29.03.2024, 10:15
Оқылды: 83

Қоян қысының тепкісі тегеурінді. Бөкей ордасы ауданында ахуал қандай?

 

Еліміздің солтүстігінде төрт түлік малдың төресі – жылқы қар қалың түскендіктен тебіндей алмай, қырылып жатыр. Ондайды бұрын кітаптан оқитын қалың жұрт әлеужелілерден көріп, шошынды. Біздің өңірде ондай ақ ұлпа болмағанымен, қорасында шөбі таусылып, жайылымы жұтап қалған малдың жайы қиындап тұр. Қоянның қысы қытымыр болатыны айтылудай-ақ айтылып келеді. Бірақ айтылған сөзден нәтиже маңыздырақ. Оның үстіне көгілдір көктем келіп,   күн күрт жылынып, тәулік бойы жаңбыр жауды. Төтенше жағдайлар қызметі де, синоптиктер де күзде жауын-шашын мол болып, жердің ылғалы шамадан артық, тоңның қалың екенін, көктемде жауын болса, қарғын судың жерге сіңбей, айнала телегей теңіз болатынын ескертті. Сол болжам расқа айналды. Көктемгі қар суы еріп, жолдың «миын» шығарды. Мал азығынан қысылған Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылдық округіне қатынау, көмекке жем-шөп жеткізу ақырет болды. Ол ол ма, кейбір тұрғындар азықтан, ас атасы – астықтан тапшылық көруде.

Кірмежолдың кесірі-ай...

Алдымен сайлаушыларының қамын жейтін халық қалаулысы, Бөкей ордасы аудандық мәслихатының депутаты Асылбек Нұрғалиевке хабарластық. Оның айтуынша, Жәнібек ауданының орталығы мен Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылы аралығындағы күре жолдан Мұратсай ауылына бастайтын 18 шақырым кірмежол мүлдем асфальтталмаған. Биылғы көктемде де жылдағыдай жол ми батпаққа айналды. Ауыр жүк көліктерімен Мұратсайға қатынау мүмкін емес. Жолды күрделі жөндеуге қаржы бөлінген, алайда тендерге ешкім түспей тұр.

– Алдында ауылдан Казталов ауданына көшіп кеткен Айсұлтан Бисенғалиев есімді шаруагер өз малынан ауыстырып, екі «КамАЗ» көлігін тіркемесімен шөп жіберді. «Ауылдастың тайы озсын» дейтін халық емеспіз бе, мұратсайлықтардың қиналғанын естіп, көмек қолын созғаны... Бірақ кірмежолдың ке-сірінен ауылға кіре алмаған көліктер кері қайтты. Аудан орталығынан саттыққа әкелінетін жем тиелген көліктер де батпақтан жүре алмай, кері кетті. Бір апта болды, біраз отбасының төрт түлігі «жер тістеп» қалды. Кеше, дүйсенбіде аудан, округ әкімдіктері бір трактор шығарып, ауылға жем әкелді. Сонда 19 үй жем алды, әлі 19 отбасының малына жем жетпей қалды. Барлығы 40 шақты шаңырақтың күнкөрісін айырып отырған малы қиын жағдайда қалды. Басында жемнің қапшығы 2000 теңгеден, одан кейін 2300 теңгеден сатылды. Жол шығыны, жүк тиеушілердің еңбегі бар дегендей. Кеше үй басына екі қапшықтан берілді. Соның өзінде сол жемге қолы жетпегендер бар. Қазір қараңғылық қоюланса да, жолда батпаққа батқан тракторды, ондағы жем, астықты күтіп алаңдап тұрғындар жүр. Осындай көмек-қолдаудың ұйымдастырылғанына рақмет айтуда, – деді Асылбек Нұрғалиев.

Аудандағы ең шағын Мұратсай округінде 800-дің үстінде халық тұрады. Ауылда екі дүкен жұмыс істейді. Олар да қаладан тауар әкеле алмай отыр. Сондықтан Сайқыннан келетін мал жеміне қоса астық та әкелінуі керек. Наны жоқ, бала-шағасы шулап жатқан отбасыларға қайырымды мұратсайлықтар астық ұсынуда. Көршінің баласы нан сұрап жыласа, көршілері қалай ас ішеді?.. Рамазан айында ешкім де қайырымдылықтан сырт қала алмасы анық. Оның үстіне «Беларусь» тракторының тіркемесіне жемді, астықты шамадан тыс тией алмайды, олай етсе, жүгі ауырлап, батып қалады. Бұған дейін аудан, округ әкімдері жолдағы шөп тиеген көліктерді сүйреуге жол мекемелерінен автогрейдер секілді техникаларды сұрап алған. Бірақ ондай техника да сүйреуге қауқарсыз боп шықты деседі. Бірақ көктемнің келерін, жолдың жайсыз күйге енетінін аудан басшылығы неге ойламаған? Бұрынғылар «Ханда қырық адамның ақылы бар» дейтін, кірмежолдың соншалықты кесір екенін ел ағалары не қып білмей қалды деп дал боласыз. Рас, қыста ауылдарға жем-шөп саттыққа жіберілген. Оны сатып алып, қорасын шөпке толтырып қоятын қалың қарашада басы артық ақша қайдан болсын?.. Округке қарасты Әжен, Тайқара мекендерінде де сондай жағдай көрінеді. Осындайда аудан әкімінің қандай менеджер, іскер екені көрінеді.

фото М Туребаев

Фотоға түсірген: Махамбет Туребаев

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың хабарламасына сүйенсек, ауданда 133,2 мың шартты бас (104 301 ІҚМ, 105 901 ҰҚМ, 37 943 жылқы және 1237 бас түйе) мал қыстатылуда. Аталған мал басына 201,8 мың тонна шөп дайындау қажет болса, соның 197,7 мың тоннасы (98%) дайындалған. «Орал қаласынан жеңілдетілген бағамен жемнің тоннасын 75 мың теңгеден (58 тонна әкелінген), қосымша жергілікті кәсіпкерлер 80 мың теңгеден (630 тонна жеткізді) әкеп сатты. Ауданда 25 жеке кәсіпкер жем түрлерін тұрғындарға тұрақты сатуда.

«Жем-шөп жеткізуде қардың еруіне, жердегі тоңның түсіп кетуіне байланысты Саралжын, Ұялы, Т. Масин, Мұратсай ауылдық округтеріне жол қатынасы қиындады. Сондықтан округтің өзінде жинақталған қорлар негізінде қажетті жем-шөппен қамтылуда. Қазіргі күні құмды өңірлерде мал өріске кете бастады. Тек қырлы алқапта шөптің әлі де болса көтерілмеуіне байланысты мал қорада тұр. Аудан бойынша мал шығындары тіркелді. Шығын көлемі нақтылануда», – делінген аудан басшысы ұсынған ақпаратта.

62 күн жаңбыр жауды

Мұратсай ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Ғилмановтың хабарлауынша, округте 41 шаруа қожалығы бар. Қысқа 9,2 тонна шөп және 280 тонна жем дайындалды.

«Қосымша ақпан айында Жалпақтал ауылынан 350, округ шаруашылықтарынан 62, барлығы 412 орама шөп сатып алынды. Ақпан айының соңына таман 25 тонна, одан кейін 20 тонна жем Орал қаласынан жеткізіліп, сатылды. Наурыз айында округ шаруа қожалықтарынан 482 орама шөп сатып алынды. Наурыздың 11-інде Тасқала ауылынан 101, одан кейін 50 дана орама шөп, Орал қаласынан 20 тонна жем, аудан орталығынан 6 тонна жем әкелінді. Астық керек деген 30 отбасының 22-сі астықпен қамтылды. Округ бойынша 200-ге жуық ірі қара, 320 бас ұсақ жандық, 50 жылқы шығын болды. Мал шығыны қазан, қараша, желтоқсан айларында өрісте жүрген малдың бірнеше күн қатарынан қатты жел мен жаңбырда қалуы, қыстың созылуы салдарынан болды. Округтегі 243 ауланың 188-інде мал ұстайды», – деді Мейрамбек Ғилманов.

Мұратсайлық шаруагер, аудандағы фермерлер қауымдастығының төрағасы Дәурен Насимуллиннің айтары көп. Облыс орталығына елдің мұңын жеткізуге келіпті. «Жылда мал қаңтар айына дейін қора көрмей, далада жайылатын. Наурыздың төбесі көрінісімен төрт түлік жайылысқа шығып кететін. Бірақ... қоянның қысы ерте келіп, төрт түлік желтоқсаннан бастап қолға қарады. Желтоқсан айы бойы жаңбыр тоқтамастан  жауып, төрт ай бойы қорада тұрған мал дайын азықты ерте жеп қойды. Малдың жұтқа ұшырағаны енді білінуде. Жайылысты киік отап кетті. Тек Мұратсай емес, Бисен, Құрманғазы, Сайқынның Шоңай жағы қиналып қалды. Мал санын азайтыңыздар дейді. Бірақ «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жастарға мал алыңыздар деп несие ұсынады. Сонда бізге жетпей жатқан жерді оларға қайдан алады?» – деп дал болады шаруагер.

Иә, басқа округтегілер де жетісіп отырмаған сыңайлы. Орда ауылдық округіндегі «Ахметов» шаруа қожалығының басшысы Жалғас Ахметов қысқы мал азығына деп 1,5 мың орама шөп, 30 тоннадай жем дайындаған. Бірақ қыста мал қолға қарап, мал шығыны болған. Көрші шаруашылықтарда да әр он басқа шаққанда 2-3 бастан шығын бар. Мал ақсыз тууда. Күзде жылқы күйсіз болды. Жайылымды киік тапап, эрозияға ұшыратқанын айтады. Көктем келіп, жер көгере бастағанымен, мыңғырған жез тұяқты ақбөкеннен тіс шұқыр шөп қалмайтын тәрізді деп қынжылады. Орда ауылының өзінде орама шөп, жем де жеткілікті. «Күн ысып кетсе, арық-тұрақ мал соны көтере алмауы ықтимал. Үлкендер күзде 62 күн бойы жаңбыр жауды деп санап отыр. Киік шамадан тыс көбейіп, жағдайды ушықтыруда», – деді Жалғас Ахметов.

Өлімтігі шашылып жатыр

Кәсіпкерлер палатасының Бөкей ордасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлованың пікірінше, кейінгі жылдарда киіктің тез көбеюі қожалықтарға орасан зор шығын әкелуде. Жайылым, шабындық жерлерін отап, қысқы азықтарын дайындауға үлкен кеселін тигізуде. Сонымен бірге киіктерден таскене тарап, малдың қырылуына себепші болуда. Оның үстіне мал қыстаққа күйсіз кірді.

18b3fea9-d78c-4f2c-9fd3-07a15729c576

– Қазақ киікті қасиетті санайды. Оны білеміз. Сол жануар шөпті талғап-таңдап жайылады. Қазір қылтиған шөпті тамырымен тартып жеуде. Далада ақбөкендердің өлексесі көп. Айнала мал өлімтігі шашылып жатыр. Шаруа қожалықтарының жігіттері шашылған төшкелер қалай жиналады деп хабарласуда. Өлімтіктерден ауру тарап, адамға жұғып жүрмей ме деп хабарласады шаруашылықтағылар. Былтыр өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің қабылдауында болғанымда, жердің тозғанын, шөпті дайындау қиындығын, осындай қиындыққа тап болатынымызды айттым. Кейбір округтерде шаруа қожалықтары техникаларын қозғаған жоқ, өйткені шабатын шөп болмады. Статистикалық есеп бойынша өңірде 2 млн киік бар делінеді, ал шаруагерлердің қара есебінше 4-5 млн көрінеді. Шаруа баққан азаматтар киік санағын тікұшақпен өткізетінін, алайда полигон жерінің үстімен ұшуға болмайтынын жеткізді. Сондықтан санақта қате кетуі мүмкін.  Биыл көбейеді, сонда не болады? Оның барлығы жерді таптағанда не қалады? Облыс әкімі мал басын азайтуды ұсынды. Мал тапсыруға ниеттенгендердің көбінің тауы шағылды. Мал тапсыратын жер жоқ. «Кублей» ет өңдеу кәсіпорны ұсынған баға қара бақырға татымады. Талдыапанда алады деп еді, ол да оқсатпады. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірімізге іссапармен келгенде, барлық мәселені жайып салдым. Қазір мал шығынын есептеп жүрген ешкім жоқ. Ақбөкеннің көбі Бөкей жерін жайлайды, бірақ олардың саны реттелгенін көрмедік. Министрге Сайқын ауылдық округіндегі Сатан, Далбан, Қоян көлдерін суландыру ұсынылды. Су айдындарында су тартылып қалды. Суландыру жұмыстары жүргізілсе, малға азық дайындар еді. Мұны халықтың, шаруашылықтың атынан Үндеу қылып тапсырдық. Сонымен қатар 700 гектардай полигон жерін қайтару туралы, жерімізді полигонға беруге аудан халқы қарсы екені  жазылған  Үндеуімізді  табыс еттік, – дейді Бибігүл Мұқасқызы.

Әлеуметтік желіде Теректі ауданындағы Шалқар ауылдық округіне қарасты Дуана ауылы қатынассыз қалды деген ақпарат тарады. Округ әкімі Шынтемір Тілекжан Дуананың көктемгі қардың еруі, жаңбырдың жаууына байланысты екі-үш күндей байланыссыз қалғанын айтады. Ауылға апаратын 25 шақырым кірмежол асфальтталмағандықтан ми батпаққа айналған. Жылда көктемде ауылдағылардың көріп жүрген құқайы – осы. Ауылда 28 үй бар, тұрғындар саны – 128. «Үш шаруа қожалығы мал өсіреді. Мал азығынан тапшылық көріп отырғандар бұрынғы Ирменовтер шаруашылығынан (қазір қожайындары ауысуда) орама шөпті 5 000 теңгеге сатып алуда. Кірмежолдың «жырын» жылда айтамыз, оған қомақты қаржы керек. Ауылдағылар азық-түліктен тарығып жатқан жоқ», – деді Шынтемір Халиматұлы. Әкім жолдың екі-үш күнде дегдитініне шек келтірмейді.

Тобықтай түйін:

Бөкей ордасы жағында су тапшы, соңғы кездері жауын-шашын аз жауады, шөп шықпайды, құдықтардың да суы ашып, тартылып барады деседі. Осылайша, қыс қатал болғанда да, құм жайлап, малын мыңғыртқан ауданда халықтың ата кәсібін құрдымға жіберіп алмайық. Көнекөздер айтпақшы, қоян қысының тепкісі тегеурінді. Ел ішінде бірлік болса, бұдан да аман өтерміз деген үміт бар.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале