Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияров Алаш қозғалысының белді өкілі, Алаш қайраткері.
Ол 1878 жылы Торғай облысы Қостанай уезінің Сарыой болыстығында дүниеге келген. Ы. Алтынсарин ұйымдастырған Қостанайдағы екі сыныптық мектепте, кейін Орынбордағы ер балалар гимназиясында оқыған.
Фото: adebiportal.kz
Содан соң Қазан императорлық университетінің медицина факултетіне қабылданып, 1904 жылы университетті күміс медальмен бітірген.
Оқу орынын бітірген соң Ақтөбе, Қостанай және ресейдің Троицк қаласында дәрігерлік қызмет атқарады. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде майданның қара жұмысына алынған қазақтарға дәрігерлік көмек көрсету мақсатында зайыбы Ажар Сейдалинамен өз өтініштері негізінде майданға барады.
1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Алаш қозғалысына араласып, Алашорданың Қостанай уезі бойынша комитет төрағасы болды.
Бірінші және Екінші жалпы қазақ сиезінің ұйымдастырушылар қатарында белсенділік көрсетті. 1918 жылдың 14-17 күндері Қостанайда өткен қазақтардың төтенше сиезінде Алашорда автономиясы туралы баяндама жасады.
Кешегі кеңестік билікте Алаш қайраткері ретінде қудаланып, 1928 жылы Өскеменге жер аударылды. 1928-1938 жылдары Өскеменде, Қырғызстанның Қаракөл қаласында, Жамбылда дәрігер болып жұмыс жасайды.
1938 жылдың 27 қыркүйегінде «ұлтшыл», «алашордашыл» деген айыппен ұсталып, ату жазасына кесілді.
Кейін 1956 жылдың 20 қыркүйегінде тағылған айыптаулар алынып, ақталады.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz