15.11.2017, 12:27
Оқылды: 37

Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ, Ұлттық Банктің Батыс Қазақстан филиалының директоры: «Сол күндері ұйқысыз жұмыс істеді»

850291_1470393416– Өткен ХХ  ғасырдың 1993 жылы төл теңгеміз айналымға шықты. Биыл оған 24 жыл толды. Алғашқы теңге Қазақстанның өз банкнот фабрикасы болмағандықтан, Англияда  басылды. Ұлттық валютаны енгізу алдында еліміздің Президенті теледидардан сөз сөйлегені  есімізде. Бұқаралық ақпарат құралдарында рубльді теңгеге ауыстыру  тәртібі, мерзімдері мен шарттары жарияланды. 1993 жылғы 15 қарашада таңғы  сағат 8.00-де теңге заңды төлем құралына айналды. Рубльді теңгеге айырбастау «Қазақстан  Республикасының  ұлттық  валютасын енгізудің тәртібі мен шарттары туралы»республикалық  мемлекеттік комиссиясының қаулысына сәйкес жүзеге асырылды.

Ұлттық валютаны енгізуде Ұлттық банк пен коммерциялық банктер үйлесімді жұмыс жасады. Нәтижесінде облыс бойынша  25,7 млрд.  рубль  сомасына 1961-1992 жылғы үлгідегі рубль банкноттары айналымнан алынды. Ұлттық банктің қызметкерлері өздерінің ұлттық валютаны енгізу тарихи оқиғасына қатысқандарын мақтан тұтады. Сол  күндері банк қызметкерлері ұйқысыз жұмыс істеді. Әрбір қызметкерден зейін қою, жылдамдық және жауапкершілік  талап етілген болатын. Сондай тарихи кезеңде Ұлттық банктің облыстық басқармасының бастығы Б.Ізбасаровтың,  Орал қаласы мен облыс аудандарындағы есептік-кассалық орталықтардың бастықтары М.Бапаева, А.Яновский, В.Махорина, С.Сундетбаев, Б.Әжіғалиев, Н.Зинченко, М.Сарсенова, Н.Овсянникова, С.Ихсанов, Т.Сарбалина, Г.Сәрсембаева, М.Аманғалиев, Р.Жолдығұлова, Г.Байдушев, Н.Өтешев, У.Ережепова, А.Хайруллинаның  басшылығымен ұлттық валютаны қысқа уақыт ішінде айналымға енгізу бойынша алға қойылған аса жауапты жұмыс  нәтижелі орындалды.

– Қозыбақ Әбуұлы, теңге өзінің даму тарихында бірнеше сатылардан өтті. Еліміздегі банктік жүйенің қалыптасу, 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік Азиядағы және одан кейінгі 2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарыстары, ел сыртында доллар мен юань арасындағы валюталық қақтығыстар жүруде. Қазір де қиын, ендеше Ұлттық банк валюталық жағдайды, валюталық бағамдарды қалай ұстап отыр?

– Сыртқы қолайлы жағдайлар және қысқа мерзімді ауытқуларды реттеуге бағытталған Ұлттық банк шараларының нәтижесінде қол жеткізілген валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Еліміздің бас банкі теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін сақтай отырып, инфляциялық таргеттеу саясатын ұстануды жалғастырады. Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жылдық инфляцияны белгіленген нысаналы диапазон шеңберінде ұстап тұруға қызмет етеді. Биылғы қазан айында жылдық көрсеткіш бойынша инфляция 2017 жылға белгіленген 6-8% дәліз ішінде болып, 7,7%-ды құрады. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды Ұлттық банк толық көлемде қолдануда.

Қазіргі уақытта ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды. Ұлттық валютаның айырбастау бағамы шетел валютасының сұранысы мен ұсынысының теңгерімін көрсетеді. Мұнайдың әлемдік бағасы қалыпты. Теңге бағамының одан әрі серпіні ең алдымен іргелі факторлардың: мұнайдың әлемдік бағаларының және сауда әріптес елдердің валюталары бағамдарының негізінде айқындалатын болады. Еркін өзгермелі бағам режімі сыртқы жағымсыз күйзелістерді сіңіруге мүмкіндік береді, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

– Өңірдегі қанша тұрғын ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға мүмкіндік алды?

– Ұлттық банк басқармасының 2015 жылы қабылданған «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы» шеңберінде 2017 жылдың 1 сә-уіріне дейін өңірдегі 419 өтініш білдірушінің негізгі борышы 1,7 млрд. теңге көлемінде қайта қаржыландырылды. Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдау ипотекалық қарызын төлеуге қабілеттілігі төмендеп кеткен отбасылардың қаржылық тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

– Қазақстандағы банктер бәсекелестікке дайын емес деген пікірге қалай қарайсыз? Мысалға, бұған дейін мемлекет бірнеше банкке көмек-қолдау көрсетіп тұңғиыққа батудан сақтады. Биылдың өзінде қазақстандық екі банк бірікті. «Дельта банк» банктік қызметпен айналысу лицензиясынан айырылды.

– Өйтіп келте кесуге болмас. Қазіргі таңда елімізде 33 екінші деңгейдегі банк қызмет атқарады. Ақ Жайық өңірінде тек 14 екінші деңгейдегі банк өз филиалдары арқылы жұмысын жүргізуде. ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесе отырып жалпы банк секторының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында банк секторын қолдау бойынша іс-шаралар жүзеге асуда. Қазір «ҚР-ның банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соған орай биылғы қыркүйекте және қазанда Ұлттық банк басқармасы «АТФ Банк» АҚ-ның, «Еуразиялық банк» АҚ-ның, «Цеснабанк» АҚ-ның және «Банк Центркредит» АҚ-ның, яғни төрт екінші деңгейдегі банктің аталмыш бағдарламаға қатысуын мақұлдады. Сонымен қатар жақын арада ҚР Ұлттық банктің басқармасымен көрсетілген бағдарлама аясында «Bank RBK» Банкі» АҚ-ның өтінімін қарайды.

Биыл Ұлттық банк басқармасының қаулысымен “Қазақстан Халық жинақ банкі” АҚ-ға “Казкоммерцбанк” АҚ-ның еншілес ұйымын иеленуге рұқсат берілді.

Сөйтіп, «Halyk» қаржы тобы ТМД елдерінің ірі жеке қаржы құрылымдарының үштігіне енді. Ал “Delta Bank”-ті  банктік және өзге де операциялар мен бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айырылды. Ұлттық банк орталық аппаратының мәліметіне сүйенсек, бұл шешімді банктің несиелік тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі рәсімдердегі кемшіліктері, қаржылық жай-күйі орнықсыз қарыз алушыларды несиелеуі, соның нәтижесінде несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің айтарлықтай өсуі себеп болды. Бірақ банкрот болған банктің салымшылары далада қалмайды. Теңгемен, шетел валютасымен салынған депозиттер, төлем карточкаларындағы және банк шоттарындағы ақша шекті кепілдік көлемде өтеледі.

– Ұлттық банктің дедолларизация саясаты табысты орындалуда деп сеніммен айта аласыз ба?

– Экономиканың долларлану деңгейін төмендету – бір күндік емес, ұзақ және күрделі жұмыс. Оның табысты іске асырылуы Үкімет пен Ұлттық банктің өзара байланысты шаралар кешенін қолданған жағдайда және бірлескен істері арқылы жүзеге асады. Ұлттық валютадағы депозиттердің тартымдылығын арттыру үшін Ұлттық банк «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ ұсынған депозиттердің ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен өзгертті. 2017 жылғы 1 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінде сөз сөйлеген ҚР Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев депозит нарығындағы долларсыздандыру процестерінің жалғасып жатқанын атап өтті. «Шетел валютасындағы депозиттердің үлесі өткен жылдың қаңтардағы ең жоғары 70%-дан 49%-ға дейін төмендеді. Валюта нарығындағы тұрақтылықтың сақталуы және инфляция деңгейінің төмендеуі теңгеде ақша жинақтауды бұдан әрі де ынталандыратын болады», – деді бас банкир.

Облысымыздың депозит нарығына келетін болсақ, 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша шетел валютасындағы салымдардың үлесі 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 54,7%-дан 43,9%-ға дейін төмендеді.

– Қозыбақ Әбуұлы, қаржы саласының маманы ретінде криптовалюта жөнінде өз пікіріңізбен бөліссеңіз? Бұған қатысты нақты ұстаным әлі жоқ қой…

– Ұлттық банктің ақпараттық хабарламасына сәйкес криптовалюталар қайсыбір ұлтқа немесе мемлекетк тәуелді емес. Сондықтан оған қатысты мемлекеттің міндеттемесі немесе кепілдігі жоқ. Оның бағасы оған деген сенімге негізделген сұраныспен және ұсыныспен ғана айқындалады. Криптовалюта бағасының қысқа мерзімді перспективада құбылмалылығының жоғары болуы иесіне алыпсатарлық операциялар жасау кезінде пайда табуға мүмкіндік береді, бірақ одан әрі азаматтардың қаражатын жоғалтудан айтарлықтай шығынға алып келуі мүмкін. Мемлекеттік криптовалюталар нақты құнға және қаражаттың сақталуына кепілдік бере алмайтынын азаматтар түсінуге тиіс, оларды активтер және заңды міндеттелген тұлғалар түрінде ешқандай қамтамасыз ету жоқ. Сондықтан тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында қазіргі кезде Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп криптовалюталарға қатысты ұстанымды қалыптастыру  мәселесін  пысықтауда.

– «Адам өмірі – қан айналымы заңына байланысты жүреді, ал халықтың өмірі – қаржы айналымының заңына байланысты жүреді», – депті академик Иосиф Трахтенберг. Халықты, жалпы экономиканы несиелеуде екінші деңгейдегі банктердің  қызметі  қаншалықты  өсті?

– 2017 жылдың тоғыз айында банктердің облысымызда орналасқан филиалдары 157,8 млрд. теңге шамасында несие берді және ол 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 56,0%-ға көп. Ұлттық валютада берілген  несие 58,7%-ға, 156,5 млрд. теңгеге дейін өссе, шетел валютасында 61,3%-ға, 0,9 млрд. теңгеге дейін азайды. Жеке тұлғалар 72,9 млрд. теңге несие алған. Бұл 2016 жылдың сәйкесті кезеңінен 64,7%-ға көп. Заңды тұлғаларға 84,9 млрд. теңге берілді, 49,2%-ға өсім құрады. Есепті мерзімде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 23 млрд. теңге несие берілді. Бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 62,1%-ға көп (жалпы көлемнің 14,6%-ы);  азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген берілген несие 10,3 млрд. теңгені құрады және ол 99,1%-ға ұлғайды (үлесі 6,5%); халыққа тұтыну мақсатына берілген несие шамасы 54,1 млрд. теңгені құрады немесе 61,8%-ға артты (үлесі 34,3%). Салалар кесіндісінде берілген несиелердің едәуір шамасы сауда саласына, өнеркәсіпке, құрылысқа тиесілі.

– Ұлттық банк валюта, қаржыгерлер күніне қандай табыстармен келді? Өмірлерін банк саласына арнаған мамандар жөнінде  айта  кетсеңіз?

– Филиал өз алдына қойылған міндеттерді орындау бойынша биылғы жылдың тоғыз айын табысты аяқтады. Банктік, сақтандыру қызметтерінің мәселелері бойынша филиалға түскен 159 өтініш қаралып, 78 өтініш бойынша құжаттамалық тексерулер жүргізілді. Қорытындылары бойынша екінші деңгейдегі банктерге жазбаша ұйғарым түріндегі бір шектеулі ықпал ету шарасы қолданылды. Сонымен қатар банк филиалдарының өкілдері мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың арасында тоғыз жұмыс кездесулері ұйымдастырылды. Филиалдың қоғамдық қабылдауына 220 азамат келіп, оларға қаржы саласының әр түрлі мәселелері бойынша кеңес берілді.

Филиал қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардың валюталық заңнаманы сақтауына бақылау жүргізіп, 23 материал қарады. Соның ішінде алты іс бойынша әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолданылды (соның ішінде үш іс бойынша шешім сот органдарында қабылданды), төрт іс бойынша ескерту жасалды, 13  материал бойынша бұзушылықтың болмауына және мерзімінің өтуіне байланысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер қозғалған жоқ. Тәуекелдер дәрежесін бағалау негізінде филиал 11 уәкілетті ұйымға, Ұлттық банктің тексеруді тағайындау туралы актілеріне сәйкес екі уәкілетті банкке тексеру жүргізілді.

Қазіргі таңда филиалдағы мамандардың 83%-ы жоғары білімді, бес адам қаржы және экономика саласы бойынша магистратура бітірген. Филиалдың жеті қызметкері «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне еңбегі сіңген қызметкер» мәртебесіне ие. Филиалда 20 жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан Л.Рогова, Н.Рысқалиев, М.Солдатова, Д.Шүйіншәлиева, А.Ерғалиева, Б.Бикбулатова, Б.Әлиева, М.Дүйсенғалиева, К.Жүсіпқалиев, Т.Разварова, Ж.Дүйсенғалиев, Л.Истомина белсенді еңбек етіп, облысымыздың банк саласының дамуына өз үлесін қосуда. Әріптестеріме, сала ардагерлеріне, жалпы газет оқырмандарына ұлттық валюта, қаржыгерлер күні құтты болсын деймін. Валюта, теңге күні – еліміздің халқы үшін ортақ  мереке.

– Әңгімеңізге рақмет. Мереке құтты болсын!

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале