19.08.2021, 16:52
Оқылды: 51

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Квант» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысты

Облысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева жұмыс сапарымен келді. Бейсенбі күні депутаттар Орал қаласындағы «Квант» ЖШС фабрикасының тыныс-тіршілігімен танысты. Олар фабрика ішіндегі қызу тірлікке куә болып, қызметкерлердің қазіргі әлеуметтік жағдайына назар аударды.

D97A053B-CE25-4149-AD8B-0A89BABDB30E

Серіктестік директоры Михаил Пшеничный депутаттарға жиһаз фабрикасының жұмыс қарқыны жөнінде баяндады. Кәсіпорын 2015 жылы­ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. «Квант» басшылығы биыл құны 2 млрд теңге болатын жаңа цех ашуды жоспарлап отыр. Онда жаңа технологиямен сапалы жиһаздар құрастырылады. Соған сәйкес фабрикада қосымша жұмыс орындары ашылады. Михаил Пшеничный еңбек ұжымының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалғанын айта келіп, белсенді жас мамандарды кәсіптің қыр-сырын үйретуге әзір екендігін атап өтті.

8B4A4665-3BAF-4BB7-BD2B-2DCE33E0CE1C

–  Белорус, Ресей, Украин мемлекеттеріндегі жиһаз бағасын бақылап, тың бағытта безендірілуіне мән береміз. Нарыққа «Квант» фабрикасы сапалы және жаңа үлгідегі өнімдерді шығарып келеді. Есесіне, жергілікті жердегі жиһаз құны 20-25 пайызға арзан. Жыл сайын 22 мыңға жуық жиһаз өнімін жасаймыз. 2014 жылдан бері өнім көлемі екі есе өсті. Осыған байланысты жаңа жұмыс орындары ашылуда. Кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдармен жасалған келісімшарт негізінде өндірістік тәжірибеден өтуге жыл сайын 30 шақты студент келеді. Олардың ішінде алғырлығымен, шеберлігімен көзге түскен жас мамандарды жұмысқа қабылдаудамыз, - деді Михаил Пшеничный.

14D57238-F647-4AD1-97A0-7B5B61415DD4

Серіктестік директорының айтуынша, «Квант» фабрикасынан экспортталатын өнімдердің негізгі бөлігі Арменияға, Қырғызстанға және Ресейге жеткізіледі. Қазақстанда «Квант» компаниясына тиесілі 16 дүкен бар. Орал қаласының Зашаған кентінде орналасқан өндірістік базада тігін цехы, жұмсақ жиһаз және матрас өндіретін жабдықтар орналасқан. Қалаға қарасты Желаев кентінде кәсіпорын қоймасы бар.

5AE07A8C-E7DA-43E1-8E95-D1713D16931D

«Квант» – ірі жиһаздармен қатар, РФ, Белорус, Қытай елдерінен тұрмыстық тауарлар мен электр жабдықтарды тасымалдайтын ірі компания.

Кәсіпорын тіршілігімен танысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған жол картасында белгіленген мақсат-міндеттің орындалу барысы ұдайы назарда болатынын, жұмыс сапарының басты мақсаты – тұрғындар мен жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу жолдарын қарастыру екенін айтты.

96398A0A-E42B-4382-978D-D73EDF073D59

– Мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау білдіруде. Сол арқылы экономика тұрақтылығын сақтау, бюджетке шағын және орта бизнес субъектілері төлейтін салық негізінде кіріс түсіру көзделген. Осы экономикалық саясат бүгіндері оң нәтиже беруде. «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасының шығарып жатқан корпустық және жұмсақ жиһаздары мен паралон матрас және басқа да материалдарының сапасы жақсы әрі экологиялық тұрғыда таза, бағасы арзан. Биыл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жол картасындағы белгіленген барлық индикаторды жүзеге асыру үшін компания басшылығының жыл сайын жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге елеулі үлес қосып отырғаны қуантады, - деді Снежанна Имашева.

7823DD9D-46BD-4F69-B4F9-2DFD0CF13B0C

Депутаттар онкүндік жұмыс сапары кезінде аудандарға да барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерімен танысатынын, алдағы уақытта облыс жұртшылығын толғандырған өзекті мәселелерді Мәжілістің кезекті сессиясында қозғайтынын мәлім етті.

60E9A641-DD8F-4EEF-B1AC-DA3458EDCA16

Айта кетейік, облыс бойынша былтырғы ЖІӨ көлемі – 2719,0 млрд теңге болды. Республикадағы ЖІӨ көлемінің 3,8%-ы – БҚО үлесінде. 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнім көлемі 1059,7 млрд теңгеге жетті. Нақты көлем индексі – 94,1%. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық санындағы тіркелген жұмыссыздар үлесі – 4,4%. Есепті кезеңде 7852 жұмыс орны құрылып, 8107 адам жұмысқа орналасты.

Нұрлан Ғаппар,

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале