25.08.2025, 17:00
Оқылды: 120

ҚР Конституциялық сотының тарихы

Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының қалыптасуының басталуы еліміздің тәуелсiздiк алуымен тығыз байланысты. 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» ҚР Конституциялық заңында Конституциялық сот Конституцияны сот арқылы қорғайтын жоғары құрылым деп белгiленген. Бұл құрылымды 1992 жылғы 2 шілдеде республиканың Жоғарғы Кеңесі сайлады және 1995 жылғы қазанға дейін конституциялық бақылауды жүзеге асырды. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған ҚР Конституциясы тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарын реформалаудың маңызды кезеңін аяқтады.

courtroom concept

Сурет: istockphoto.com

Конституцияның алтыншы бөлiмiнде республикада конституциялық бақылауды белгiлейтiн негiзгi нормаларды қамтыды. Оны жүзеге асыру Конституциялық кеңеске жүктелген. Ол сот жүйесіне кірген жоқ. Қазақстанның барлық аумағында мемлекеттің негізгі заңы ретінде Республика Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік құрылым болды.

Конституциялық кеңес жеті мүшеден тұрды. Кеңестің Төрағасы мен екі мүшесін Республика Президенті тағайындады, екі мүшеден Парламент Сенаты мен Мәжілісі алты жыл мерзімге тағайындады. Кеңес мүшелерінің жартысы әр үш жыл сайын жаңартылып отырды. Бұдан басқа, Республиканың экс-Президенттері Конституциялық кеңестің өмір бойы мүшесі болды. 1995 жылғы Конституция негізінде Конституциялық кеңес 1996 жылғы ақпанда құрылды.

Кеңесті ұйымдастырудың және оның қызметінің құқықтық негізі «Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы №2737 Конституциялық заң болды. Конституциялық мәртебеге сәйкес Кеңес өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде дербес және мемлекеттiк құрылымдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан тәуелсiз болды, Республика Конституциясына ғана бағынатын.

Республика Конституциясы Конституциялық кеңеске: Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің және республикалық референдум өткізудің дұрыстығы туралы мәселені даулы жағдайда шешуді; Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарау; Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялағанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарау; Конституция нормаларын ресми түсіндіру; Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда қорытынды беру құқығын берді.

Конституциялық iс жүргiзу ҚР Президентiнiң, Парламент Палаталары Төрағаларының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң, Премьер-министрдiң өтiнiштерi бойынша ғана қозғалуы мүмкiн. Конституциялық кеңеске өтiнiш жасайтын субъектiлердiң қатарына республика азаматтары кiрмедi. Конституцияның 78-бабына сәйкес, егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік-құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірді деп тапса, ол іс жүргізуді тоқтата тұруға және бұл актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық кеңеске жүгінуге міндетті.

Конституциялық бақылау институтын дамытуда елімізде жүргізілген конституциялық реформалар маңызды рөл атқарды. 2007 жылы Конституциялық кеңесті тексеру мәніне Парламент пен оның Палаталары қабылдаған қаулылар енгізілді. ҚР Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен 2008 жылы Конституциялық кеңес туралы Конституциялық заңға толықтырулар енгізілді. 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформа Конституциялық кеңестің өкілеттіктері аясын кеңейтті. Республика Президенті Конституциялық кеңестің шешіміне қарсылықтар енгізу жөніндегі өз құқығынан бас тартты.

Мемлекет басшысына күшiне енген заңды немесе өзге де құқықтық актiнi Республика Конституциясына сәйкестiгiн қарау туралы Конституциялық кеңеске өтiнiштер жiберу құқығын беру жолымен конституциялық бақылау күшейтiлдi. Мұндай құқық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүдделерімен байланысты болады. Еліміздің негізгі заңына түзетулер енгізуге міндетті алдын ала конституциялық бақылау енгізілді. Олар Конституциялық кеңес оң қорытынды берген жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылуы мүмкін.

Қазақстандағы конституциялық бақылау институты жаһандық өзгерістерге жауап ретінде кезең-кезеңмен дамыды. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциялық соты конституциялық бақылаудың жаңа тетігін көздейтін 2022 жылғы маусымда өткізілген республикалық референдум нәтижесінде қайта құрылды. Бұрынғы Конституциялық кеңестен айырмасы – азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғаны туралы шағымдарын қарау құқығы бар. Конституциялық сот бұрын жұмыс істеген Конституциялық кеңесті ауыстырып, 2023 жылғы 1 қаңтарда жұмысын бастады.

Конституциялық сот мынадай функцияларға ие:

– Президент, Парламент депутаттары сайлауын және республикалық референдумды өткізудің дұрыстығы туралы дауларды шешеді;

– Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар адамдардың, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша нормативтік-құқықтық актілердің конституциялылығын тексереді;

– Конституция нормаларына түсіндірме береді;

– жыл сайын Парламентке конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жолдайды.

Конституциялық сот төраға мен оның орынбасарын қоса алғанда, 11 судьядан тұрады. Төрағаны қызметке Парламент Сенатының келiсiмiмен Президент тағайындайды. Төрағаның орынбасарын төрағаның ұсынуы бойынша судьялар арасынан Президент тағайындайды. Төрт судьяны қызметке Президент тағайындайды, үш судьядан Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды.

Конституциялық сот құрылған кезден бастап қаралуына келіп түскен азаматтар өтiнiштерiнiң көпшiлiгi қарауға жатпайды. Алайда бұл үрдiс азаматтардың заңнаманы жетiлдiруге белсендi қатысуын көрсетедi. Нәтижесінде азаматтардың өз құқықтарын қорғауға деген қызығушылығы артып, конституциялық қағидаттарды қорғауға арналған институт ретінде Конституциялық соттың қоғамдық қабылдауын қалыптастырады. Мәселен, өтініштердің басым бөлігі ҚР Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына қатысты, одан кейін азаматтық-құқықтық актілер және т. б. жатады.

Конституциялық соттың жұмысы қылмыстық, әлеуметтік және салық заңнамасындағы өзгерістерге әкеп соқтырған нормативтік қаулылар шығару және мемлекеттік құрылымдарға ұсынымдар жіберу арқылы заңнамаға да елеулі әсер етті. Мысалы, өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстау тәртібі мен шарттары өзгертілді. Әлеуметтiк кодекстiң жекелеген ережелерi Конституцияға сәйкес келтiрiліп, әлеуметтiк атаулы көмек беру жөнiндегi өлшемдер белгiленді.

Бүгінгі күні Конституциялық сот конституциялық бақылау тетігін нығайтатын және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыратын саяси реформалардың маңызды элементіне айналды. Оның негізгі міндеттері Конституцияға сәйкестендіру жолымен заңнаманы жетілдіру, халықтың құқықтық сауаттығын арттыру және елдегі құқық үстемдігін нығайту болып қала береді.

 

Ринат  ӘДІЛГЕРЕЙ,
Орал қалалық  №2 сотының судьясы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале