемін, ал сырқат адамның жауапкершілігін арқалап сапар шығу оңай емес.

Жібек анасының үмітін ақтаған қыз. Адам баласының  жан дүниесіне ән арқылы, өнер арқылы жол табуға тырысып, өмірдің сырын  жақсылық арқылы түсіндіріп жүрген адамнан туған, содан тәлім алған Жібектің анасы жайлы айтатын әңгімелерін тыңдай бергің келеді. Кішкентайынан мамасына қолғанат қана емес, қамқоршы болғаны, әділетсіз сөзден мамасын қалай қорғамақ болғаны, бір жағына шығысам деп тұрмыс пен тірліктің бейнетіне арқасын төсегені... қайратына таң қаласың. Және риза боласың. Менің мамам жоқ, бар кезінде де екеуміз жақын болған ештеңеміз жоқ (мінезден бе), біздікі басқа қатынас еді. Мамамды сағынамын. Жібектің мамасы жайлы айтып, жазып отырғаны әсер етеді. Оның бәрінде перзенттік махаббаты тұрады. Өзінің де аналық мейірге қанғаны көрінеді. Бала кезінің әр сәтінде анасының бейнесі бар, ол анасынан ақылы асқан дананы да, қорғансыз әйелді де көреді, өжет адамды, өнерге шөлі басылмас өнерпазды таниды. Жібектің анасына деген осыншалық үлкен құрметін, пәктігі ұйыған балалық махаббатын көргенде менің ішімде бір өкініш болады: «Мен неге мамама асырап-баққаны үшін алғысымды білдіріп, жақсы көретінімді айтпадым екен...».

Анасы мен қызы ғұмырлы болсын, халқына өнер шашып жүре берсін!

Айта кету керек, қос кітаптың да құрастырушысы ҚР мәдениет саласының үздігі, ақын Жібек Болтанова болса, редакторы ҚР ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ертай Бимұханов.

Жадыра Шамұратова,

журналист

Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале