29.02.2024, 10:00
Оқылды: 168

«ҚПО б.в.» жергілікті кәсіпорындармен байланысты нығайтпақ

Елімізде жер қойнауын пайдаланушы шетелдік компаниялардың сатып алуларындағы жергілікті өндірушілердің үлесі – 65%. Оның ішінде тауар жеткізу көрсеткіші небәрі – 8%. Облыс әкімдігінде сатып алу бойынша жергілікті қамту үлесін арттыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен жиынға «ҚПО б. в.» компаниясының өкілдері, облыстағы кәсіпорындардың басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

3

Естеріңізге сала кетейік, Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы экспортқа бағытталған өндірісті дамыту үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауарөндірушілер арасында офтейк және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау бойынша жұмыстануды тапсырған еді.

– Мемлекет басшысы ірі мұнайгаз жобаларындағы жергілікті қамту үлесі өте төмен екенін айтты. Әсіресе, жобалық шешімдерде импорттық материалдар мен құрылғылар есепке алынады. Бұл отандық өндірушілердің мұнайгаз саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін шектейді. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты жобалардағы тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайызға да жетпейді. «ҚПО б. в.» компаниясының өкілдерімен жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесін талқылау үшін кезекті ашық алаң ұйымдастырып отырмыз. Халықаралық машина жасау орталығы, мұнайгаз жобаларындағы оператордардың алдағы 10 жылдағы сұранысын және жергілікті өндірушілердің мүмкіндіктерін ескеріп, мейлінше сұранысқа ие болатын тауарларды анықтадық. Мұнайгаз өндірісінде өңірдің әлеуеті зор, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Биыл «ҚПО б. в.» компаниясы жоспарланған сатып алуларына алғаш рет талдау жүргізген. Соның негізінде жергілікті қамту үлесін арттыруға арналған онжылдық бағдарлама жасақталып жатыр. Ол туралы аталған компания бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев айтты.

2

– Осы кезге дейін мұндай талдау болмаған. Оның нәтижесін алғаш рет Батыс Қазақстан облысының тауарөндірушілеріне, бизнес қауымдастығына ұсынғалы отырмыз. Нарық ахуалын бағамдап, біздің компанияның сатып алу жоспарымен таныса аласыз. Одан бөлек қолдау тетігі барын да айтқым келеді. Егер инвестиция салуға дайын өндіруші болса, онымен онжылдық келісімшарт түзе аламыз, – деді Мұхтар Манкеев.

Компания алдағы 10 жыл ішінде қандай тауарлардың сұранысқа ие болатыны, қандай көлемде сатып алынатыны туралы ақпарат ұсынуға дайын. Дерекқор жергілікті кәсіпорындар үшін қолжетімді болады.

– Біздің компанияға қажет тауарлар тізімінде клапандар, КИПиА құрылғылары, электр тауарлар, жылу алмастырғыштар, жылу оқшаулағыштар, сорғылар мен тығыздағыштар, неше түрлі құбыр мен сүргі бар. Сондай-ақ локолизациялау мүмкіндігі жоғары өнімдер кіреді. Бұл жерде біздің компанияның ғана емес, жалпы мұнайгаз саласындағы компа­ниялардың сұранысы ескерілген, – деді «ҚПО б. в.» компаниясының қазақстандақ қамтуды дамыту бөлімінің маманы Венера Апиева.

«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» қағидатымен жұмыс істегісі келетін компания осыған дейін шетелден тасымалданып келген құрылғылар мен тауарларды жергілікті үлеспен алмастыруға ынталы.

– Жергілікті зауыттарымыз, тауарөндірушілеріміз бар. Бізге қажет тауарлар мен құрылғыларды ұсына келген кәсіпорынмен он жылға дейін келісімшартқа отыруға болады, – деді сөзін тағы бір рет нақтылаған «ҚПО б. в.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев.

Жиында қазақстандық жеткізушілерді қолдау тетіктері туралы айтылды. Алдын ала сатып алу конкурсы, сынама тапсырыс, инвестицияға айырбас келісімшарт кезеңдерінде өндірушілер өз мүмкіндіктерін саралай алады. Бұл жергілікті өндіріс үшін ыңғайлы. Мысалы, «ҚПО б. в.» компаниясы тамақтану қызметінің өзінде 500-ден астам тауарды сатып алады. Оның 53-і ғана отандық өнім. Облыс әкімі сатып алулар кезінде жергілікті өнімге басымдық беру керек екенін айтты. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, ірі мұнайгаз жобаларын жүзеге асыратын шетелдік компаниялармен келісімшартқа отыру кезінде қиындық көп туындайды. Ең басты себептің бірі – жергілікті өндірушілердің шығарған өнімдерінің басым бөлігінің халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуі.

– Шетелден маман алдыртып, жұмысты бастағанымызбен, 2022 жылы қаржы бөлінбегендіктен «АSME» стандартының сертификатын алу үшін келіссөз жүргізуді доғаруға мәжбүр болдық. Ал ол стандарт жоқ болса, сатып алу конкурстарына қатыса алмаймыз. Осы мәселені шешу қажет, – деді «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның бас директоры Ақылжан Ахметов.

Бұл сұраққа жауап берген Мұхтар Манкеев жергілікті кә­сіпорындардың халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істеуіне мүдделі екендерін атап өтті. «Алғашында «АSME» сертификатын алып беруге қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірақ одан әрі соған сәйкес жұмыс істеуге компанияның өзі мүдделі болуы керек», – деді ол. Еркін пікір алмасу үлгісінде өткен жиынға қатысқандар мұндай кездесу жергілікті компаниялар үшін таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті. Облыс әкімдігі мен консорциум арасында жергілікті қамту үлесін арттыруға арналған бірлескен отырыстар алдағы уақытта да өтпек.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале