7.12.2020, 9:58
Оқылды: 1

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы БҚО-ға келді

Облысымызға  жұмыс сапарымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бастаған делегация келді. Делегация құрамында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Серіктестік департаментінің директоры Расул  Медетов, «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Төлеген Байгулов, «Халық үні» және «Адал көмек» жобаларының жетекшісі Айман Омарова, «Алтын қыран» қорының директоры  Мақсұтбек Айтмағанбет секілді агенттіктің жұмыс тобы болды.   Олар алдымен Бөрлі ауданының орталығы  Ақсай қаласындағы сервистік әкімдікке табан тіреді.

289E4033-6348-4864-82BB-1BBBE72B58A5

«Ашық әкімдік» фронт кеңсесінің қызметімен танысқан төраға мамандардың қызмет көрсету сапасын қадағалап, сервистік әкімдікке келген тұрғындармен тілдесті.

- Ақсай қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесі былтыр қыркүйек айында ашылды. Фронт кеңсе төрт принцип бойынша жұмыс істейді. Яғни ашықтық, қолжетімділік, қолайлылық және тұрғындарға мемлекеттік қызметті сапалы көрсету қағидаттары негізінде.  Бұл кеңсе тек Ақсай қаласының тұрғындарына ғана емес, аудан халқына да мемлекеттік қызмет көрсетуде. Сондай-ақ бұл ғимаратта тұрғындарды жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді өмірге бейімдеу орталықтар да қамтылған. Кеңсеге аудан тұрғындары білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй мәселелеріне қатысты сауалдар бойынша жиі келеді. Әкімдікке жыл басынан бері мыңға жуық тұрғын келіп, 1200 әлеуметтік қызмет алған, оның 800-і онлайн түрде.  Сондай-ақ сервистік кеңседе жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс таба алмай жүрген жандарға кеңес береді. Бұл жерде кез келген тұрғын өзіне қажетті қызметті еш қиындықсыз ала алады,- деді Ақсай қаласының әкімі Амангелді Тоғызбаев.

Бөрлі ауданында  279 бос жұмыс орны бар екен. Бұл туралы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әсемгүл Жұмағалиева аталмыш орталықтың жұмысымен таныстыру барысында мәлімдеген болатын.

45b67307-2426-425b-8b24-facaac01946b

- Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының ғимаратында  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жартылай стационар,өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша  тұрғындарды қабылдайтын кабинет бар.   56 әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Ауданда былтыр 442 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл олардың саны 245-ке қысқарды. Куә болғаныңыздай, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны екі есеге дейін қысқарды. Оның бірден-бір себебі –  биыл қабылданған заң бойынша АӘК алушыларды жұмыспен қамту шараларына тарту деп айтар едім. Яғни атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсыруға келген тұрғындарды алдымен жұмысқа жолдаймыз. Егер жалқаулыққа салынып, жұмысқа бармаса, атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Сондай-ақ ауданда мүмкіндігі шектеулі  1337 жан болса, оның 150-і бала. Мүмкіндігі шектеулі балалардың кейбіреуі мектепте оқып, білім алуда. Десе де білім алуға да, тәрбиелеуге де денсаулық жағдайлары тартпайтын балалар бар. Арбаға таңылып, күн ұзаққа үйде отыратын сондай балаларды әлеуметтендіру үшін, қоғаммен байланыссын деп жартылай стационар орталық ашылған еді. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балалардың ойнауына, қол маторикасын дамытуына барлық жағдай жасалған. Оларды ата-аналары  жартылай стационар орталығына аптасына екі мәрте алып келіп, жаттығу жасата алады. Мұнда  2-16 жас аралығындағы бүлдіршіндер келеді, - деді Әсемгүл Нәуербекқызы.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ғимараттағы барлық кабинеттерге бас сұғып, мамандардың жұмысымен танысты. Атқарылып жатырған шаруаға көңілі толғанын айтып, оң бағасын берді.

- Жалпы, бұл жерде халыққа қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік қызметтер  сапалы көрсетіліп жатыр. Бұл әрине көңіл қуантады. Осы орайда аудан, қала басшылығына және мекеме қызметкерлеріне алғыс айтамын,- деді ол.

Содан соң делегация мүшелері Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушыларымен кездесті. Кешен спорттың 19 түрі бойынша бір мезгілде 300 адамды қабылдай алады екен.

Бөрлі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Есенаман Стамғазиевтің айтуынша, аталмыш спорт кешені 2017 жылы ашылған. Бүгінде 1192 оқушы спорттың 19 түрімен айналысады. Яғни волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, жүзу, таэквондо, каратэ, бокс секілді үйірмелер  бар. 49 жаттықтырушы еңбек етеді. Сондай-ақ аудан орталығында  700-ден астам бала жаттығатын Бөрлі спорт кешені де бар екен.

Жас спортшылармен және жаттықтырушылармен тілдескен Алик Жатқамбайұлы  аудандағы  спорт саласының дамуына оң бағасын беріп, жас спортшыларға «болашақта көк туымызды желбіретер чемпион болыңыздар» деді.

Бұдан кейін агенттік төрағасы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясын аралап, корпоративтік комплаенс-қызметі жұмысының нәтижелерімен танысты. Компания басшылығына өндіруші салалардағы жемқорлықтың алдын алудың стратегиялық маңыздылығын түсіндіріп, өз ұжымдарында жемқорлықты жою және оның алдын алумен айналысу қажеттігін  баса айтты.

– Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің арқасында біз квазимемлекеттік секторда ғана емес, жеке корпоративтік секторда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді комплаенсті енгізу үшін сенімді құқықтық негіз қаладық. Integrity идеологиясын насихаттау дәл осындай ірі салалық компаниялардан басталуы тиіс. Кәсіпкерлер адалдық пен парасаттылық стандарттарын сақтауға неғұрлым көп көңіл бөлсе, соғұрлым тезірек бәсекеге қабілеттілікке қол жеткіземіз, - деді А.Шпекбаев.

Айта кетсек, биылғы 17 қазаннан бастап квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты заңнамалық деңгейде енгізілген болатын.

«104 шақырым жол күрделі жөндеуден өтсе екен»

Содан соң агенттіктің жұмыс тобы мен қоғам қайраткерлері Шыңғырлау ауданында жаңа сервистік әкімдік ашты. Онда тұрғындардың жайлы жағдайын арттыруға септігін тигізетін 54 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетін болады. Сондай-ақ әкімдікте жер қатынастар бөлімінің, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының, құрылыс  және кәсіпкерлік саласының мамандары кеңес беруде.

- Коронавирус індеті елді алаңдатып тұрған сәтте Елордадан облысымызға келіп, Шыңғырлауға ат басын бұрған меймандарға қош келдіңіз дейміз.  Бұл сапарларыңыз арқылы Үкіметтің бізді, шалғай  аудан тұрғындарын  ойлайтынын сезініп отырмыз. Бүгінде жастар жаңа технологияны игеріп, жергілікті атқарушы құрылымдар елдің игілігі үшін еңбектенуде. Ал жаңадан ашылған сервистік әкімдік мемлекеттік қызметтің сапасын одан әрі дамытады деп сенемін. Себебі аудан орталығында бір халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Одан қызмет алу үшін  елді-мекен  тұрғындары да келеді. Олар көлік жалда келгендіктен, асығыста әр мекемеге соғып жүре алмайды. Ал бұл ашық әкімдік арқылы мемлекеттік қызметтің барлығын тез және сапалы алуға мүмкіндік бар. Сол үшін қуаныштымыз, - деді кездесуде еңбек ардагері Қаршыға Елемесов.

Сервистік әкімдікте төраға Алик Шпекбаев «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Төлеген Байғұловпен  және «Адал көмек» жобасының жетекшісі Айман Омаровамен бірге «     Халық үні» жобасы аясында азаматтарды қабылдады.

9e3cd410-49eb-4223-8c34-00b47bedffad

Қабылдау барысында Сағынғали Имашев есімді аудан тұрғыны Алик Жатқамбайұлына Шыңғырлаудан Орал-Ақтөбе тасжолына дейінгі 104 шақырым жолды жеделдетіп күрделі жөндеуден өткізуге қолғабыс етсеңіз деген өтініш айтты.

– Ауданымыз жыл сайын көркейіп келеді. Газ, су  бар. Десе де бір күрделі мәселе бар.  Шыңғырлаудан Орал-Ақтөбе тасжолына тіке шығатын жол 104 шақырымды құрайды. Соның 12 шақырымы былтыр асфальтталды. 32 шақырымға жобалық-сметалық құжат жасалды. Келесі жылы ақша бөлінуі мүмкін деді. Сіздің ықпалыңыз тиіп, сол жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге көмектессеңіз дейміз. Шыңғырлау ауданының бес ауылдық округі сол тасжолда орналасқан, - деді ол.

Өз кезегінде агенттік төрағасы облыстағы тасжолдар мәселесі рет-ретімен шешілетінін айтып, бұл жолды қаперде ұстайтынын жеткізді.

Делегация мүшелері содан соң Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебіне барып, ұстаздар қауымымен тілдесіп, оқушылардың білім алуы үшін жасалған мүмкіндіктерге куә болды.

Әр бұрышы ұлттық нақышта безендірілген мектеп заманауи техникалармен жабдықталған. «Робототехника», «Руханият» секілді бейінді кабинеттері бар. Сондай-ақ мұнда кеңсе тауарларын сатушының көмегінсіз сатып алуға мүмкіндік  беретін «Адалдық дүкені» жұмыс істейді екен. Бұл мектепте білім алатын 476 оқушының жартысы карантин талаптарына сай қашықтан білім алуда.

–  Егер жастардың  бойында адалдық, әділдік, сенім деген құндылықтар болса, болашақтары зор болады. Оқушының ең бірінші міндеті – білімге  деген ұмтылыс. Қазақта «ала жіпті аттама» деген керемет сөз бар. Отанды сүю отбасынан және  мектеп қабырғасынан басталады. Осындай саналы ұрпақ өсіп келе жатқанда біздің болашағымыз зор болады, - деді «Адал ұрпақ» үйірмесінің қатысушыларымен тілдескен агенттік төрағасы  Алик Жатқамбайұлы.

Содан соң делегация мүшелері  мемлекеттік кірістер басқармасына барып, Шыңғырлау ауданының активімен, жұртшылығымен және бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті.

Жиында Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұхамбетжанова  ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Оның айтуынша,  15 мыңға жуық тұрғыны бар аудан  8 ауылдық округтен және 25 елді мекеннен тұрады. Ауданның биылғы  бюджеті 7 млрд теңгеден астам қаражатты құрайды. Бүгінде «Жұмыспен қамтудың  жол картасы» аясында бюджеттен екі млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып, мектеп, мәдениет үйлері мен ауылішілік жолдар күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасының  кеңсесі құрылған. «Adal komek» жобасы аясында әр аптаның сенбі күні жергілікті уақытпен сағат 10.00-де аудандық мекеме басшылары Facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырады екен.

-Агенттік «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» негізінде «Ашық бюджет» бірегей жобасын іске асыруда. Ол қоғамдық бақылауға және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға жаңа серпін береді. Оны іске асырумен агенттіктің аумақтық департаменттерінің қызметкерлерінен, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің мүшелерінен және азаматтық қоғам институттарының өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы айналысады. Сондықтан жұртшылықты жемқорлыққа қарсы технологиялардың заманауи құралдарын белсенді қолдануға шақырамын, - деді басқосуда сөз алған агенттік төрағасы аудандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған іс-шаралар кешеніне оң бағасын беріп. Сондай-ақ ол келесі жылы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыру жоспарланғанын атап өтті. Мемқызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастырып, парақорлық дерегі орын алған жағдайда тиісті құрылымдарға хабарлау керектігін жеткізді.

Оралда 200 бейнебақылау камерасы орнатылады

 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарының екінші күні Орал қаласындағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды  аралап, цифрландыру жобасы аясында атқарылған жұмыстарды бағамдады. Ол алдымен Орал қалалық №2  Халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан кәсіпкерлерге қызмет көрсететін «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінің мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске қажетті барлық қызмет көрсету үдерісі орталықтандырылған. Электронды қызмет көрсету аясында  құжаттарды рәсімдеу мен анықтамаларды алу мерзімі едәуір қысқарған.

-  Бизнесті қорғау және қолдау – агенттіктің басты басымдықтарының бірі. Тек биылғы жылдың он айында біз 300-ге жуық кәсіпкердің құқығын қорғап, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының 160 дерегінің жолын кестік, - деді А.Шпекбаев.

Содан соң агенттік төрағасы ғимараттың жоғарғы қабатында орналасқан  ситуациялық орталық пен 109 iKomek қызметімен танысты. 109 iKomek орталығының операторлары тәулігіне 700-800 қоңырауды қабылдап, өңдейді екен. Жоба былтыр наурыз айында жүзеге аса бастаған. Күні бүгінге дейін 120 543 қоңырау келіп түскен. Оның 22 704-і өтініш айту, 46 024-і кеңес алу, 51 815-і коронавирус індеті бойынша қоңыраулар болған. Яғни хабарласқандардың дені қаланы электрмен жабдықтау, көшені жарықтандыру, тұрмыстық қатты қалдықтар, сумен жабдықтау, қаланы абаттандыру, жол инфрақұрылымы төңірегінде өтініштерін  білдірген. Ал пандемия кезінде жұмыс істей бастаған  STOPCOVID.KZ порталына 600 мыңнан астам тұрғын кіріп, кеңес алған. Сондай-ақ осы желтоқсан айынан бастап «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Орал шаһарының 14 қиылысы бейнебақылаумен жабдықталған интеллектуалды қиылыс атанатын болса, оған қоса 40 жылдамдық өлшегіш құрылғысы, 200 бейнебақылау камерасы орнатылмақ.

Агенттік төрағасы бұдан кейін  «Protecting business and investments» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы сүйемелденетін «Кублей» және «Квант» кәсіпорындарының өндірістік тыныс-тіршілігімен және өнімдерімен танысты. Айта кетсек, екі жыл ішінде өңірде жалпы құны 853 млрд теңгені құрайтын жобаларды жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы 22 келісімге қол қойылды.

1DC96B5D-B09E-4012-A747-01D724E2B8C8

- Елбасы атап өткендей, экономиканың 60-70 пайызы шет елдердегідей жеке қолда болуы тиіс. Бұған қол жеткізу үшін біз жұмыс істеп тұрған бизнесті қорғап қана қоймай, болашақ кәсіпкерлерге жайлы, тұрақты және сыбайлас жемқорлықтан таза кәсіпкерліктің барлық жағдайлары бар екенін және жыл сайын тек жақсара түсетінін көрсетуіміз керек, - деп мәлімдеді инвесторлармен кездесуде А.Шпекбаев.

Агенттік басшысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, сервис және жаңа технологиялар колледжінде болып, сондай-ақ геопорталды дамытуға, мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және облыс әкімдігіне сервистік үлгіні енгізуге белсенді қатысатын «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметіне ден қойды.

Делегация назарынан ата-аналары бас тартқан ерекше қажеттіліктері бар балалар да назардан тыс қалмады. А.Шпекбаев пен қоғам өкілдері Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, оларға жасалған жағдаймен қанықты.

 

«БҚО-да мемқызметшілердің жауапкершілігі жоғары екеніне куә болдым»

 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмыс тобы Батыс Қазақстан облысына жасаған екі күндік жұмыс сапарын азаматтық сектор өкілдерімен, облыс активімен, бизнес қоғамдастығы және журналистермен кездесумен қорытындылады. Басқосуды облыс әкімі Ғали Есқалиев жүргізді.

- Тәуелсіздікке дейін еліміз қиын жағдайларды бастан өткерді. Кеңес Одағы кезінде  қирап, экономикасы мен әкімшілік пәрмені әлсіреген, кешегі империяның бір бөлшегі едік. Бостандықтың таңы атқалы өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Дербестігіміздің 30 жылдығына да аяқ бастық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен бұқара арасындағы «көпірді» нығайтуға күш салып келеді. Оның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы көмескіленген көп істің көлеңкесіне сәуле түсірді. Ұлтқа қызмет ету үшін «Адал көмек» жобасына жетекшілік етудемін. Сонымен қатар «Халық үні» жобасының авторы және жетекшісімін. Ел ішінде орын алған  тұрмыстық түйіткілдердің толығы дерлік азаматтардың құқығын білмегендіктен орын алатыны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Адал көмек» жобасы аясында  әлеуметтік әлсіз топтарға тегін құқықтық кеңес беремін. Жыл басынан басталған жобаның игілігін 30 мыңнан астам қазақстандық көрді. Олардың басым бөлігі көп балалы және жалғыз басты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, аз қамтылған отбасылар, жетімдер және тұрмыстық  зорлық-зомбылық көрген әйелдер. Жоба Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. «Халық үні» атты авторлық жобам да аз уақыт ішінде қоғамнан қолдау тапты. Өйткені ол жобаның мақсаты – халық үнін билікке боямасыз жеткізу, - деді елімізге танымал заңгер Айман Омарова.

Жиында сөз алған «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Төлеген Байгулов жобаның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, «Адалдық алаңының» негізгі мақсаты – сыбайлас  жемқорлықты жою және оған мүлдем төзеушілік қағидатын қалыптастырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ кеңсе қызметкерлері бүгінде экология мәселесіне, жол сапасын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметін тексеруге баса көңіл бөлуде.

Басқосуды қорытындылаған агенттік төрағасы А.Шпекбаев облыстағы жұмыс сапарына тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өзекті мәселелері мен агенттіктің бір жылдағы жұмысы туралы  баяндады.

0083AE4E-812F-4CCF-81B8-0132843D46AC

- Еліміздің басты құндылығы – ынтымақ, бірлік, ауызбіршілік. Осы құндылықтардың арқасында мемлекетіміз өсіп, өркендеп, дамып келеді. Батыс Қазақстан облысына келгенде халықтың әл-ауқаты жақсарғанына куә болып жатырмыз. Бөрлі, Шыңғырлау аудандарына барып, тұрғындармен кездестік. Ауылдарда бой көтерген жеке тұрғын үйлердің деңгейін қарасаңыз, қаладан кем түспейді. Егер адамның қаражаты болмаса, ондай үйлерді сала алмайтыны анық. Республикалық маңызы бар жолдардың кейбіреуінің сапасы сын көрмейді. Ал бұл облыс орталығының аудандармен қатынайтын жолдарына келсек, сапалары жақсы. Тасжолдарды салу, күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары  жоспарлы жүзеге асуда. Ауылдарда газ, су бар. Көшелері де самаладай жарық. Сауда нысандары, спорттық кешендер, мәдениет үйлері бой көтеруде. Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанығып, риза болып отырмын.  Орал қаласында көппәтерлі тұрғын үйлер көптеп салынуда.  Байқасаңыз, барлық  облыста мұндағыдай «Квант» және «Кублей»  секілді кәсіпорындар жоқ. Сол серіктестіктерде қызмет ететін жұмысшылармен тілдескен кезде көздерінен еңбекке деген құлшынысты байқадым. Кей облыстарда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әлеуметтік орталықтардың басшылары балаларға бөлінген қаржыны жымқырып, істі болып,  бүлдіршіндерге  адам аярлықтай жағдай туғызып отыр. Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барғанда  ғимараттың материалдық жабдықталуы мен тәрбиешілердің балаларға деген мейіріміне көңіліміз толды. Жалпы облыста мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі жоғары екеніне куә болып отырмын. Сол үшін облыс әкіміне және Ақжайық тұрғындарына   алғыс айтамын. Қазіргі уақытта Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының үшінші пакетін Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа берді. Бұл – жемқорларға айтарлықтай әсер ететін ең мықты түзетулер. Атап айтқанда, шенеуніктер үшін шетелдік банктердегі шоттарға тыйым салынады, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату жойылады. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар бұдан былай лауазымды тұлғалардың басқа санаттарына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін көбірек жаза алатын болады», - деп Алик Жатқамбайұлы. Содан соң ол қабылдауға келген әр тұрғындарды тыңдап, азаматтардың түйткілді мәселелерін шешу бойынша тиісті  сала мамандарына  тапсырмалар берді.

                  

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале