23.10.2017, 19:30
Оқылды: 33

Көшімге орталықтандырылған ауыз су келді

Зеленов ауданының Көшім аулының тұрғындары да орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді.

-Облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамту – біздің өзекті мәселелеріміздің бірі. Себебі өңіріміздегі 443 елді мекеннің 36 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Осы мәселені ҚР Премьер-министрі облысымызға келгенде баяндадық, Парламент депутаттары аудан-ауылдарды аралаған кезде өздері куә болды. Соған сәйкес Елбасы тиісті тапсырма берді. Қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде биыл облысымыздағы 55 елді мекен сумен қамтылуда. Соның бірі – сіздердің ауылдарыңыз. Жаз бойы жұмыс жүріп, міне бүгін бұл нысан тапсырылып отыр. Игілігін көретіндеріңізге сеніміміз мол,-деді тұрғындармен кездесуі кезінде Алтай Сейдірұлы.

Жергілікті тұрғындар атынан сөз сөйлеген Валентина Леонтева судың дәмі тіл үйіретінін айтып, су құбыры барлық әлеуметтік нысанға, үйлерге тартылғанын жеткізді. Сол үшін көшімдіктердің Елбасына, Үкіметке, облыс басшылығына, жергілікті атқарушы билік құрылымдарына айтар алғысы зор.

Содан соң облыс әкімі еңбек ардагері Сағитжан Бегеновпен бірге жаңа нысанды іске қосты.

Мердігер компания - «Нира» ЖШС-ның директоры Абузар Джафаровтың сөзіне қарағанда, сәуір айының ортасында басталған құрылыс жұмыстары уақтынан екі ай бұрын бітті. Сумен қамту нысандары негізінен жергілікті материалдармен салынды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале