Өткенде өңірімізде алғаш рет қар ұшқындады. Қаһарын алыстан сездірген қоян жылының тұңғыш қары... Мал баққан ағайынның бүйрегін бүлк еткізген табиғат хабары... Бұдан ілгеріде облыс айнасы «Орал өңірі» газетінде (19.10.23 ж.) журналист Бауыржан Бисеновтің «Қоян қысы: қапысыз қамданыс қажет» атты мақаласы жарық көрген еді. Мен де сол көкейкесті мәселеге байланысты өз пікірімді білдіргім келіп отыр. Нақтылай түссем, бұған дейін «Орал өңірі» газетінде «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» ҚБ атынан менің екі мақалам жарияланды. Олар: «Киіктің жайын ойлаған дұрыс, халықты да ұмытпайық» (22.06.23 ж.), «Шаруалардың шырылын еститін құлақ бар ма?» (18.07.23 ж.) деп аталатын мақалалар. Б. Бисенов те сол мақалаларда көтерілген мәселелерге қайта оралып, жан-жақты шолыпты. Енді осы сәттердегі жағдай қалай қалыптасып отыр, соған келейік.
«Жауырды жаба тоқып» қайтеміз, ақиқатына көшсек, биыл өңірімізде қалыптасқан жағдай өте күрделі. Ылғал болды-ау, бірақ ауа райының салқындығынан шөп көтерілмеді. «Жұт жеті ағайындының» кері келіп, бар жайылымдарды киік отап кетті. Билік тарапынан осынау қиын жағдайға байланысты тиісті көмек болмады. Демеуқаржы бөлінбеді. Шаруалардың шырылдаған даусы облыс, республика көлеміндегі билік иелерінің құлағына жетпеді. Мал соятын орындардың қызметтері кеш басталды. Жергілікті жерлерде жағдайдың алдын алып, ұтымды ұйымдастыру, абдырап қалған малшы-қойшыға тиісті түсінік жұмыстары жүргізілмеді. Ең өкінтетіні, күні бүгінде аудандарда, ауылдарда қыстаққа әзірлік жұмыстарымен айналысатын, оны тұрақты пысықтап отыратын арнайы штабтар құрылған жоқ. Нақты жоспар жоқ, не істеліп, не қойылып жатқан есептері жоқ. Жоқ! Жоқ! Құдай-ау, сонда облыстан бастап, аудандардағы, ауылдардағы әкімдіктер немен айналысып жатыр?
Енді көрген, білген жағдайларыма көшейін. Күні кеше, қазан айының аяғында оңтүстік аудандарды іссапармен аралап шықтым. Ел ағаларымен, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен және ауыл тұрғындарымен кездестім. Сонда олардың барлығы дерлік күзгі-қысқы қоныстардың, қоян қысына дайындықтың өте нашарлығы, жергілікті атқарушы құрылымдардың дәрменсіздігі жайлы айтумен болды. Әрине, ауа райының, қыстақтың қалай өтетіні бір Алланың құдіретінде. Қыс жайлы, жұмсақ болса, мал-жан қыстан қысылмайды. Ал ерте суытып, қыс ерте түсіп, кеш шықса, жағдай қиынға соғады. Аязы ақырып, бораны тынбай соқса, жылқы малы тебіндей алмайды. Жұт деген – сол. Биылғы қоян қысында жағдай тап осылай болуы әбден мүмкін. Менің көргенім мен түйгенім бойынша, әсіресе Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандарының оңтүстік округтерінде жағдай өте күрделі. Шабылып, тасылған, үйілген шөп жеткіліксіз. Оның үстіне, сапасы төмен. Жазда бағымы мен бабы, тамағы келіскен мал күзде жоны жылтырап, қоңы көзге ұрып тұрады ғой. Мен көрген малдардың күйі орташа. Бұл жоғарыда айтқан үш ауданнан көргенім. Ал Бөкей ордасындағы жағдай мені тура мағынасында айтсам, қатты қапаландырды. Ауданның қырлық беттерінде жайылыс жоқтың қасы. Тірсегі майысқан мал арық. Содан да болар, өрістен келген малды кешке қарай бір мезгіл шөп салып, жемдеп отырған аулалар бар. Оны айтасыз, қыс түспей жатып көтеремдіктен орнынан тұра алмай қалған мал туралы естідім... Әйтеуір, құм өңіріндегі малдың жағдайы шүкірлеу екен. Бірақ қырдағы шаруашылықтарға құмнан жер беріп, қыстақ мәселелерімен айналысып, малшы ағайынның арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, етектеріне сүрініп жүрген билік жоқ. Сірә, мал жекенікі, яғни олардың мәселесі де жекенікі деп, жағалары жайлау сияқты. Ойбай-ау, даланы, қаланы шындығында асырап отырған сол жекелер емес пе?
Ресейдің бізден жалға алған полигон басшыларымен ешқандай байланыс жоқ. Жалға берілген жерлердің шөбін көрші облыстың шаруалары ресейлік әскери бөлімшелердің басшыларымен келісіп, шауып, тасып қыстақтарына үйіп алған. Біздің шаруаларымыз, ауылдарымыздың халқы соған қатты наразы болып отыр. Облыс басшылары ауданның мәселелері бойынша бірнеше рет кеңес, жиын өткізді. Онда талай тапсырма берілді. Бірақ оның бірде-біреуі орындалмаған. Айтылған, қалған. Күлбектетпей айтқанда, жергілікті билік ең маңызды науқан – мал қыстағына әзірлікке бастарын ауыртып отырған жоқ. Айтып, айтпай не керек, биылғы қыс басшыға да, қосшыға да сын. Сонда енді не істеу керек деп отырған шығарсыз, құрметті оқырман. Талай жылым ауыл шаруашылығымен тікелей, қоян-қолтық өткендіктен, өзімнің тәжірибеме салып айтсам, ең алдымен барлық ауылда штаб құру керек. Әр ауыл, әр шаруашылық, жеке аулалар бойынша нақты есеп алу, жауапты мамандарды бекіту кезек күттірмейді. Көрші Ресейден малға арзан жем кіргізу, сақтау, сату мәселесін шұғыл шешу. Жеке аулалардағы малды қысқа қажетті мал азығымен түгел қамту. Қолдағы малды тез сұрыптап, қоңды, күйлері жақсы, артығын тапсыруды ұйымдастыру. Мал азығын дайындауды, тасымалдануын шұғыл субсидиялау. Киіктерден жаз бойы келген зиянды өтеу мәселесін шешу керек. Мүмкіндігіне қарай шаруашылықтарды несиелендірген жөн. Қыста жол тазалайтын техникаларды осы бастан сайлап қойған жөн. Облыс орталығындағы ірі кәсіпорындарды аудандарға бекітіп қою керек. Төтенше жағдайлар туа қалса, шұғыл атқа қонатын, қажетті жеріне жетіп баратын арнайы топ, техниканың әзір тұрғаны қажет. Ресей елінің әскери полигондарымен бірлесіп меморандум әзірлеу. Қыстаққа әзірлік, оның өту барысы жайлы пысықтап отыратын он күн сайын селектор өткізуді қатаң қолға алған жөн.
Міне, ештен кеш жақсы деп, осынау «керек» пен «қажеттерді» жүзеге асыруға тез арада кіріссек, қоянның қаһарына қарсы тұра алатынымыз кәміл. Ендеше, уақыт өткізбейік, ағайын!
Лавр Хайретдинов,
«БҚО ауыл шаруашылығы
ардагерлер ұйымы» ҚБ-ның төрағасы