23.07.2024, 15:36
Оқылды: 95

Ғабдолла Тоқай – қос халыққа ортақ ақын

«Атамекен» өнер ордасында өткен «Тоқай Оралда» атты онкүндік плэнер қорытындыланды. Татарстанның және жергілікті қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған «Тоқай ізімен» көрмесі ұйымдастырылды.

92B82C0E-ED25-4FB2-B4A7-0D2DB00C742C

Шілденің 10-ы күні Оралға келген Татарстан Республикасының суретшілері түрлі мәдени іс-шараларға қатысты. Арт-плэнерде татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың өмірі мен шығармашылығын арқау етіп, сурет салды. Қысқа ғана ғұмырында тыңнан түрен салған талантты тұлғаның өмірін қылқаламмен өрнектеді.

– Ғабдолла Тоқай Теке шаһары үшін бөтен емес. Балалық шағы қиыншылықта өтсе де, Оралда өшпес із қалдырды. Ол – қазақ халқына да, татар халқына да ортақ ақын. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Осындай шуақты күндер көп болсын, ынтымағымыз арта берсін. Тамыз айында Қазан қаласында өтетін ауқымды  іс-шараға біздің облыстан арнайы делегация міндетті түрде барады. Сіздердің маз­мұнды да игі басқосуларға мұрындық болғандарыңызға алғысым шексіз, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жаннұр Ахметов көрменің ашылуында. Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Айгүл Туркина да  сөз алып, онкүндік іс-шара­ның мазмұнды өткенін айтып, ақынның шығармашылығын шебер суреттеген өнер иелеріне  ризашылығын білдірді.

тахир фото мади салык

Татарстан Республикасы Ғылым академиясының Г. Ибрагимов атындағы тіл, әдебиет және өнер институтының өнертану орталығының меңгерушісі, өнертану докторы, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері  Рауза Сұлтанова көрмеге  қатысқан татарстандық суретшілермен таныстырды. Олардың қатарында қылқалам шеберлері – Татарстан Су­ретшілер одағының төрағасы А. Крылов, И. Исхаков,  С. Царев, Р. Мухаметдинов және басқалар бар.

– Онкүндік арт-плэнердің мақсаты – татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармашылығын насихаттау. Оның ғұмыры қысқа болса да, татар мәдениеті үшін көп іс тындырды. Ол – ұлттық мәдениеттің коды. Ғ. Тоқай татар жерінде туса да, тұлға, ақын, аудармашы, редактор ретінде Орал жерінде қалыптасты. Ол 1894 жылдан 1907 жыл аралығында осы шаһарда тұрды. Бұл жер ол үшін жайлы мекен болды, – деген Рауза Сұлтанова талантты ақынның өмірі мен шығармашылығы жө­нін­де баяндады. Сондай-ақ  «Тоқай Оралда» плэнерінің мазмұнды да мағыналы өтуіне үлес қосқан сала мамандарына алғысын білдірді. БҚО ассамблеясы татар этномәдени бірлестігіне, облыстық тарихи-өлкетану музейіне, М. Өтемісов атындағы БҚУ-ға және іс-шараның өтуіне үлес қосқан суретшілерге сый-сыяпат ұсынды.

– Ғабдолла Тоқай осы шаһарда білім алып, жұмыс істеді. Осында ақын ретінде қалыптасты. Он екі жылдан соң, Қазанға танымал ақын болып оралды. Біз Оралға сапар барысында ақынның ізі қалған үй-ғимараттармен таныстық. Осылайша ақын рухымен тілдескендей болдық. Қаланы аралай жүріп, шығармашылықпен айналыстық, сурет салдық. «Тукай в русской школе», «Мой друг Шурале», «Эпоха Тукая в Уральске» және «Чаган при закате» тақырыбында суреттер салдым. Музейлерді араладық. Қайда барсақ та бәрі бізге зор құрмет көрсетті. Орал шаһары, қала халқы көңілімнен шықты. Бәріне өте ризамын, – деді суретші, Ресей Суретшілер одағының мүшесі ТаҺир Ильясов.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале