Қостанай облысында жеке тұрғын үй өртеніп, бес бала қаза тапты.
«Бүгін таңғы сағат 05:00 шамасында Жітіқара қаласының ТЖ бөліміне Клубная көшесі, 52 мекенжайы бойынша жеке үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Өртті сөндіруді ТЖД, «Қостанай минералдары» АҚ, Жітіқара қаласының құтқару бөлімшесі және «Семсер Өрт сөндіруші» ЖШС күштері жүргізді. Барлығы 19 адам және 5 бірлік техника жұмылдырылды. Өкінішке орай, өрт кезінде бес кәмелетке толмаған бала қаза тапты», - деп хабарлады Прокуратура.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, өрттің алдын-ала себебі – пешті қараусыз қалдыру болып отыр.
«Оқиға орнына облыс прокурорының бірінші орынбасары Б.А.Бекбосынов барды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Бас Прокурордың бақылауына алынды», - делінген хабарламада.