7.03.2017, 12:39
Оқылды: 66

ҚР БҒМ өкілдері ресми мәлімдеме жасады

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпаратқа қатысты ҚР БҒМ өкілдері 2017 жылғы 6 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында жоғары білім мамандықтарын жіктеуші, «Әліппе» оқулығын алмастыру және «Серпін» бағдарламасын іске асыру туралы мәлімдеме жасады.

Брифингке ҚР Білім және ғылым вице-министрлері Элмира Суханбердиева, Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Зәкі, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаныл Жонтаева, ҚР БҒМ Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжановтар қатысты.

Спикерлердің айтуынша, соңғы күндері БАҚ пен әлеуметтік желілерде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жаңа жіктеуішінің қабылданып, одан бірқатар мамандықтардың жойылғаны туралы көптеген мәлімдемелер жарияланды.

Шындығында, елімізде 2009 жылы қабылданған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуіші қолданыста екендігін атап өту керек. Бұл құжатқа енгізілген мамандықтар арасында «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Тарих», «Лингвистика», «Шығыстану» мамандықтары бар.

Былтыр мамандардан құрылған бірнеше жұмыс топтары білім беру бағдарламаларының тізбесіне көшу мәселесін талқылаған болатын. Бірақ бұл Жіктеуішке еш қатысы жоқ.  Жария етіліп, жұртшылықты дүрліктірген  құжаттың қайдан пайда болғаны беймәлім. Жаңадан қабылданды деп отырған Жіктеуіш нұсқасы жалған құжат. 2017 жылдың 1 ақпанында ешқандай да жаңа Жіктеуіш қабылданып, қолданысқа енгізілген жоқ. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің өкілі ресми мәлімдеме жасады. Болашақта жаңа жіктеуіш дайындалып, енгізілетін жағдай болғанда да, қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарының заңды орны сақталады.

Осыған орай ҚР БҒМ белгіленген тәртіп бойынша, тиісті мемлекеттік органдарының арандату мақсатындағы әрекеттерді болдырмау бойынша шаралардың қабылдануын сұрайды.

Елімізде қазақ тілі мен әдебиетінің қафедралары қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. Сондықтан осы кафедралардың жабылуы туралы мәлімдемелер жоспарланған жалған ақпаратты тарату деп түсінген жөн.

«Әліппе» жөнінде сөз қозғар болсақ, педагогтар қауымымен келісу нәтижесінде оның мектепалды даярлық сыныбында оқытылатыны туралы шешім 2016 жылы қабылданған. Қазіргі уақытта мектепке баратын балалар әріп танып, оқи алады.  Сондықтан «Әліппе» мектепалды даярлық деңгейінде оқытылу тиіс, яғни балаларды мектепке даярлайтын даярлық сыныптарға беріледі.  Сәйкесінше, 1 сыныптарда «Ана тілі» оқытылмақ.

«Серпін» бағдарламасы жоспар бойынша жүргізілуде. Былтырғы шешім бойынша, 2017 жылы бағдарламаға қосымша 500 орын бөлініп, қаржыландырылып отыр. Бұл бағдарламаға қазір 9 мыңнан астам адам қатысып отыр. Биыл бөлінген қосымша 500 орын магистранттар мен докторанттарға бағытталды. Бұл мәселе педагог қауымымен және жергілікті атқарушы органдармен кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар ҚР БҒМ өкілдері сенбіден жексенбіге қараған түні министрліктің сайтына DDOS шабуылы жасалғандығы туралы ресми мәлімдеме жасады. Сайт жұмысы келесі күні түсте қалпына келтірілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, шабуыл шетелдік серверлерден жасалған.

Бұл шабуылдың соңғы күндері бірқатар БАҚ мен әлеуметтік желілерде орын алған арандату, жалған құжаттарды тарату оқиғаларымен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, олардың бір орталықтан жоспарланып, білім және ғылым салаларын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын беделін түсіруге бағытталған қадам екенін көрсетеді. ҚР БҒМ осы мәселелер бойынша құзыретті органдарға тиісті шаралар қолдану үшін жүгінді.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале