Облыстық тарихи-өлкетану музейінде жазушы Хамза Есенжанов пен ақын Тайыр Жароковтың туғанына 110 жыл толуына орай іс-шара өтті. Шараға ардагер журналист Тихон Әліпқали, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, ақын Айсұлу Қадырбаева және студенттер қатысты.
Шараға келген қонақтар қос тұлғаның шығармалары мен фотосуреттері қойылған көрмемен танысқан соң олар жайында бар білгендерімен бөлісті.
-1957 жылдың күз айында қазіргі «Орал өңірі» газеті ол кезде «Октябрь туы» деп аталды, сол кезде Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романының алғашқы үзінділері басылған еді. Ол кезде роман жанры қазақта көп болмағасын ба біз ол кісіні біле қойған жоқпыз. Кітабының үзінділері жарық көргеннен бастап, шығармаларын іздеп жүріп оқыдық. Хамза Есенжановты танымаған, білмеген себебіміз – ұзақ уақыт айдауда жүргендігі. Сол айдауда жүріп, осы романдарды жұп-жұқа бөлшек-бөлшек қағаздарға жаза бастаған. Бостандыққа шыққаннан кейін, соларды құрастырып, тұтас бір роман етіп шығарды, - деді шарада сөз алған Тихон Әліпқали.
Бұдан соң Айсұлу Қадырбаева мен Дәметкен Сүлейменова қазақ әдебиетінде өзіндік орындары бар екі бәйтеректің шығармаларын бүгінгі жас ұрпаққа жиі насихаттау қажеттігін айтты.
-Біздің әдебиетімізді биікке көтерген Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароков секілді тұлғалардың кітаптарын жастар оқып, тағылым алулары керек. Бұл – келешегіміз үшін аса маңызды. Мына жерден ақын мен жазушының бұрынғы фото-суреттерін көріп, бұрынғы заман есімізге түсіп тұр,- десті олар.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,
zhaikpress.kz