21.04.2023, 12:23
Оқылды: 132

Қош келдің, Жаңа жыл!

Жадыраған жаз бен алтын күзді артқа қалдырып, міне, қылышын сүйреп қыс та келіп үлгерді. Алдымызда қытымыр мезгілдің ең көңілді мерекесі саналатын Жаңа жыл кеші де есігімізді қаққалы тұр. Демек, үлкенді-кішілі болып Аяз атаны күтетін кез де келіп жетті.

аяз ата

Аяз ата демекші, бір кездері өзіміз де осы бір бейтаныс кейіпкерге имандай сеніп едік. Жаңа жыл жақындағанда Аяз атаға арнап небір тақпақтар жаттайтынбыз. Есейе келе оның ойдан шығарған кейіпкер екеніне көзіміз жетсе де, бүгінде бүлдіршіндерімізді «Жақында Аяз ата келеді» деп алдап қоятындығымыз да шындық. Сонда Аяз ата деген кім? Ертегі кейіпкері ме? Тілектерді орындаушы ма?

Бүгінгі жазбамыз арқылы осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Аяз ата туралы аңыз

Ғаламтордағы деректерде Аяз атаның пайда болуы туралы түрлі пікір айтылады. Ілгері заманда Кіші Азия деп аталатын қазіргі түркі жерінде Николас атты шіркеу қызметкері тұрыпты. Ол ата-анасынан ерте айырылады, алайда мол мұра иеленіп қалады. Сол кездері мал-мүлкінен айырылып қалған үш қызы бар бір пенде оған көрші болыпты.

Ішерге асы сұйылған отбасындағы қыздарды күйеуге беретін уақыт жетеді. Бірақ сол заманда тұрмысқа шығып, отбасын құру үшін қыздың жақсы жасауы болуы қажет екен. Амалы таусылған әке үлкен қызын күңдікке сатуға мәжбүр болады.

Мән-жайды түсіндіріп, үлкен қызына дайындала беруді айта-ды. Әрине, қыз түсінеді. Амал нешік, пеш жанына шұлығын жайып, ұйқыға жиналады. Таңертең тұрып, шұлығын алып жатқанда ішінен тиындар сыңғырлап шашылып түседі. Ортаншы қызына кезек келген түні де осы жағдай қайталанып, ол азапқа толы өмірден құтылады. Кезек кіші қызына таяғанда әкесі жақсылық жасап жүрген кім екенін білу үшін түнде ұйықтамай, қайырымды адамды аңдиды. Сөйтсе, бұл жомарт жан Николас болып шығады. Николас мұқтаж жандарға жасырын көмектесуін жалғастыра береді. Пенделерге Құдайға құлай сенудің, көмекке зәру адамдарға қолұшын берудің жарқын үлгісін көрсетіп, халық есінде мәңгі сақталып қалады.

Осы кезден бастап көпшілік Николасты Санта Клаус, яғни киелі Николас деп атап кетті. Балалар жыл сайын Жаңа жылды, Санта Клаусты асыға күтеді. Себебі Жаңа жыл – сыйлық беру мен сыйлық алу уақыты. Санта Клаус әр елде түрліше аталады. Мысалы, Ресейде Дед Мороз, Францияда Пэр Ноэль, Жапонияда Сегацусан десе, Қазақ елі оны Аяз ата деп атайды.

Енді бір деректерде Аяз ата Жаңа жыл мерекесін тойлау дәстүрі пайда болмас бұрын бар болған қаһарман дейді.

Бағзы замандарда жер бетін мекендеген барлық адам өмірден өткен жандар өзінің тайпасын қорғап, жақсы ауа райы мен мал-жанды қамтамасыз етеді деп сенген. Ол оларға мерекелік түнде жаңа жылдық сыйлықтар (новогодние подарки) дайындады, көмегі үшін алғыс айтты және келесі жылы олар бізді ұмытпайды деп үміттенемін. Ауыл жастары осы түні әр түрлі бетперделер киіп, көшеге шығып, Аяз атаны күтетін болған. Үлкендер оған арнап тағамдар пісіріп, далаға шығарып қояды екен. Мұның себебі – ол бастапқыда өте қатал, жауыз, адамдарға үскірік борандар жіберіп, мұз етіп қатырып тастайтын жағымсыз кейіпкер болған.

Аяз атаның сенімді серіктерінің бірі – Ақшақар атты ару қыз. Ақшақар – әрбір елде кездесе бермейтін кейіпкер. Көбіміз оны кішілерге Аяз атаның немересі деп таныстырып жатамыз. Шынында да, немересі ме? Бұл жөнінде таластар өте көп.

Бұл туралы ел аузындағы аңыздар былай деп сыр шертеді. Ықылым замандарда адамдар өздерінің ең сұлу қыздарын орман елестеріне құрбандыққа беру үшін ағаштарға байлап кететін болған. Аязға үсіп қалған қызды қорек еткен жауыз күштер сол жылы халыққа сұрапыл дауылдарды жібермейді екен. Бір күні дәл осындай құрбандық үшін байланған қыз тірі қалады да, Аяз оны өзіне әйел етіп алады.

Кейбір аңыздар Аяз ата Ақшақарды мұз бен қардан жасап алған дегенді айтады. Бұл деректердің қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екендігін ешкім дөп басып айта алмайды. Сөйтсе де, Аяз ата мен Ақшақар біздің бөбектеріміздің асыға күтетін мейірімді кейіпкер-лері болып қала бермек.

Бүгінгінің Аяз аталары қандай?

Бүгінде жұрт Жаңа жылды қарсы алудың қамына кірісіп те кетті. Жылына бір келетін қуанышты мерекені өз дәрежесінде қарсы-лауға көпшілік қаражатын аямайтыны да шындық. Балаларын қуанту, түрлі сыйлықтар алып, тосынсый жасау үшін қолдарынан келгенін істеуге дайын. Статистикалық деректерге сүйенсек, Жаңа жыл кезінде қомақты табысқа кенелетіндер қатарына ақылы түрде Аяз ата және Ақшақарды сомдаушылар да кіреді екен. Мекеме-кәсіпорындарда өтетін Жаңа жыл кештеріне шақырылып, шаншылған шыршаны шыр айналатын екеуі реті келсе, үй-үйлерді аралап та ақша табады. Мұндай қызметтің түр-түрін қазір ғаламтордан оңай табуға болады. Осы іспен айналысатын арнайы мекемелер көп. Тапсырыс берсеңіз болғаны, Аяз ата кейпіне енген актерлер кез келген уақытта қызмет көрсетуге дайын. Дегенмен әрбір мектеп пен балабақшалардың, ірілі-ұсақты мекемелердің өздерінде өтетін Жаңа жыл кештерінде жиналғандарды тегіннен-тегін қуанышқа бөлеп, сыйлықтар сыйлайтын «штатный» Аяз аталар мен Ақшақарлар да бар.

Осы жерде айта кетейін, өзім жұмыс жасайтын «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкерлеріне арналған Жаңа жыл кешінде бір-екі рет Аяз ата болғаным бар.

Сол кезде мерекелік кештің қыза түскен шағында үстіңе қалың шапан, басыңа бөрік киіп, сақал-мұрт тағып, терлеп-тепшіп, жиналған-дардың көңілін табу оңай шаруа еместігін басымнан өткергем.

– Тоқсаныншы жылдары жоғары оқу орнын тәмамдап, Орал қаласындағы мектептердің бірінде мұғалімдік қызмет атқардым. Сол жылдары мектепішілік Жаңа жыл кештерінде Аяз ата болып жүрдім. Шыны керек, ертегіге сеніп, сені асыға күтетін бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағанда өте жақсы сезімде болады екенсің. Ересектер-дің өздері сенің костюм киген қарапайым адам екеніңді біле тұра келгеніңе қуанып, шат-шадыман болады. Қазір басқа салада жүр-сем де, айтулы мереке жақындаған тұста біреулерді қуантқың-ақ келіп тұрады. Сөйтіп, бұл істі жыл сайынғы дәстүрге айналдырдым. Өзіме Аяз атаның, жұбайыма Ақшақардың киімін де арнайы тіктіріп қойдым. 2017 жылы Жаңа жыл күні достарымызбен бірге Ақтөбе облысының Алға ауылына баруды ұйғардық. Ондағы мақсатымыз – қайырымдылық негізінде бұрын-соңды шаңырақтарына Аяз ата мен Ақшақар болмаған алты үйге кіріп, балаларды қуанту. Балалы-шағалы отбасыларды барымызша қуанышқа бөлеп, енді Жаңа жылды қарсылауға өз үйлерімізге асықтық. Жүйткіген көлігіміз теміржол тұсына келіп тұралап қалды. Жабылған шлагбауымнан аса алмай, Жаңа жылды көліктің ішінде қарсылағанымыз бар. Келер жылы да сол ауылға барып, 12 шаңырақты қуанттық. Аталған қайырымдылық шарасын биылғы Жаңа жылда Атырау өңірінде өткізудеміз, – дейді Нұрлан Жәрдемғалиев есімді кейіпкеріміз. Ол – Жәнібек ауданының тумасы. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын ол «Халық қалауы» атты жарнамалық жобаның құрылтайшысы болып қызмет атқарады.

Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің оқыту-шысы Аслан Бауыржанұлы да «стажной» Аяз ата екен.

– Әрбір отбасы Жаңа жылдан жақсылық пен жаңа жетістік күтері сөзсіз. Үлкендеріміздің келер күннен зор үміт күтуі, бүлдіршін-дердің ертегіге сеніп, армандарына ұмтылуы тамаша бір сезім ғой. Дегенмен сол балалардың өзін шынайылық танытып, сендіре бі-лудің өзі бір өнер. Жақында облыс әкімінің қатысуымен дәстүрлі түрде өтетін өңіріміздің үздік оқушыларына арналған Жаңа жыл мерекесінде Аяз ата болдым. Бұл менің 16 жыл қатарынан осы кейіпкерді сомдауым екен. Сонымен қатар тума-туыстарым мен дос-жарандарым Жаңа жыл қарсаңында бүлдіршіндеріне «Осы – Аяз атаның нөмірі. Соған арман-тілегіңді жазсаң, орындалады» – деп менің телефон нөмірімді береді. Келіп түскен өтініштерді атааналарына жолдаймын. Сол арқылы баланың не қалайтынын біліп, шамам келгенше уақыт тауып, Аяз ата кейпінде кіріп шығуға тырысамын. Хат жолдаушылардың қатарында қымбат сыйлық емес, ата-анасына, бауырларына денсаулық пен бақыт сұрайтындары да кездеседі, – дейді Аслан Бауыржанұлы.

Ал қаладағы «ТДК-42» телеарнасында қызмет жасайтын Бақытгүл Сәкенқызы күні кеше Салтанат сарайында өткен облыс әкімінің шыршасында Ақшақар рөлін сомдаған.

– Бұған дейін колледж, академия қабырғасында білім алып жүргенде Жаңа жыл кештерінде Ақшақар болып жүрдім. Аяз атаның немересі, көмекшісі кейпін сомдау өзіме қатты ұнайтын. Таң-ғажайыпқа сеніп, жылына бір келетін Жаңа жыл мерекесін асыға күткен жандарға қуаныш сыйлаудың өзі адамға керемет әсер сыйлайды. Биыл қала мен аудан-ауылдардан келген 200-дей баланың алдына шығып, солармен бірге жасыл шыршаны айналып, мерекелік кештің көңілді өтуіне атсалысқаныма өте қуаныштымын, – дейді Бақытгүл.

Иә, Жаңа жыл мерекесі туралы бүгінгі пікірлер жан-жақты бол-ғанымен, оны балалық шақтың мерекесі екенін мойындағанымыз абзал. Бұл кезде бала атаулы ертегі әлемін аралап кететіні белгілі. Аяз атаның келуін, әлдебір таңғажайыптарды күтіп, өздерінің алғашқы армандарына ерік береді. Сондықтан бұл күнді асыға күтетіндерді де, Аяз ата мен Ақшақар болып, мереке көркін қыздыра түсетіндерді де Жаңа жыл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз. Жылдан жылға аман жетейік, ағайын!

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале